Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақиқаттың жолы қашанда ауыр

12.03.2026, 8:00 76

Өткен жылдың қараша айында жарық көрген «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабы облысымыздың ғана емес, еліміздің діни-тарихи, мәдени-рухани өмірі үшін тың жаңалық болғаны сөзсіз. Кітаптың салтанатты тұсаукесеріне Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтің арнайы қатысуы тарихи деректі еңбектің маңыздылығын айғақтай түссе керек. Жақында кітап авторларының бірі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрсұлтан Мықтыбаймен жолығып, аталған еңбектің жазылу тарихы мен ондағы құнды деректер туралы әңгіме өрбіткен едік.

Еліміз бойынша бір мешітке бұрын-соңды тұтас кітап арналмаған. Бұл – алғашқысы. Кітаппен мұ­қият танысқан адам оның өңір шежіресіне қосылған өлшеусіз еңбек екенін бірден аңғарады. Бір ғана мешіттің төңірегінде болған оқиғалар, әр кезеңдегі саяси жағдайлар жан-жақты тарихи деректер­мен дәлелденіп, дәйектеле түскен. Жалпы, кітаптың бас­ты ерекшелігі – онда бұрын-соңды еш жерде жария­ланбаған, осы уақытқа дейін айтылмай келген тың, тосын, құнды  мәліметтер  молынан  қамтылған.

Нұрсұлтанның айтуынша, «Айтбай» мешітінің тарихын індете зерттеп, кітаптың жарық көруіне бірден-бір себепші болған – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы  бойынша  өкілі  Дастан  Құрманбаев.

– Біз тарихи мешіттің алғашқы зерттеушілері емеспіз. Олай деп ұрандатып, жалаулатудан аулақпыз. Дастан бауырымыз 2020-2023 жылдары осы мешіттің бас имамы болған. Сол кезде оның тарихын зерт­теуді қолға алып, түрлі мұрағат пен мекемелерге сұрау салып, имандылық үйінің құжаттарын іздестіруді, түген­деуді қолға алған. Бірақ бәрі нәтижесіз аяқталған. Кейіннен құлшылық үйін «иемденушілер» көбейген. Осыдан кейін Дәкең біраз тілші, ғалымдарға: «Мешіт тари­хын зерттейік. Біздің облыста бұдан басқа ең көне  діни   ғимарат жоқ» деген ұсыныспен шық­қан көрінеді. Дегенмен, көбісі бас тартқан. Дәкең  маған да  біраз  уақыттан  бері  айтып  жүрген. Шыны керек, басында мән бермедім. Кейін­нен  тағы  бір айт­қанында  интернеттен қарап көріп едім,  мешіт  тура­лы  бар  ақпарат,  расымен  де, 5-6 сөйлемді ғана  қамтиды  екен.  «Жоқ тарихты қалай табамыз? Қиын жұмыс екен ғой» деп қорқасоқтадым. Содан былтыр сәуір айында Дастан  Жанасұлымен болған ұзақ  әңгі­меден кейін «Айтбай» мешітінің тарихын зерттеуге, ол туралы  айтылып жүрген әңгімелердің рас-өтірігін  анықтауға, оның  салынған  уақытынан бастап  бүгінгі  күнге  дейінгі  хронология­лық тізбегін жасап шығуға бел будық. Ғибадат үйінің бас имамы Асхат Асқарұлы да бірге жұмыс істеуге дайын екенін айтып, барлық шығынды өз мойнына алды. Айрықша атап өтетін нәрсе, үшеу­мізде ортақ келісім болды. Ол – тек мұрағаттық  деректер  мен нақты құжат­тарға ғана сүйену. Бірде-бір дәлелі болмаса, «анау айтыпты», «мынау  былай дейді»  деген  негізсіз  әңгімелерден аулақ  болуға  уағдаластық, — дейді  ол.

Авторлар Сыр өңіріндегі ескі мешіттің тари­хын зерттеуге 8 ай уақыт жұмсаған. Құлшылық үйі­не байланыс­ты болған олқылықтың орнын тол­тыру мақсатында  тек еліміздегі ғана емес, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петер­бург, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарда, көрші­лес Ташкент шаһарындағы  Өзбекстан  Рес­пуб­лика­сы­ның  Ұлттық  архивінде  жүйелі  түрде  жұмыс  істеп,  айрық­ша  еңбек  еткен.

Тарихи еңбектің тағы бір ерекшелігі – оған үлес қосқан, мешіт туралы деректерді табуға көмектескен түрлі мекеме қызметкерлерінің аты-жөндері кітапта толық жазылып, жұмыс барысы­нан  суреттер  берілген.

– Басында «Мұрағат, кітапхана, музей секілді мекемелерден қандай дерек табылады екен?» деген қызығушылықпен бастағанбыз. Біртіндеп құжаттары табыла бастаған соң, зерттеу ауқымы кеңейіп, өзіміз қалай беріліп кеткенімізді білмей қалдық. Мәселен, біздің облыстық мемлекеттік архивте 3 жарым ай бойы жұмыс істедік. Сонда осы сала мамандарының ауыр жұмысына куә болдық. Аталған архивтің І санатты архивисі Фари­за Мұратпаева апамыз құлшылық үйіне байланысты  құнды  құжаттарды  алғаш  болып тауып, үлкен көмек көрсетті. Арғысы 1939 жылдан басталып, бергісі 1989 жылмен аяқталады. Бұрын жарық көрмеген, еш жерде жарияланбаған құжаттар!  Міне, әр салада, түрлі мекемедегі осындай  жандардың арқасында  ғана  мешіт тарихы  түгенделді. Мұндай өз  ісіне  берілген мамандардың жанкешті еңбектерін көре отырып, барлық «атақты» өзіміз иеленуді жөн көрме­дік. Кім  қалай көмектесті, қандай дерегін тапты – кітапта сол кісілердің жұмысын көрсетіп, аты-жөндерін түгел жаздық. Біріншіден, бұл – осындай жандардың еңбегіне тағзым. Екінші­ден, кітаптағы деректерге күмәнмен қараған адам онда келтірілген дереккөздерді пайдаланып, өздері барып танысуына болады, — дейді Н.Мықтыбай.

Десек те, қолда бар құжаттармен бөліспей, бастарын ала қашқан мекемелер де болған көрінеді. «Мүлдем жауапсыз қалған хаттарымыз қаншама? — дейді кейіпкеріміз. – Мешіт десе, «Онымен тек мүфтият пен дін істері басқармасы айналысуы керек», «Ол туралы хаттарға осы екі басқарма ғана жауап беруі қажет», «Мешітте қандай тарих болушы еді?» деген қасаң түсінік көп жерде бізге қолбайлау болғаны жасырын емес».

Авторлар Алматыдағы маңдайалды мемле­кеттік мекеменің ведомоствалық архивінің қызмет­кері сұратқан құжаттарды іздеп отыруға уақытының жоқтығын айтып, ақырында: «Моя зарплата не позволяет этого» деп дүрсе қоя берген кездерді де бастан өткерген. Міне, «Айтбай» мешіті туралы кітап жазбақ түгілі, оның тарихы туралы мәліметтерді іздеу қаншалықты қиынға соққанын  осыдан-ақ  салмақтай  беруге  болады.

Енді «Айтбай» мешітінің тарихына келсек. Жасыратыны жоқ, қызылордалықтар үшін аталған мешіттің орны бөлек. Себебі, ол облысымыздағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сәулет өнерінің де ең ескі ескерткіші саналады. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда облысының орталық мешіті болған мұндай көне әрі тарихи мешіттің маңызы өте зор. Өйткені, жамағат құлшылықтан бөлек, көненің көзін іздеп келе­ді, шежіресіне құмар­тып тұрады. Десек те, «Айтбай» мешіті өзінің 150 жылдық тарихында басы­нан талай ақтаңдақ кезеңдер мен нәубетті жылдарды өткізіпті. Діни ғимарат талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Ел егемендігін алып, етек-жеңімізді жина­ған тұста да мешіттің айналасында түрлі дау арылмаған.

– «Айтбай» мешітінің іргетасы 1875 жылы қаланып, құрылыс жұмыстары 3 жыл бойы жүргізілген. Оны салған, қаржы бөлген Айтбай Балтабаев деген өзіміздің жергілікті ауқатты қазақ. Неге ұзақ салынды дегенге келсек, мешіт құрылысына пайдаланылған «Николай кірпішін» Қазалы бекінісіндегі кірпіш зауытынан Перовскіге түйемен тасыған. Ол кезде жол ұзақ, қазіргідей тасжол, теміржол, басқа да қызметтер жоқ. Мешіттің құрылысы 1878 жылы аяқталып, пайдалануға  берілген. Құлшылық үйі бастапқыда 10 жылдай бос тұрған. Келушілер аз болған. Осы себепті Айтбай бастаған жергілікті дәулетті кісілер ақылдаса келе, Түркістаннан білімді молда шақыруға келіседі. Түркістанға арнайы делегация барып, молда таңдап, Ысқақ Ғайыповты Перовскіге алып келеді. Ол кезде Сырдариядан салмен өтеді екен, Ысқақты отбасымен салмен өткізеді. Олар «Айтбай» мешітінің қорасына қоныстанады. Ысқақ молда мешітте бас имам, інісі Жолдас  азаншы  болады, — дейді  кітап  авторы.

Содан мешіт 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін халыққа қызмет етіпті. Осы төңкерістің нәтижесінде орнаған Кеңес өкіметі оның есігіне құлып салып, күмбезін сары түстен көк түске боятады. Имандылық үйіндегілер «кертартпа мұсылмандар», «ескі салт-дәстүрді жақтаушылар» деген  желеумен қуғындалған. Құлшылық үйі 1926 жылдан бастап ғана қала билігінің шаруашылық бөліміне беріліп, 10 жылдан аса уақыт бойы қойма болыпты. 1937 жылдан бастап мешіт Сыр өңіріне күштеп жер аударылған корей халқының отбасыларына арналған тұрғын үйге айналады. Ал 1938 жылдан бастап діни ғима­ратта педагогикалық курстарға арналған жатақхана мен мал өсірушілер мектебі, жанындағы имамдар үйінде Халық Комиссариатының ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын уәкілдігі орналасады. Бір жылдан кейін мешіт ғимараты Қазақстан Коммунистік  партиясының ұйым­дастыру комитеті мен облыстық коми­тетінің 1939 жылдың 19 тамызындағы №120 бірлескен қаулысымен  корей театрына беріледі. Оны  театр­ға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, 300 орынға арналып қайта жабдықталады. Осылайша, 1942 жылға де­йін корей театрының қарамағында болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында ғибадат үйі Қызыл­орда қала­сындағы зауыттарға  әкелінген жұмысшылар  тұратын жатақхана болған. Одан кейінгі 1950 жылдарда кинотеатр, кейіннен мектеп-интернат, ал 1970-1978 жылдары тоқыма цехы ретінде жұмыс істейді. 1979 жылы  көркемсурет  галереясы  болады.

– 1979 жылы Халық депутаттары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен «Айтбай» мешіті орналасқан аумақта «Прибрежний» шағын ауданын құру және онда 3 қабатты тұрғын үйлер салу жоспарланады. Осы шешімге сәйкес, мешіт ғимаратын сүруге бұйрық беріледі. Дегенмен, сол жылдың 22 наурызында Қызыл­орда облыстық мәдениет басқармасының бас­тығы Үмбетов Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Бәкіровке арнайы хат жазып, мешітті мемлекеттік қорғауға алу туралы өзінің ұсынысын жеткі­зеді. Басқарма бастығы өткен ғасырдан келе жатқан сәулеттік маңызы зор мәдени ескерткішті жермен-жексен етуге түбегейлі қарсылық білдіреді. Жиырма күн бойы жүрген біраз талас-­тартыс, талқылаудан кейін 11 сәуірде Халық депут­аттары Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің №213 шешімі шығып, ол мемлекеттік қорғауға алынады. Егер сол кездегі Қызыл­орда облыстық мәдениет басқармасының бас­тығы Үмбетов болмаса, бүгінде «Айтбай» мешіті де болмайтын еді. Міне, ғибадат үйі салынғанына 101 жылдан кейін қолдан жасалған бір «апаттан» аман қалады. Бір өкініштісі, біз осы кітапты жазу барысында Үмбетов туралы ақпарат таба алмадық. Басқарма, архивтегілер көмектесе алма­ды. Ең болмаса, есімін толық жазғымыз келген. Бірақ кітапқа қысқарған күйінде енді. Тек кітап пен фильмнің тұсауы кесілген кештен кейін оның туыстары хабарласты. Жарылқасын ағамыздың қызы Ақмарал апайымыз Алматы қаласында тұрады екен. Кейіннен Алматыға арнайы іздеп барып, кітапты сыйға бердік, — дейді Нұрсұлтан.

1980 жылы тамыз айында Қызылорда облысына өңірдегі тарихи маңызы бар нысандардың тізімін жасақтау үшін арнайы тапсырмамен таны­мал сәулетші Алексей Проскурин өзінің жұмыс тобымен келеді. Сонда «Айтбай» мешіті алғаш рет құжаттандырылып, паспорты жасала­ды. Сол жылдары мешітке қайтадан тоқыма цехы  орналасқан екен. Ал 1982 жылы «Қызыл­ордақалпынакелтіру» мекемесінің ғылыми-арна­улы шеберханасына беріледі. Осы жылы мешіт республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енеді. Сәйкесінше, қайта қалпына келтіру жұмыс­тары басталады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмайды.

– 1988 жылдың қаңтар айында мешіт ғимаратын облыстық филармонияға беру туралы шешім қабылданады. Мақсаты – камералық музыкаға арналған тыңдау залы ретінде пайдалану. Осыған орай, мешіттегі қалпына келтіру жұмыстары толық тоқтатылып, алғашқы жоба­ға өзгертулер енгізіледі. Жаңа жоба бойынша мешіттің ішіндегі үлкен залға сахна құрылып, темір құрсаулар орнатылып, концерт залына лайықтау үшін қызу жұмыстар жүргізіледі. Міне, сонау қылышынан қан тамған патша заманында ашылған имандылық үйі арада 110 жыл өткенде, мамыражай дәуір саналатын кезеңде концерт залына айналып шыға келеді. Ішінде қасиетті Құран үздіксіз оқылуға тиіс ғимаратта енді даңғыр-дұңғыр, дабыр-дұбыр әуен айтылатын болады. Деректерге сүйенсек, мешіт ғимаратын облыстық филармония залына бейімдеу жұмыс­тарымен қатар, оның алғашқы концертіне де дайындық қызу жүріпті. Бірақ, Алланың қалауы болар, мешіт филармонияға айналмайды, ішінде концерт те қойылмайды. Оған ұлт мәдениетінің жоқтаушысы, қандай қызметте болмасын елдіктің ерен үлгісін танытқан мемлекет және қоғам қайраткері  Өзбекәлі Жәнібеков себепші болады, — дейді  Нұрсұлтан.

Оның айтуынша, Өзағамыздың еңбегі бұрын-соңды еш жерде айтылмаған. Осы зерттеу кезінде алғашқы рет белгілі болыпты. 1988 жылдың ортасында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Ө.Жәнібеков Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келеді. Облыстық атқару комитетіндегі қаптаған жиналыстардан соң, жергілікті тұлғалармен кездесіп, пікір ал­масады.

– Өзбекәлі ағамыз алдымен шіркеуге барады. Ондағылар шіркеуді кері қайтарып алғанын, аздаған жөндеу жұмысынан кейін келесі жылы қайта ашылғалы жатқанын жеткізеді. Мұны естіген Өзағамыз жанындағылардан «Мешіт ше?» деп сұрайды. Олар хабары жоқ екенін айтады. Содан шіркеуден шығып, «Айтбай» мешітіне тура тартады. Өзекең мешіттің жағдайын сұрас­тырады да, ертең қайта келетінін айтып асығыс шығып кетеді. Содан ертеңіне құлшылық үйінде үлкен жиналыс болады. Оған облыстық атқару комитеті мен жауапты басқармалардың шенді-­шекпенділері түгел жиналады. Сәулетші Біртай Бижанов Өзағамыздың қатты ашуланғанын сол жиында бірінші рет көргенін айтады. Осы жина­лыста мешіттің мәртебесі де көтеріледі. Сонда Өзағамыз: «Мешіт мешіт болып қалуы керек. Осы бағытта жұмыс істеңіздер!» деген бір-ақ ауыз сөз айтыпты. Жауапты басқармадағылар мешіттің ауласында тұрғын үй орналасқанын, ішіндегі отбасыны көшіруге бюджетте қаржы жоқ екендігін алға тартқанда: «Келесі жылдың бюджетінен қарастырыңыздар. Алдымыз қыс. Көктемге дейін мәселені шешу қажет» дейді Жәнібеков салқын үнмен. Біртуар тұлғаның осы сапарынан кейін мешіттегі тоқтап қалған жұмыс тез арада жанданып, күрделі мәселелердің шешімі табылады. Мешітке бастапқыда жасалған қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Сол жылы көктемде діни ғимарат мешіт ретінде қайтарылып, жамағатқа есігін айқара ашады. Осылайша, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында «Айтбай» мешітінің «ескілікке» баланып, әрі салса жатақханаға, бері салса қоймаға айнал­ған қасіретті кезеңдері аяқталып, өзінің шын мәніндегі бастапқы нысаналы мұратына  қол жеткізеді, — дейді  әріптесіміз.

Осы уақытта дейінгі бір деректерде мешітті Мырқы қажы Жарасбаев, келесі ақпараттарда Айтбай Шілдебаев, үшінші мәліметте Айтбай Нысанбаев салды деп жазылып келген. Ал оны салған Айтбай Балтабаевтың есімі ұмыт қалған. Кітап  авторлары  архив құжаттарына сүйене отырып, оны дәл осы  Айтбай  Балтабаевтың  сал­ғанын  дәлелдеп  шыққан.

– Ең  бірінші  дерек – ел  ішінде «Шіркеу кітабы»  аталып  кеткен  көне қолжазба. Ол ұзақ жылдар бойы шіркеуде сақталып, кейіннен облыс­тық архивке өткізілген. Оны Филимон әкей жүргізген. Осы кітаптағы жазбаға сүйенсек, «Айтбай» мешітінің құрылысы 1875 басталып, 1878 жылы толық аяқталған. Оны Айтбай Балтабаев атты қазақ салған. Қолжазбаның келесі бір бөлігінде Айтбайдың бай екені,  мешітті  салған  кезінде 34-37 жас шамасында болғаны көрсетілген. Мешітті  Айтбай  Балтабаевтың салғаны тура­лы тағы бір құнды дерек  орыс тарихшысы әрі   этногр­аф   Александр Добросмысловтың 1912 жылы Ташкентте басылған «Города Сырдарьинской области» атты еңбегінде сөз болады. Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің және Ғылыми мұрағат комиссиясының мүшесі болған ол Сырдариядағы 5 бірдей үлкен қаланың тұрмыс-тіршілігін сөз еткен кітабында «Айтбай» мешіті мен оны салған Айтбай Балтабаевқа да айрықша тоқталады. Бүгінде бұл кітаптың еліміздегі жалғыз түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кiтапханасындағы Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қыз­метінде  сақтаулы  тұр, — дейді  Н.Ертуғанұлы.

Сыр өңірінде А.Балтабаев есімді тұлғаның болғанын, оның жай ғана адам емес, өте ауқатты қазақ екенін мұрағаттағы құжаттар арқылы тұңғыш дәлелдеген өлкетанушы Сағат Жүсіптің еңбегін ерекше атап өткен кейіпкеріміз мешітті салғанымен, көп қорлық көргенін тілге тиек етті.

– Кеңес өкіметі Қазақстанда алғаш болып Перовскіде орнаған. Ал осы қаланың атқару комитетінің төрағасы болып сайланған Иосиф Гержод Айтбай Балтабаевты қудалап, ізіне шам алып түскен. Ел арасында «көржұт» атанған озбыр, жауыз Гержод онысын өзінің «Соңғы парад» атты мемуарлық кітабында ашықтан-ашық жазады. «Перовскіде ең ірі капиталист болып Айт­бай Балтабаев саналатын, екінші санаттылар­ға Әбдірахманов, Әминов, Ниязов, Ғазизов және вино зауыты бар Иванов жататын. Бал­табаев сияқты миллионер байлармен салт-дәстүр саласында келіспеушілік орын алды. Зарқұм Қуаны­шов қарақшы болғаны үшін абақтыға қамал­ды, Лапиндер жаңа өкіметке қарсы болды» деп келтіреді. «Кәріжұт» Гержодтың Балтабаев­ты қудалауы ол билікке келген 1918 жылдың басы­нан басталған. Себебі, осы 1918 жылдың 20 мамырында Балтабаев бастаған Перовскінің көзі ашық кісілері тұрғындарды басып-жаншып, зорлық-­зомбылық көрсетіп, жауыздығымен зарлатып жатқан Гержодтың барлық іс-әрекетін баян­дап Ташкенттегі Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесiне хат жазады. Хатта Гержод төраға қызметіне кіріскен бойда уезд тұрғын­дарына 3 миллион сом салық салғанын, Ақмола облысына экспедиция жабдықтау үшін 4000 бас түйенің жергілікті тұрғындардан тартып алын­ғанын, Перовск түрмесінде ешқандай кінәсі жоқ 300-дей адамның қамалғанын, оның жанында тұрғындардан не керектiң бәрiн қорқытып алатын бiрнеше басбұзар-тыңшылар әрекет ететінін ашық  көрсетеді, — дейді әріптесіміз.

Балтабаевтар 4 ағайынды, әрқайсысының жеке кәсібі бар үлкен әулет болған. Әлгі хаттан кейін И.Гержодтың тапсырмасымен Атқару комите­тінде «Балтабаевтар ісі» деп аталатын арнайы іс ашылып, төрағаның жендеттері олардың әрқайсысымен жеке-жеке «айналыса» бастайды. Оларды қуғындау басталғанда, Айтбайдың інісі Фехретдин Балтабаев Ташкентке қашып үлгереді де, қалған Файзыбай және Шамсутдин атты інілері абақтыға қамалады. Кейін Файзыбай Балтабаевтың қазіргі Шиелі ауданындағы өндірі­сі мен мүлкі толықтай тәркіленеді. Ал Шамсутдин Балтабаевтың қора-қора малын бір күнде арзан бағамен сатқызып, қаржысын өз қалтасына  баса­ды.

Айтбайдың өзіне келсек, оның бірнеше азық-түлік дүкені, мал бордақылау пункті, тері өңдеу зауыты,  қасапханасы  және  шағын базары болған. Перовскіде екіқабатты зәулім үйді тек Айтбай  салған. Осының  бәрін Гержод тәркілеткен. 1919 жылдың аяғында Гержодтың озбырлығы шектен шығып, оның жеке бұйрығымен бір күнде 200-ден астам адам заңсыз атылып, қара­пайым халық мал-мүлкінен айырылады. Одан әбден зәбір көрген жұрт босқынға ұшырап, елден  жыраққа ауып кетуге мәжбүр болады. Төраға олардың көбісін Ақмола, Торғай, Арысқұм, Қарақұм өңiрлерiне барар жолда қуып жетіп, атып тастап отырған. Сондай 1920 жылдың қаңтар айында Айтбай Балтабаев бастаған 10 шақты отбасы бір түнде Ташкентті бетке алып, шекара  асып  кетеді.

Мешіт тарихын зерттеушілер А.Балтабаевтың ұрпақтарын іздеп бірнеше рет Өзбекстанға сапар шегіпті. Сонда оның  онда  көп тұрақ­тамай, Ауғанстанға өтіп кеткені анықталған. Кетерін­де мешіттің бірнеше құжаты мен сурет­терін «Артым­нан іздеп келсе беріңдер» деп көршілеріне тастап кетіпті. Ол туралы кітапта егжей-тегжей­лі  жазылған.

Құлшылық үйінің 150 жылдық тарихын тұтас қамтуға тырысқан энциклопедиялық жинақта ондағы құдық пен жерасты жолы да кеңінен сөз болады. Сол секілді, Сүлеймен ишанның имам болмағаны, Әбдірахман би Тәжіқожаұлының мешіт іргетасын қаламағаны мұрағаттық құжаттармен  дәлелденген. Дей тұрғанмен, кітапқа енбей  қалған  мәліметтер  де  бар  екен.

– Мешіт тарихын зерттеп жүргенде онда еңбек еткен, тікелей немесе жанама қатысы бар көптеген кісіге хабарластық, — дейді Н.Ертуған­ұлы. – Көбісі «есімде ештеңе жоқ», «білмеймін» деп құтылды. Дегенмен, кітап шыққаннан кейін: «Бізден сұрағанда ананы айтатын едік, мынаны айтатын  едік»  деп  сын  айтушылар  көбейді. Соның  бірі – мешіт табалдырығына көмілген, «Айтбай Балтабаев» деген жазуы бар үлкен тас. Ол ғибадат үйіне 2001 жылы жасалған қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде табылған. Бірнеше мешіт қызметкері: «Ол тас облыстық музейге өткізілді» дейді. Соны музейге барып ерінбей іздедім. Ондай тас өткізілмеген. Содан оны мұражайға тапсыруға алып кеткен 3 адамның үшеуіне де хабарластым. Біреуі: «Музейге барғанда көліктің ішінде қалдым» десе, екіншісі: «Жарты жолдан түсіп қалдым» дейді. Осылайша, мешіт тарихы үшін құнды жәдігердің тағдыры белгісіз  күйінде  қалды.

Деректі еңбек жарық көргеннен кейін Нұр­сұл­танға  өкпелеген  әріптестері  де  болыпты.

– Біраз әріптесімнің наз айтқаны рас. Мысалы, біреуі «Айтбай» мешіті Қызылорда астана болған уақытта салынды» деп жазып жүр екен. Бірақ кітапта: «Ол үшін бірде-бір авторды кінә­лаудан аулақпыз» деп ескерттік. Біз тек мешітке қатысты әңгімелердің аңызы мен ақиқатын, өтірігі мен шынын ажыратқымыз келді. Ол мақсатымызға жеттік деп ойламын. Одан бөлек, зерттеуді енді бастаған уақытта кейбір кісілер оның ақырын күтпей, түрлі әңгімеге еріп, «ескертулермен» қоңырау шалды. «Сотта кездесеміз» дегенге дейін барды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева апам: «Шындық та теңіз түбінде жанатын шам секілді» дейтін. Бір түсінгенім, ақиқаттың жолы қашанда ауыр болады екен, — дейді Нұрсұлтан ағынан жарылып.

«Мешіт – тек жұрт келіп намаз бен Құран оқып кететін жер емес пе? Онда тарих болушы ма еді? Мемлекет, қала немесе ауыл болса бір жөн. Мешітке түгел бір кітапты арнайтындай не көрінді?». Кітап авторларына ең көп айтылған сын – осы  болыпты.

– Анығында, «Айтбай» мешітінің тарихын Қызылорда қаласының, тіпті, облыс, қала берді еліміздің тарихынан бөле-жара алып қарауға болмайды, — дейді Нұрсұлтан. – Құлшылық үйі­нің тарихы шаһардың, Сыр өңірінің, мемлекетіміздің шежіресімен ұштасып жатыр. Оған кітапты оқыған адамның көзі толық жетеді. Мыса­лы, Қиыр Шығыстан Сыр өңіріне корейлерді депортациялаған 1937 жылды алайық. Оларды қайда орналастырды? «Айтбай» мешітін тұрғын үй етті. Сол секілді, 1939 жылы құрылған Қызылорда облыстық корей музыкалық драма театрына «Айтбай» мешітінің ғимараты берілді. Ұлы Отан соғысы кезінде өңірімізге күшпен көшірілгендер үшін ашылған 10 эвакуациялық пункттің біреуі осы «Айтбай» мешіті болды. Мұндай мысалдарды имандылық үйі салынған сонау Перовск кезеңінен бастап, мешіт ретінде қайта қайтарылған 1989 жылға дейінгі аралықта жүздеп  келтіруге  болады.

Сөз соңында әріптесімізге кітаптың екінші авторы, мешіт имамы Асхат Асқарұлына байланысты  сауалымызды  қойдық.

– Асхат Асқарұлының аты-жөні авторлыққа мешіт имамы болғаны үшін қосылған жоқ. Барлық қаржылай шығыннан бөлек, кітаптың жазылуына, зерттеуіне тікелей араласты. Шаң басқан мұрағаттарды бірге ақтардық. Қазір қарап отырсам, Асекеңнің орнында басқа адам болса, түсінісе алуымыз, бірге жұмыс істеуіміз екіталай екен. Сондықтан, Асхат Асқарұлымен бірге жұмыс  істегеніме  қуаныштымын, — дейді  ол.

Айдын  ӘБДІХАЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: