Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өзгерістің қажет екені бұрыннан байқалатын»

13.03.2026, 11:20 76

Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін айқындайтын ең басты құжат. Қоғам дамып, уақыт талабы өзгерген сайын Ата заңның да мазмұнына жаңаша көзқарас қажет болатыны анық. Осы орайда конституциялық реформаның мәні, жаңа жобадағы негізгі өзгерістер мен олардың ел болашағына ықпалы туралы заң ғылымдарының кандидаты, адвокат, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Алтаев Ерлан Амангелдіұлымен сұхбаттасқан едік.

Конституциялық реформаның маңыздылығын бір ауыз сөзбен түсіндіре аласыз ба? 

 Конституциямызды жаңалайтын кез келді. Не себепті? Ең алдымен Әзірбайжан елінің ғалымы Жәңгір Керімовтың ойларын келтірсем «…заңның қисынының бұзылуы, оның түсінігінің, құрылуының нақты еместігі, пайдаланған терминдердің айқын еместігінен көптеген сұрақтар туындайды, өзгертулер мен толықтырулар жасауға, түсіндірмелер мен түсініктемелер беруге соқтырады, уақыт, күш пен энергияны жөнсіз кетіруге алып келеді, бірмезетте бюрократиялық бос әурешілікке салушылық үшін негіз бола отырып заңның мәнін бұрмалауға және оны дұрыс қолданбауға мүмкіндік береді». 

Елімізде әрекет етуші Конституция 1995 жылы қабылданып, оған 8 мәрте өзгерістермен толықтырулар енгізлді. Әрбір өзгеріс басты заңымыздағы жай қарай салатын дүниелерге емес, билік, күш, әрекеттесу, шектеу және тағы басқа осы бағыттағы баққа не таққа таласудың салдары болды деп те айтуға болады. Әрбір өзгеріс адамзатты бақытты етемін деген мақсатты көздеді деп айта алмаймыз. Одан бөлек нормалар арасындағы қақтығыстарда, қисынсыздық та пайда болды. Мысалы, 1-39 баптары жалпы ережелер және адамзат құқықтарына арналған екі бөлім екені белгілі. Бұл нормаларға 2022 жылғы Конституциялық реформаны қоспағанда тұжырымдамалық сипаты өзгеретіндей толықтырулар не өзгертулер болған емес. Ал аталған бап нормаларында заман талабына сай жаңарулар қажет екенін бұрыннан байқалатын. 

– Демек, бұрыннан осылай болуы керек еді деп айта аламыз ба? 

– Иә. Бұл өзгерістер бұдан ертерек те жасалуы керек еді.

– Жаңа жобадағы негізгі өзгерістер қандай?

Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлға ел билігінен шеттетіледі. Жаңа жобада көптеген институттарға өзгерістер енгізіледі. Құрылтай, Вице-президент, Халық кеңесі деп аталатын қалыптасқан үрдістен мүлдем өзгеше субъектілермен қатар, халық арасынан шығатын мемлекеттік билікке тек сотталғандығы бар тұлғалар ғана емес, сонымен қатар өмірінде бір мәрте болса да сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ (36 бап) деген норма алғаш рет қалыптасты. Бұл норма арқылы елімізде қазіргі таңда ең қауіпті індет сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалар ел билігінен алыстатылады. Әрине арнайы мемлекеттік қызмет туралы заңда да бұл арнайы көрініс табады деп ойлаймын.

Құндылықтар қамтылды

Жобада бұрын соңды болмаған мынадай норма қалыптасты (3 бап): 

«1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.

2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды». Бұл норма ел идеологиясының қандай бағытта болу қажеттігін айқындап отыр. Бір сөйлемнің ішінде адамзатқа және қоғамға шынайы қажетті құндылықтарды қамтылып отырғанын көреміз. 

Дін мемлекеттен бөлек немесе зайырлылық сипаты

Дін және оның қоғам өміріндегі ролі туралы зайырлы ел бола тұра, радикалды тұжырымдардың қоғамға қатты сіңіп, мемлекеттілігіміздің шайқалуына әсер етіп, оған мемлекеттің қауқарсыздығын көріп біліп отырғанда шешімін таба алмаған бұл проблемаға жаңа жоба нүктесін қойды деп есептейміз. Жобаның 7 бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп анық көрсетіп берді. Тағы бір осы тұрғыда, барлық дінге көзқарас ортақ дей отырып, кейде зайырлы ел екенімізді біле тұра, арнайы норманың болмау салдарынан білім және ғылым ордаларында артықшылықтарды талап ететін жағдайлар болып тұратын. Соның бірі оқушы баланың киіміне қойылатын талапты білім министрлігі реттегісі келгенімен, конституциялық тұрғыдан шектеулі болуына орай қауқарсыз болатын. Бұл жағдайға да жоба нүктесін қойды. Жобаның 33 бабының 5 тармағындағы «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп жазылған норма ендігі жерде білім ордаларында ешкімнің ешқандай артық талап қоюға құқығы жоқ екенін айқындап берді.

Азаматтықты тоқтатудың негізі жасалды

Жобаның 12 бабында «Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады» деген норма қалыптасты.  Қазіргі басты құжатта «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп шектелген. Егер еліміздің азаматы басқа елдің де азаматы болып шықса, біз оған оның болмайды, ондағы азаматтығыңыз бізде танылмайды деп қайыруымыз керек. Бұл әрине абсурд, ақылға қонымсыз. Ал жобада ұсынылған норма бұл жағдайды тиісінше реттейді.

Конституциялық соттың мәртебесі одан әрі жоғарылауда. Ендігі жерде Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері осы түсіндірмедегідей қолданылуға тиіс. Сонымен қатар Конституциялық Сот орындалуы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, оның ішінде жекелеген ережелері орындалмауға тиіс (75 бап). Бұрын болмаған бұл норма Конституциялық соттың шешімінің тек қарары ғана емес оның уәжін де дәлме дәл қабылдау қажет екенін көрсетеді. Ал халықаралық құқық нормалары ендігі жерде ел мүддесіне қайшы келетін болса, оған да Конституциялық сот солай баға берсе, басқаша болуы мүмкін емес дегенді білдіреді.

Адвокат-қорғаушы статусы және Миранда ережесі

Адвокат-қорғаушы статусы енді Конституциялық тұрғыдан айқындалды. Бұны жарыспалылық қағидасы дамуының жаңа бір сатысы деп тануымыз қажет. Әрине адвокатура саласы үшін бұл әзірге бірінші қадам. Дегенмен басында айтып өткеніміздей бірінші қадам әрдайым қиын (86 бап). 

Миранда ережесінің жобада бой көтеруі қуантарлық жағдай. Бұған дейін қылмыстық процестік кодекстің 131 бабында болуымен шектеліп келген. Алайда кодекс, білесіздер, иерархия бойынша 3-4 санаттағы заң құжаты (Конституция, Конституциялық заң, ратификацияланған халықаралық құжаттар). Енді жобаның 18 бабының 3 тармағында «Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндіріледі» деп айқын орналасты. Бұны да жақсы қадам деп білеміз.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұқбаттасқан Саят АСҚАР,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: