Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрлап тапқан ақшамен абыройлы ғалым болу оп-оңай!

05.03.2026, 8:40 73

Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Ғылым, білім және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның және ҚР-ның еңбек сіңірген өнертапқышы, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Оксфорд университетінің Сократ номинациялау комитетінің шешімімен есімі әлемнің көрнекті ғалымдарының бүкілдүниежүзілік реестріне енгізілген Абдуали Баешовпен ғылыми-технологиялық төңкеріс, қазіргі отандық ғылымның жай-күйі мен дамуы, ЖИ-дің ғылымның өркендеуіне әсері, ғылым дамуының өлшемі мен нағыз ғалымның еңбегін әділ бағалау, Хирш индексі және Скопустың  ғылымға  тигізіп  жатқан зияны  туралы  ашық  әңгімелестік.

— Абдуали аға, «Алдағы 10-15 жылда үлкен ғылыми-технологиялық төңкеріс болады» деген сөзді көп естіп жүрміз. Қазақ ғылымында сондай төңкеріс  бола  ма?

— Шетелде ғылым өте жоғары дәрежеде дамып жатыр. Әлемде төңкеріс болатынына күмәнім  жоқ. Қазіргі жағдайда бізге оларға ілесу  өте қиын. Себебі, 30  жылда қазақ  ғылымы дамыған жоқ. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бізге ешқандай ғылымның керегі жоқ. Кез келген техноло­гияны шетелден сатып алуға ақшамыз да, мұнайымыз да жетеді» деген ойды айтқанын естідік. Өкініштісі сол, 30 жыл бойы ғылымға осындай көзқарас болды. Ғылымды дамытуға қаражат бөлінбей, ғалымдарға жағдай жасалмағандық­тан ғылым тоқтап тұр. Ғылыми-технология­лық төңкерістің болу-болмауы ғалымдарға жасалған жағдайға байланысты деп ойлаймын. Қазір ғылымға көңіл бөлгісі келіп жатыр, бірақ нақты істен гөрі сөз көп. Мысал келтірейін. Бізде ғалымдарға ақшаны үш жылға бөледі. Сол қаражатты алу қиын. Конкурсқа қатысуға жіберген құжаттарың жетпей қалады. Құжат қабылдайтын жерде ғылымды толық түсінетін адамдар отырған жоқ. Зерттеген тақырыбымды әрі қарай жалғастырайын деп екінші рет құжат жіберсең, «бұл тақырыпқа ақша бөлінген» деп өткізбейді. Керемет идеяң болғанның өзінде бөлінген қаражат жылдың ортасында түседі. Осыларға  қарап елімізде ғылыми төңке­ріс болады дей алмаймын. Қазақстанда 25 мыңға  жуық  адам  ғылыммен  шұғылданады  деген дерек  бар. Ол біз үшін көп пе, аз ба білмеймін. Білетінім, олардың бәрінің жағдайы жақсы емес. Бала-шағасын асырауы үшін 2-3 немесе одан да көп жерде жұмыс істеп жүргендер бар. Солай жүгіріп жүрген ғалым қандай жаңалық ашуы мүмкін?!. Генри Форд бір күні зауытындағы жұмысшыларын шақырып алып: «Әркім өзінің идеясын бір парақ қағазға жазып, конвертке салып, маған әкелсін. Әкелген кезде 1 доллар беремін» деген. Ол кезде 1 доллар әжептәуір ақша екен. Бір досы Фордтың жанында отырса, жұмысшылар конвертін беріп, ақшасын алып кетіп жатыр дейді. Әр адам кеткеннен кейін Форд конвертті ашып, ішіндегі жазылғанды оқып, жыртып, сол сәтте қоқыс кәрзеңкесіне тастайды. Мұндай жағдайдың 5-6 рет қайталанғанын көріп, әлгі досы: «Әй, сен қызықсың ғой. Өзің бай, ақшаның қадірін түсінетін адамсың. Әуелі не жазылғанын көріп алып, ақшаны содан кейін бермейсің бе!» дейді. Сонда Форд: «Жоқ. Мен жұмысшыларымды ойлануға қызықтырып қойдым. Әрқайсысы кішкентай нәрсені де, үлкен нәрсені де ойлап, соны жазып беріп жатыр. Олардың 99-ының жазғаны маған түк те бермеуі мүмкін. 99 долларымды шығындаймын. Ал олардың 100-іншісі немесе 101-іншісінің идеясы 1 млн доллар пайда әкелуі мүмкін. 99 долларымды 1 млн долларға өсіріп жатырмын. Адам баласы ойланған кезде ғана басына үлкен идея келеді. Үлкен тірліктер осылай басталады» деп жауап береді. Сол сияқты ғылымда әрбір ғалымның табысқа жетуі қиын нәрсе. Бірақ көп адамды қызықтырып қойса, ғалымдардың саны көбейсе, олар міндетті түрде адамзатқа қажетті сенсациялық жаңалықтар ашады. Сондай жаңа  идеяларды  айта  алады.

— Қазір әлем жасанды  интеллект  технология­ларына елеңдеп отыр. Елеңдемегенде қайтсін, адамзат баласы ашпаған ғылыми жаңалықты ЖИ ашып беруде. Мысалы, бір жылда ЖИ-дің көмегімен жаңа 46 химиялық элемент ашылыпты! Осы рас па? ЖИ бізге не қаласақ бәрін жасап береді деген­ге  сенесіз  бе?

— 46 элемент ашылыпты дегенді естімеппін. Менделеевтің таблицасында лантоноидтардан өзге жаңа элементтерге орын да жоқ! Тілшілер біреуден естіген ақпаратын жаңалық етіп шығара береді. Фотоаппарат шыққанда суретшілердің ешкімге керегі болмайды деген сөз айтылыпты. Ал сол фотоаппараттың шыққанына 100 жылдан асты, бірақ суретшілердің жұмысы тоқтаған жоқ. Суретшінің туындысы бір бөлек, фотоаппаратпен түсірілген сурет бір бөлек, екеуі де қатар өмір сүріп келеді. Сондай-ақ, интернет шыққанда «Енді кітаптың керегі жоқ. Бәрін интернеттен оқимыз» деген әңгіме айтылды. Бірақ Сіз де, мен де кітап шығарып жүрміз. Бірақ интернеттегі мәлімет пен кітапқа жазылған мәліметтің құны екі түрлі. Кітаптағы мәтіннің астын сызып оқисың, ол санаңа сіңімді. Фотоаппарат суретшінің өміріне, ал интернет жазушының тірлігіне зиянын тигізген жоқ. Кітаптар да жүздеген, мыңдаған данамен шығып жатыр. Сол себептен, жасанды интеллект бізге бәрін жасап береді деген­ге сенбеймін. Ол адамның берген тапсырмасын ғана орындай алады. Одан бөлек, ЖИ-дің бір артықшылығы – қолда бар ауқымды мәліметтерді өте тез жинақтауға, соны өңдеп-талдап толық қорытынды жасауға мүмкіншілігі бар. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, ЖИ-дің көмегімен көп нәрсе жасалуда. Бірақ табиғи интеллект болмай, жасанды  интеллект  болмайды. Адамның  бойындағы  интеллектісі: интуициясы, көзқарасы, сезімі ЖИ-ден  әр  уақытта  жоғары  тұрады.

— «Бізде ғылымның тас-талқаны шықты. Нағыз ғалымдар сорлы, бейшара күйде өмір сүреді. Ғылым сыбайлас жемқорлықтың батпағында тұр. Мысалы, менің ғылыми жұмысымды Қазақстанда түсінетін 4-5 адам бар. Қалғаны әншейін долбарлап түсінеді. Грант ұтып алу лоторея билетін ұтумен бірдей. Ақша алуға неше түрлі қитұрқы бәлелерді жасап қойған» деп едіңіз бірер жыл бұрын бізге берген  сұхбатыңызда.  Ал  бүгін  жағдай  өзгерді  ме?

— Ғылыми жұмыстардың нәтижесін түсіну өте қиын. Менің жұмысымды бірге істеп жүрген ғалым­дар ғана түсінеді. Маған басқа тақырып­тағы бір жұмысты берсе, кейбір ерекшелігін түсіне алмай­мын. Грант ұтып алу дегенге мысал келтірейін. Бірде мыс ұнтағы туралы жобамды конкурсқа жолдадым. Адам таңғалатындай нәтижелерді көрсеттім. Осы салада Қазақстанда ұзақ жылдар жұмыс істеп жүрген маманның бірімін. Бірақ жобам өтпей қалыпты. Сонда білгенімдей, әншейін жүрген бір адамдар нитратты ортада мыс алуға болады, тоқ аз кетеді деп анау-мынау уәжде­рін келтіріп, жобаны ұтып алыпты. Ал нитратты ортада катодты процесс жүргізуге болмайды. Өйткені, азоттың бір және екі валентті оксидтері түріндегі өте улы газдар бөлінеді. Жіберген жұмысыңның қандай адамның қолына түсетіні белгісіз. Сол себептен әділ жолмен грант ұтып алу өте қиын. Жылудан тікелей электр тоғын алу тек термопараларды қолдану арқылы іске асырылады. Ол жылу температурасы 100 градустан асқан кезде ғана жұмыс істейді. Ал одан төменгі температураларда жылуды тікелей тоққа айналдыру мүмкін емес болып келген. Жуырда 100 градусқа дейін жылудан тікелей электр қуатын алуға болатынын зерттеу нәтижелерімен көрсеттім. Әлемде бұрын-соңды мұндай жаңа әдіс болған емес. Жылу электр және атом электр станциясында су парымен турбинаны айналдырып, электр тоғын алады, одан шыққан суды арнайы реакторларда суытады. Ал егер турбинадан шыққан судағы 80-90 градустағы жылуды тікелей тоққа айналдырсақ, өте көп мөлшерде электр қуатын алуға болады. Мысалы, Түркияда Күн сәулесімен суды жылыту әдісі шешімін тапқан. Сол жылудан күні-түні электр тоғын ала беруге мүмкіндік беретін жаңа  әдіс  ұсындық. Бұл  жобамның  қолдау тауып,  қаржы  бөлінетініне  күмәнданып  отырмын. Себе­бі,  оны  түсінетін  адам  аз.

— Ғылымды бағалаудың нақты бір өлшемі бар ма? Мысалы, ғылымның бір саласындағы шын ғалым­ның ашқан жаңалығы, зор жетістігі қалай әділ  бағаланады?

— Сұрағыңның астарын түсіндім, Төленжан! Әрбір адамның ойын, ойлау дәрежесін, мақсатын, арманын, мінез-құлқын немесе салған суре­тін, шығарған музыкалық еңбегін, одан басқа адамның адамгершілігі мен пейілін және осы сияқ­ты қасиеттерді өлшеуге бола ма? Оларға сандық сипаттама беруге бола ма? Әрине, бұл – мүмкін  емес нәрсе. Себебі нақты өлшеуге бол­майтын, санмен сипатталмайтын қасиет  көп. Өкініштісі сол, қазіргі күні ғалымдардың ғылыми еңбектерінің нәтижесін өлшейтін, өлшегендей жағдайға келтіретін «наукометрия» деген бағытта нақты нәтижесі жоқ демагогия­лық жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта жүргізілетін қитұрқы тірліктер нағыз ғалым мен жалған ғалым­ды ажыратуға мүмкіндік бермей, нағыз ғылымның қарқынды дамуына кесірін келтіріп, нағыз ғалымдардың абыройына көлеңке түсіріп, еліміздегі ғылымның дұрыс жолмен дамуына мүмкіншілік бермей келеді.  Ғылымнан түсінігі аз адамдар, әсіресе басшылар мен шенеу­ніктер ғалым­дардың жұмыстарын Хирш индексі арқылы өздері бағалап, ғылымды басқарғысы келеді. Сол себепті, ғылыми жұмыс­тардың нәтижелерін және құндылығын белгілі бір өлшемге – «наукометрияға» келтіріп, оп-оңай шешім қабыл­дағысы келеді. Белгілі заттың салмағын, оның өлшемдік параметрлерін (ұзындығы, ені, т.б. сол сияқты) өте үлкен дәлдікпен өлшеуге болатыны белгілі. Ал ғылыми нәтижелерді санмен өлшеу абсурдты ұғым екенін әрбір көкірегі ояу адам түсіне алады. Зерек адамдар біледі: «көп және аз» деген өлшемнің өзі – абстракты нәрсе. Себебі, «көп» деген ұғым барлық уақытта ол заттың көп екенін білдірмейді. Бұл – салыстырмалы өлшем. Ғұлама ғалым Эйнштейн жан-жақты зерттеулер, есеп­теулер нәтижесінде «салыстырмалық теория­сын» ұсынғаны белгілі. Мысалы, адамның басындағы үш тал шаш – өте аз, ал бұл сіздің тос­таққа құйыл­ған көжеңізде болса – өте көп. Сол себептен «көп», «аз» деген сөздер ешқандай да нақты нәтижелер көрсетпейді. Ол салыстырмалы түрде келтірілген кезде ғана дұрыс нәтиже бере алады. Әрбір ғалымның, ғылыми жұмыстың құндылығы оның ашқан ғылыми жаңалығымен және таби­ғи құбылыстарды түсінуде елеулі үлес қосатын, адамзаттың білімін тереңдететін, болашақта таби­ғи шикізаттарды өңдеп, пайдалы зат немесе қосылыстар алу технологиясын жасауға мүмкіншілік беретін, жаңа қасиетке ие жаңа заттарды алуға  жол  ашатын  нәтижелерімен  бағаланады.

— Қазіргі ғалымдардың біліктілігінің деңге­йін Скопус санатына кіретін журналдарға шыққан мақаласымен, я болмаса Хирш индексімен бағалап жатады. Меніңше, нағыз ғалымның еңбегіне лайық­ты баға беру үшін біздің өмірімізге енгізген жаңалығы есепке алынуы тиіс емес пе? Ал Хирш индексі деген қандай өлшем? Осыны қарапайым мысал­дармен  түсіндіріп  бересіз  бе?

— Бүгінгі күні ғалымдардың қандай ғылыми нәтижелер алғанында, олардың әлемдік жаңалығы мен құндылығында ешкімнің жұмысы жоқ сияқты. Жарияланған мақалада қандай қызықты, керекті, пайдалы, ерекше жаңа алынған ғылыми нәтижелері туралы айтылмайды да. Тек қандай журналда шыққаны, автордың Хирш индексі қандай екендігі туралы ғана айтылады. Негізінен шетелде шығатын Q1, Q2, Q3 санатына жататын журналға мақаласы шықса болғаны, ол керемет ғалым болып шыға келеді. Болды. Елімізде жыл сайын сол жоғары категорияға жататын журналдарда мақаласы шыққан адамдарды жинап, мара­паттайды. Бірақ сол кезде олардың мақалаларында көрсетілген ғылыми нәтижелері туралы бір ауыз сөз айтқанын естімедім. Себебі, шенеуніктер ғылыми жұмыстардың құндылығын, мағынасын да түсіне алмайды. Ғалымдардың арасында мынадай күлкілі жағдай айтылып жүр. Бір адамның (ғалымның) «Скопус» санатына жататын журналдарға үш мақаласы шығыпты. Оқу орнының басшылары бұл адамды марапаттап, мақтау сөздерін айтып жатқанда, бір қарт профессор бұл мақалаларда қандай ғылыми жаңа нәтижелер алынғанын білгісі келіпті. Мақалалардың авторы міңгірлеп, бір нәрселерді айтқан болыпты. Бірақ кейін бәрі анықталыпты, шыққан үш мақаланың екеуі мерейтойлық құттықтау, ал біреуі некролог екен. Калифорния университетінің профессоры, физик Хорхе Хирш 2005 жылы ғалымның ғылыми еңбектерінің құндылығын бағалау үшін «Хирш индексі» немесе «һ-индекс» деп аталатын көрсеткішті қолдануды ұсыныпты. Ол Хирш индексін ғылыми зерттеулердің маңызын, құндылығын көрсететін ғылыми өлшем ретінде әлемдік қауым­дастыққа қабылдауды ұсынған. Ұсыныс бойынша сіздің ғылыми мақалаңызға сілтеме жасалған  сайын, сіздің ғылыми құндылығыңыз, абыройыңыз арта береді (Хирш индексі өсіп) екен. Осыған байланысты, ғалымның «Һ-индекс» көрсеткіші үлкен мәнге ие болса, оның қызметтегі лауазымының өсуіне, оған қаржылай грант бөлінуіне, одан басқа диссертациялар қорғауына және т.б. ғылыми атақтар алуына жол ашылып, үлкен  мүмкіншіліктер  тудырылады.

Интернеттен оқығаным: кейінгі кезде Хирш индексін енгізген профессор Хирштің өзі бұл өлшем­нің нәтижелеріне өзі де күмәндана баста­ған сияқты. Бірақ кезінде бұл ғалымның ұсынған демагогиялық ойы жеңіп, оңай абыройға жеткісі келген ғалымдарға, әсіресе басшылар мен шенеу­ніктерге ұнап, бүгінгі күні көпшілік елдерде ғалымдардың еңбегі тек осы Хирш индексімен бағаланып отыр. Бұл критерийге соншалықты мән бермейтін мемлекеттер де бар көрінеді. Себе­бі олар сілтеме жасаудың мағынасы мен маңыз­дылығын түсінетін сияқты. Бүгінгі күні қажеттілігі аз, ғалымның еңбегінің нағыз құндылығын көрсете алмайтын Хирш индексін әсіресе біздің мемлекетімізде, ғалымдардың еңбек нәтижесін бағалаудың негізгі көрсеткіші ретінде қолданып келеді. Кез келген ғалымның ғылыми бағасы оның зерттеу нәтижелерімен емес, ғылыми идеясымен емес, ғылымға қосқан үлесімен емес, өндіріске немесе оқу процесіне кіргізген жаңалықтарымен емес, тек мақала басылып шыққан журналдың түрімен және оған жасалған сілтемелермен ғана есептеліп (өлшеніп) келеді. Ғалымның Хирш индек­сі жеткілікті болмаса, ғылыми жұмыстарға, докторанттарға ғылыми жетекші де бола алмайды. Тіпті оппонент, рецензент те бола алмайды. Мемлекетімізде бүкіл өмірін ғылымға арнаған, өзінің ғылыми мектебі бар ғұлама ғалымдардың өздері де осы Хирш индексі негізінде көптеген қиындық пен азапты басынан кешіріп келеді. Ал осы  ғұлама  ғалымдар мектебінен ғылымның негі­зін үйреніп, ғылымға алғашқы қадамдарын жасап шыққан қатар­дағы жас ғалымдардың Хирш индексі ғұлама ғалым ұстазынан жоғары болып жатқан жағдайлар да жиі кездесіп жатыр. Оның ғылыми еңбегінің құны ғылымдағы ұстазының еңбегінің құнымен салыстыруға да келмейді, ал бірақ бұл жас ғалымның Хирш индексі жоғары болып  тұр. Бұл – нағыз  парадокс!

— Абдуали аға, шындығын айтсақ, қазір бізде барлық салада ақша алға шықты. Қалтасында 3 мың  АҚШ  доллары  бар  адам  Скопусқа мақаласын жариялап, әлемге әйгілі ғалым болып шыға келеді. Бұл ғылымды дамытуға емес, құлдырауға апаратын жол емес пе?!. Өзіңіз айтқандай, әпербақан бір профессордың демагогиялық ұсынысына жер жүзіндегі ғалымдар неге бірауыздан қарсы шығып, мұндай күмәнді өлшемді қолданыстан алып тастамайды? Содан кейін, Скопус, Q1 және Q2 дәрежелі журналдарына шығатын мақалалардың барлығы дерлік жоғары дәрежеде екеніне кім кепілдік береді?

— Хирш индексі компьютермен емес, ғалым­дардың нақты шешімі арқылы анықталуы тиіс. Жақында бір ғалым ұстазбен сөйлестім. Бір кездері өзінің шәкірті болған бір ғалымның статусы өте жоғары журналда мақаласы шыққанын айтады. Термодинамикалық есептеулердің бәрі дұрыс емес есептелген, нәтижесінде жасалған тұжырымдары да дұрыс емес екенін көріп, қатты қынжыл­ғанын айтты. Шыдамы жетпей, қасындағы белді ғалымдармен ойымен бөлісіп, 4-5 ғалым бірігіп, қарсылығын білдіріп мақала жазып жатқанын жеткізді. Бұл айтып отырғаным – бір ғана мысал. Одан басқа кейінгі кезде таныс ғалымдар бір-біріне «көмектесіп», Хирш индексін көбейту мақсатында жазған мақаласына қатысы аз, тіпті қатысы жоқ болса да, сілтеме жасай­тыны туралы мәліметтер жиі жазылып та, айтылып та жүр. Егер сілтемеде келтірілген мәліметтерді пайда­ланса және ұсынылып отырған ғылыми жұмыс­тарды сол мәліметтерсіз жүргізу мүмкін емес болса ғана Хирш  индексі  берілуі тиіс. Осындай көзқараспен есептелген Хирш индексінің мағынасы, мәні болар  еді. Мұндай сілтеменің салмағы бар, бұл кезде ол сілтеме сандық сипаттамаға ие болуы тиіс. Нақтылай келгенде, Хирш индексі сарапшылардың шешімімен ғана анықталуы тиіс. Осындай толып жатқан кемшіліктері бар Хирш индексі бүгінгі күні ғалымның ғылыми дәрежесін көрсететін негіз­гі сандық  сипаттама  болып  отырғаны ұят  емес  пе?

Интернетте «Қазақ ғылымы және ғалымдары» деген чатта «Егер Хирш индексі 30-дан асса, ол ғалымның ғылыми дәрежесі» Нобель сыйлығының деңгейімен бірдей деген сандырақ сөздерді күнделікті жазып және айтып тұрады. Бүгінгі күні ғылымға қатысы бар ғалымдардың еңбегін бағалауда және ғалымның тағдырын шешетін ұйымдарды және комиссияларды қалыптастыр­ғанда, оның мүшелері тек Хирш индексіне ғана қарап шешім қабылдап жүр. Шын ғалымдар таса­да қалып, Хирш индексі барлар өрлеуде. Қазақ­станда ғана емес, бұл индекс Орта Азия ғылымына тұсау болып отыр. Бұрынғы кезде баспадан шыққан жалпы мақала саны ғалымның негізгі ғылыми көрсеткіштерінің бірі болатын. Ол өте дұрыс та болатын. Ол – әрбір ғалымның адал еңбегі. Бір ғылыми нәтижені қайта-қайта басып шығаруға болмайтыны анық, себебі қазір әрбір мақала «плагиатқа» тексеріледі. Сол себепті әрбір мақалада жаңа ғылыми нәтиже болуы керек. Сондықтан да мақала саны ғалымның еңбегін көрсететін негізгі көрсеткіштің бірі болуы керек. Ғылым саласын басқарып отырған басшы шенеу­ніктер, сіздің ғылыми жұмысыңызды тіптен түсінбесе де, Хирш индексіне қарап, сізге екі-үш рецензент пікірлерін білдіреді емес пе? Ал бүгінгі күні әрбір ғалым­ның тағдырын Хирш индексі шешіп отырған жағдайда, бұл сандық сипат­тама бойынша арнайы эксперттер жоғарыда көрсетілген мәліметтерді ескере отырып шешім қабыл­дауы тиіс. Соның өзінде Хирш индексі – тек сандық сипаттама, ол ғалымның тағдырын біржақты шешпеуі тиіс. Хирш индексі автоматты түрде есептелетін болғандықтан, басқа да кездейсоқ деректер алынуы мүмкін. Мысалы, ғалымдардың фамилиясы және инициалы бірдей болса, сол автор­лардың әрқайсысына белгілі бір Хирш индек­сін шығарып береді. Автоматтық жүйеде оларды бір-бірінен ажырату оңай емес. Мысалы, Совет үкіметі кезінде газеттен мынадай мәлімет оқығам. Тек Москва облысының өзінде 1000-нан аса аты-жөні Иван Иванович Иванов деп атала­тын адамдар бар екен. Ал фамилиясы мен тек инициалдары бірдей қанша адам бар екенін білу мүмкін  емес шығар. Демек, фамилиядан басқа қосымша параметрлер енгізу қажеттілігі туады. Одан басқа кейбір адамның фамилия­сы мен инициа­лы ағылшын тілінде әртүрлі болып жазыла­ды. Бұл да үлкен мәселе. Солардың бір түріне ғана тоқталар болсам. Менің фамилиям мен атым – Баешов Абдуа­ли. Алғашқы кезде өзім де фамилиямды дұрыс жазбай жүріппін, мен Baеshov деп жазатынмын, ал менен сұрамай-ақ, паспортыма Bayeshov деп жазыпты. Ағылшынша «y» әрпі қосы­лып жазыла­ды екен, бұл грамматикаға байланыс­ты. Сонымен менің фамилиям мақала­ларымда әртүрлі болып жазылып кеткен. Одан басқа бір мақалада тек атымның ғана инициалы «А.» көрсетілсе, кейбіреулерінде атым және әкемнің аты бойынша инициалым «A.B.» деп көрсетілген. Менің аты-жөнім баспадан шыққан мақалада төрт түрлі болып көрсетіліп кетіпті. Әрине, Хирш индексін есептейтін жүйе осыларды ескермейтіндігі анық. Мұндай  проблема  әрбір екінші ғалым­ның басында болуы мүмкін. Осы мәселенің өзі де Хирш индексінің баға беріп, «біліп» отыра бергісі келетін сияқты. Бұл Хирш индексі шенеу­ніктерден басқа, шет тілін жақсы білетін және шетелде таныс ғалымдары бар көптеген зерттеу­шіге де өте ұнап тұр. Көп емес мақала жазып-ақ, Хирш  индексін  реттеп алады. Ешқандай да ғылыми жаңалығы, құндылығы жоқ оншақты мақала ғана шығарып, Хирш индексіңіз­ді жоғары мәнге көте­ріп, абыройыңызды көтеру мүмкіншіліктері бар екенін көпшілік біледі де. Ғылыми жұмыстың құны оның қай журналда басылып шыққанында емес, оған қанша сілтеме жасалғанымен емес, оның  ғылыми жаңалығына және құндылығын қарап  бағалануы  керек.

Тағы да қайталап айтқым келеді, егер ғалым жаңа ғылыми бағыт ашып, сол сала бойынша алынған мәліметтерді журналдарда жарияласа, оған ешкім де сілтеме жасамауы мүмкін. Ғылыми жаңа бағытты ашу – нағыз ғалымның ғана қолынан келетін нәрсе. Сонда қалай болғаны, ашылған жаңа ғылыми бағыт, болашақта көп­теген принципиалды жаңа технологиялар жасау­ға мүмкіндік беретіні анық. Бірақ Хирш индексі тұрғысынан бұл жұмыстар өз бағасын ала алмайды. Демек, бұл жағдайда да, ғылыми жұмыстың құндылығын көрсете алмайтын Хирш өлшемімен емес, ол ғылыми еңбектің әлемдік жаңалығымен, құнды фундаменталды нәтижелерімен бағалануы керек. Қазақта «биографиясы келсе де, география­сы келмейді» деген сөздер де айтылып жүр. Сіздің зерттеулеріңіздің өте жақсы нәтижелері өзінің құндылығымен емес, оның қай жерде қай журналда басылып шыққанына байланысты ғана бағаланады. Егер өте жақсы жаңалығы бар, жаңа идеямен, жаңа методикамен алынған ғылыми нәтижелер өзіміздің республикамыздағы белді журналдарға шықса, оның құны бағаланбайды, дәл осы мақала шетелдің Скопус, Q1, Q2 сияқты дәрежедегі баспада шықса, ол ғалым керемет ғалымдар қатарына қосылып шыға келеді. Мүмкін сіздің жазған мақалаңызда Нобель сыйлығына тұрарлық ғылыми нәтижелер алынған шығар, бірақ оған ешкім мән бермейді, себебі көбісі түсінбейді. Скопус журналдары тура­лы мәлімет жұмбаққа ұқсас нәрсе, Скопусқа жатады, көрсеткіші жоғары деп мақалаңызды жібер­сеңіз, ол рейтингтің басқа түрі болып шығуы мүмкін. Журналдардың рейтингтерінің түрі және де басқа сиқырлары көп сияқты. Оны түсіне­тін, түсіндіретін адамдар аз. Табиғаттың кере­мет жаңа заңдылығын аш, бәрібір көрсеткіші жоғары Скопус журналында мақалаң шықпаса, сен ғалым емессің. Сенің ғылыми жұмысыңның жаңалығын, ерекшелігін  сұрайтын ешкім  де жоқ. Ұрлап тапқан ақшамен керемет ғылыми көрсеткіштерге жету – бүгінгі күні оп-оңай нәрсе. Бәрін ақша шешіп жатыр. Әрине, ғылыми мақаланы шетелде шығару керек те шығар, бірақ ол өте үлкен  қаражатты қажет етеді (екі-үш мың долларға дейін). Бірақ, осындай көп ақша төлеп, абыройлы ғалымдар қатары­на оп-оңай қосылуға болады. Ғылым, білім министрлігіндегі қызметкерлер бұл жағдайды біліп те отыр, нәтижесінде шетелге миллиондаған ақша елімізден кетіп жатыр. Көп мөлшерде айлық алмайтын ғалымдар бейшаралық күнін  көріп  жүр. Кейбір ғалымдар мақаласын шетел­дегі  биік дәрежедегі журналдарға шығару үшін ақшасы бар адамдарды соавтор етіп қосып, амалын табуға тырысып жүр. Кейбір соавторлардың бұл ғылыми еңбекке тіпті қатысы болмауы мүмкін. Интернеттегі мәліметтер бір ғылыми мақаланың авторларының саны 100-ден де асып кететін жағдайлар бар екендігін көрсетеді. Көпшілік біледі, интернетте жиі хабар­ламалар жазы­лып тұрады. Ғылымның әрбір саласы бойынша шығатын дайын мақалаға авторлар, соавторлар іздейді. Төлеген ақшаңызға байланысты осы мақаланың бірінші  немесе  екінші, үшінші  және  басқа  авторы бола аласыз. Ақшасын төлесеңіз, 2-3 айда «кере­мет» мәртебеге ие мақалалардың авторы болып шыға келесіз. Одан кейін Хирш индексіңіз де өсе бастайды. Еліміздегі белді, озық ғалымдар қатарына қосыласыз. Сіздің ғылыми статусыңыз күрт жоғарылайды. Демек, көп нәрсені ғылым немесе білім емес, ақша шешеді. Бұл не сұмдық… Егер сіз өзіңіз мақалаңыз­ды шетел журналына жіберсеңіз, оған үш адам рецензия жазып беруі тиіс. Сіздің мақалаңыздың тағдыры солардың қолында. Сол адамдардың білімділігіне, көңіл күйіне, ақпейілділігіне байланысты шешім шығарады. Олардың дұрыс немесе бұрыс шешімін шығарып  жатқанын  бақылайтын  механизм  жоқ.

— Интернетті ашып қалсаң, «Скопусқа мақала жариялауға көмектесеміз!», «Сенің ғылыми жаңалығыңды бүкіл әлем оқып-біледі» деген тақырыппен жыпырлаған жарнамалар алдыңнан шығады. Бұрын патент алған адамның еңбегі анық көрініп тұрушы еді, ал қазір біреу сені өз мақаласына қосалқы автор етіп қосып, халықаралық белгісіз бір журналға жария­лайды да, атағын да, ақшасын да алады. Ғалымның бақ-беделі,  ар-абыройы  деген  нәрсе  қайда  қалды  сонда?

— Ия, сұрағың орынды. Скопус журналдарының  тағы да бір ыңғайсыздығы: әрбір ғалым мақаланы күн сайын жазып жүрген жоқ. Сол себеп­ті статусы жоғары болып есептелінетін журналдың хал-жағдайын олар біле бермейді. Мақала дайын­дап, көзі түскен шетелдік бір журналға жібереді. Мақаласы шығам дегенше, ол журнал Скопус тізімінен шығып қалуы немесе көрсеткіші төмендеп кетуі жағдайлары жиі кездеседі. Сол кезде ғалымның бүкіл еңбегі еш кетеді. Кейін­гі кезде, белгілі бір ақшаға «Хирш индексін» өсіріп береміз деген  делдалдар  да пайда  болғанын көпшілік айтып жүр. Шынайы келгенде, Хирш индексінің қалай есептелетінін ешкім білмейді, әйтеуір интернеттен шыққан мәліметке сеніп отыра береді. Мүмкін сіздің жазған мақалаңызда Нобель сыйлы­ғына тұрарлық ғылыми нәтижелер алынған шығар, бірақ оған ешкім мән бермейді, себебі көбісі түсінбейді. Кеңес үкіметі кезінде менің 30-дан аса патентім болды (А.с. СССР). Олардың жартысына жуығына, бұл мәліметтерді «ашық  баспада шығаруға болмайды»  деп мөр басып беретін және бұл қатаң қадағаланатын. Ал қазір негізінен өз мемлекетіміздің қаражатына және ғалымның білімділігінің, еңбегінің арқасында алынған ғылыми нәтижелерді неге асыға мақала ретінде баспада шығарып, шетел адамдарының қолына ұстата салуымыз керектігін түсінбей келемін. Бірақ қазіргі гранттан ұтып алған үш жылдық жоба бойынша есеп беру үшін, беделді шетел журналдарында мақалаң шықпаса, есеп қабыл­данбайды немесе мақала шықпады деп кемінде миллион теңгеге дейін өз қалтаңнан айып­пұл төлеуің керек. Шынына келгенде, әсіресе жаратылыстану саласында жүргізілген ғылыми жұмыс­тардың нәтижелерін тез арада асығыс баспаға беруге болмайды деп есептеймін. Ғылымдардың жаратылыстану саласындағы көптеген зерттеуі нәтижесінде жаңа әдістер, тіпті принципиалды жаңа технологиялар жасалады. Сол себепті, бұл жұмыстардың нәтижелерін мақала түрінде жарияламас бұрын, бұл тәсілдерге патент алынуы керек. Әйтпесе, сіздің жазған мақалаңыз­дың негі­зінде басқа біреулер патент алып, нәтиже­сінде бұл жұмыстың иесі құжаты бар басқа адам бола алады. Патент – ол өте қажетті, бүкіл әлем мойындайтын құжат. Барлық уақытта сол технологияның иесінің сіз екендігіңізді білдіреді. Басқа біреулер бұл әдісті қолданғысы келсе, біздің мемлекетке және авторға ақша төлеуі тиіс. Ал біздің ғалымдар жасаған ғылыми жұмыстарға басқа елдің адамдары патент алып алса, заңды түрде бұл әдістің авторы солар болып есептеледі. Ал біздің мемлекет бұл технологияны кезінде қолданғысы келсе, енді сол авторға ақша төлеуі тиіс. Заң солай. Кезінде элементтердің периодтық таблицасын ұсынған Д.И.Менделеев және алғаш болып радио жасаған Попов патент алмағандықтан, бұл жұмысқа басқалар патент алып, солар ие болып жүр. Кеңес үкіметі кезіндегі республикаларда ғана Менделеевтің таблицасы деп аталып жүр. Ал басқа көптеген мемлекет олай атамайды да. Патент – ол сіздің зерттеулер нәтижесінде ұсынған технологияңыздың авторы екендігіңізді білдіретін бұлжытпас құжат. Оны бүкіл әлем мойын­дайды. Ол туралы мемлекетаралық келісімдер бар. Бүгінгі күні, біздің елімізде патенттің құны белді баспалардан шыққан мақалалардан және Хирш көрсеткішінен көп төмен болып есептеліп жүр, кейде есептелмейді  де.

Тағы бір сұмдықты атайын, бүгінгі күні – мақаланың бірінші авторы және корреспондент-автор деген бір қитұрқы ұғымдарды шығарды. Бір кездерде, егер сіз бірінші автор немесе корреспондент-автор болсаңыз, сіздің шыққан мақаладағы статусыңыз жоғары мәнге ие болады деген де ойлар айтылды. Көпшілік біледі, ол белгілі де, көптен қалыптасқан жағдай бойынша, бірінші автор сол институттың директоры немесе лаборатория меңгерушісі болады. Әдетте, олардың көпшілігі мақаланы жазбайды да және онда жазған мәліметтер туралы тіпті білмеуі де, түсінбеуі де мүмкін. Менің ұстазым, ғұлама ғалым Е.Букетов «Әрбір мақаланың бірінші авторы сол идеяның иесі ғана болуы керек, себебі жақсы идея болса, оны кез келген сауатты қатардағы ғалым орындай алады. Ал идея болмаса, бұл ғылыми жұмыс жүргізілмес те, орындалмас та еді» деп жиі айтатын. Ол ағамыз осы сөзін іс жүзінде көрсетіп те жүрді. Ал корреспондент-автор дегенді түсінігі аз біреулердің шығарып жүрген тірліктері деп ойлай­мын. Ғалым­ның беделін, абыройын тек Хирш индексімен бағалау ғылымның дамуына өте үлкен кесірін тигізуде. Нағыз ғалымды бағаламай, Хирш индексі арқылы ғалымдардың тағдыры шешілуде. Қорыта айтқанда, Хирш индексі ғалымдардың еңбегінің негізгі көрсеткіші деп есептеу – өте үлкен қателік. Әрине, уақыт өте бұл қисынсыз шешімнің дұрыс емес екендігі анықталып, бұл ғылыми сипаттама өз мәртебесінен  айыры­латынына  ешқандай  күмәнім  жоқ.

— Аға, ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы


«Ғылым – стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан соңғы  жыл­дары  бұл  бағытқа  бөлінетін  қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған мамандар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып  келе  жатқанын  көрсетеді».

(2025 жылы  Ғылым  күні  қарсаңындағы салтанатты  рәсімде  сөйлеген  сөзі)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: