Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаңтарда қай қылмыстың саны артты?

12.03.2026, 7:40 46

Қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін бағалау­да құқықтық статистика ерекше маңызға ие. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми порталындағы деректерге сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар айында ел бойынша 11 348 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның  ішінде халық саны мен экономикалық белсенділігі жоғары мегаполистерде қылмыс деңгейі де жоғары. Мәселен, Алматы қала­сында 1868  қылмыс  сотқа  дейін жетсе, Астана  қаласында 1354 қылмыс  тіркелген.

Ал Қызылорда облысында осы кезеңде 281 қылмыстық құқықбұзушылық әрекеті жасалғаны көрсетілген. Бұл – республика­дағы көптеген өңірмен салыстырғанда төмен көрсеткіштің бірі. Алайда қылмыс статистикасын тек жалпы сан арқылы бағалау жеткіліксіз. Қылмыстың нақты түрле­рін және оның жыл сайын қалай өзгеріп отыр­ғанын қарау арқылы ғана өңірдегі қауіп­сіздік  жағдайын дұрыс  бағалауға  болады.

Сыр өңіріндегі қылмыс әрекеттеріне көз жүгіртсек, соңғы он жылда түрлі құқық­бұзушылықтың бірқатары едәуір азайғаны байқалады. Оның ішінде – ұрлық деректері. Мәселен, 2015 жылы облыста 670 ұрлық тіркелген болса, кейінгі жылдары бұл көрсет­кіш біртіндеп төмендегенін көреміз. 2020 жылы – 265, 2021 жылы 139 дерек тіркелсе, 2026 жылдың басында ұрлық саны 32 фактіге дейін қысқарған. Яғни он жыл ішінде бұл қылмыс түрі бірнеше есе азайған. Мұндай өзгерістер қоғамдық қауіпсіздік шараларының күшеюінің нәтижесінде өзгерді деуге негіз бар. Соңғы жылдары көшелер мен қоғамдық орындар­ға бейнебақылау камералары орнатылып, цифрлық бақылау жүйелері енгізілді, полицияның профилактикалық жұмыстары да күшейді. Мұның бәрі ұрлық сияқты қылмыс түрлерінің азаюына әсер еткен негізгі факторлардың  бірі  болып  отыр.

Сол секілді, бұзақылық деректері де соңғы жылдары айтарлықтай сиреген. Мәселен, 2015 жылы облыста 157 бұзақы­лық фактісі тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш төмендеген. 2026 жылдың басындағы мәлі­мет бойынша өңірде 6 дерек тіркеліп отыр. Өңірдегі ауыр қылмыстарға келсек, тонау деректері де соңғы жылдары азайғанын байқаймыз. Соңғы мәліметтер бойынша 2026 жылдың алғашқы айында Қызылорда облысында 5 тонау фактісі тіркелген. Ал қарақ­шылық қылмыстары мүлде кездес­пеген. Аса ауыр  қылмыстарға келсек, жыл басын­дағы  статистика  бойынша  облыста   2 адам  өлтіру  фактісі  тіркелген. Статис­тикада бопсалау қылмыстарының да тіркелгені  байқалады. Жыл басында өңірде 5 бопсалау фактісі  анықталған. Ал зорлау қылмыстары бойынша  2026 жылдың алғашқы айында дерек  тіркелмеген.

Сонымен бірге, соңғы жылдары құқық қорғау органдарының назарын ерекше аудар­тып  отырған бағыт – алаяқтық қылмыстарының  көбеюі.  Ресми деректерге сәйкес, жыл  басында  Қызылорда  облысында  93 алаяқтық фактісі тіркелген. Қазірде өңірде жиі кездесетін құқықбұзушылықтың бірі де – осы. Мамандар мұны цифрлық технология­лардың кең таралуымен байла­ныс­тырады. Интернет арқылы жасалатын алаяқ­тық схемалар, онлайн саудадағы алдау тәсілдері, әлеуметтік желілердегі қаржылық айла-шарғылар – құқық қорғау орган­дары үшін жаңа күрес бағыттарының біріне айна­лып отыр. Бұдан бөлек, өңірде есірткіге қатыс­ты құқықбұзушылықтар да тіркеліп ке­ле­ді. 2026 жылдың басындағы  дерек  бо­йынша  облыста 16  есірткі  қылмысы  анық­талған.

Жалпы алғанда, статистика Сыр өңірінде соңғы жылдары ұрлық, бұзақылық, тонау сияқты құқықбұзушылықтардың азайғанын көрсетеді. Бұл қоғамдық қауіп­сіздік жүйе­сі­нің біртіндеп нығайып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен, қылмыс­тың құрылымы өзгеріп  жатыр. Бұрын жиі кездесетін қыл­мыстар азайса, олардың орнын алаяқтық сияқ­ты  жаңа  сипаттағы  құқықбұзушылықтар басып келеді. Сарап­шылардың айтуынша, алдағы жылдары құқық қорғау органдары үшін басты міндет – цифрлық ортадағы құқықбұзушылықтардың алдын алу болады. Бұл үшін тұрғындардың құқықтық әрі цифрлық  сауаттылығын арттыру,  интернет қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту  маңызды.

Әрине, соңғы жылдары қылмыс әреке­тінің азайғаны көңіл қуантқанымен, тоқ­мейілсуге болмайды. Тексеру шаралары мен қала тыныштығын күзететін рейдтердің жұмы­сын тоқтатпау керек. Өйткені, статис­тикада кісі өлімі деген қылмыстың саны 2-ні көрсетіп тұрғанымен, оның артында қанша адамның көз жасы, қанша қылмыскер­дің қарекеті, қанша отбасының келешегі тұр. Мемлекеттің де ең басты байлығы – адам. Сол үшін адам шығынын өтелмейтін байлыққа қолсұғу деп қарастырғанда, талай қандықолға есе жібергеніміз сан ұрғызады. Өкінбес үшін қазіргі әрекетіміз  есепке  құрылмаған  болуы  шарт.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: