Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кішіпейілділік кісілікпен өлшенбейді

05.03.2026, 7:00 39

Әсем әннің жаныңды емдейтін тылсым сыры бар. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп хакім Абай тегін айтпаса керек-ті. Әннің адам жанын емдейтін пайдасы жөнінде ғалымдар да айтады. Әндер топтамасын алып қарасаңыз, әрқайсысының құрылу тарихы әртүрлі. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенді де сол дана Абай айтады емес пе?! Байқап қарасаңыз, өміріміз әнсіз өтпек емес. Сондықтан да болар, өмір өлшеулі, өнер өміршең дейтіні.

«Маған қазақтың даласы ән салып тұрғандай көрінеді» демеп пе еді орыстың ұлы зерттеушісі Затаевич бір кездері. Қандай көрегенділікпен берілген баға. Біздің тарихымызда есімін алтын әріппен жазып қалдырған хас таланттар қаншама. Қадау-қадау жүйріктердің ішінен қадап атарымыз Иса Байзақов, Шәмші Қалдаяқов – қазақтың ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер саңлақтары. Бұл – өткеннің өнегесі, бүгіннің бағдаршамы.

Саз бен сөздің тұғырындай болған Сыр өңірі де – небір саңлақты тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Алаштың анасы атанған аймақта да ән-ғұмыр әсте үзілген емес. Топырағын түртіп қалсаң, жыр болып төгілетін Тұранның төрі – талай таланты түлеткен тұғыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерге отты әндерімен отаншылдық рух сыйлаған Роза Бағланова, қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиева шырқаған шырайлы әндер талай шаңырақтың шаттығын тербеп, талай ғашықтың сезімін шалқытты.

Осындай өрелі өнеріміздің жалғасындай болған Күлән Қалымбетованың есімі көпшілікке жақсы танымал. Ол – ән әлеміне өз қолтаңбасымен келген өнер иесі. Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Қаратаудың арасын көркем дыбыс, кестелі әуезбен әрлеген дала дарындарының дәріпті жалғасы.

Осы  орайда,  8  наурыз – көктемнің  шуақты  күні  қарсаңында  әнші, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  артисі   Күлән  Қалымбетовамен  болған  сүбелі  сұхбатымызды  оқырман  назарына  ұсынамыз.

– Күлән Жантемірқызы, ән өнеріне келу – тағдыр ма, әлде саналы әрі тәуекелге толы таңдау  ма?

– Бұл – тағдыр. Тағдыр адам өміріне әсер етуі бек мүмкін. Себебі ауылдың қызымын. Қаза­лы ауданы, Бекарыстан би ауылында туғанмын. Сол аядай ғана елді мекенде өстік. Ол кезде ауылда жағдай өте қиын болатын. Домбыра, баянның сүйемелдеуімен ән айтатынбыз. Ол мектепте болса жақсы. Көбінде бола бермейтін еді. Төртінші сыныптан бастап ән айттым. Он үш, он төрт жасқа келгенде бір-ақ білдім әнші деген мамандық екенін, оның да оқуы бар екенін кейін барып естігенмін. Әншінің де үйі, отбасы болады екен деген менде ешқандай ұғым болған емес. Мектеп бітірген кешімде әнші болуды армандаймын деп шығарма жазып­пын. Бірақ, әнші болуға ата-анам үзілді-­кесілді қарсы болды. Сондықтан ата-анамның көңіліне қарап, жұлқынып шыққан емеспін. Біздің буын биязы болатын. Анамыздың «әкең келе жатыр» деген сөзі өте қатал естілетін. Мүмкін сол кездің тәрбиесі солай ма, білмедім. Әйтеуір қалай болғанда да мен әнші боламын деп алдыма мақсат қойып, соған бала күнімде жоспарлаған емеспін. Бірақ, бұйрық солай болған шығар. Алла талант пен талабымды ұштастырып, ел алдына әнші қылып шығарды. Содан  да  ойлаймын,  бұл  тағдыр  шығар   деп.

– Алғаш сахнаға шыққан Күлән мен бүгінгі Күләннің арасындағы ең үлкен айырмашылық қандай?

– Әрине, айырмашылық өте көп. Ең алғаш рет 1978  жылы филармонияға келгенімде сахна­лық киімнің өзі қат болатын. Ән айта­тын өнерпаз қыздар бір киімді кезектесіп киіп шығатын едік. Сол дәуірдің балалары өте ұяң болып келе­тін. «Ән айтасың, жаныңды жеп айтасың» деген сөз бар. Әрбір әнді барынша нақышына келтіріп орындау сол кездерден басталды. Бұл, біріншіден, халықты, екіншіден, өнерді сыйлау болатын. Ал, өзгені сыйлаған өзі де құрметке бөленетіні ол өмір тәжірибесінен белгілі. Ән мәтінін қатесіз айту­ға осы уақыттан дағды­ландық. Жарасымды киіну, аз сөйлеу мәдениеті – міне, сол уақыттардың бастауы. Қазір тәжірибе толысып, музы­калық аппаратура жетілген заманға жеттік. Бүгінгі көрерменнің де талғамы ерекше. «Айтушыдан тыңдаушы мықты болсын» деп Абай атамыз айтпақшы, мұның да өнерпазға  беретіні  көп.

– Өнерге келуіңізге не себеп болды?

– Өнер нағашы жағымнан дарыған болуы керек.  Аралдың Аманөткел деген  жерінде Нұртуған Кенжеғұлұлы деген жырау болған. Анам – осы шайыр бабамыздың ұрпағы. Үйге қонақ келгенде Нұртуғанның туған қарын­дасының баласы Жәмет жырау біздің шаңырақта талай мәрте жыр жырлағанын көзбен көрдім. Осы кісілердің насихат  терме, дастандары  бала күнімнен  құлағыма  сіңіп  өстім.

– Өнер жолында «бәрін тастап кеткім келді» деген сәт болды ма? Сол кезеңнен не алып шықты?

– «Өнер жолы – ауыр жол» деген – негізінде рас әңгіме. Сахна сыртында небір аласапыран сәттер жүздеп, мыңдап болып жатады. Бұл – әрбір  өнер  адамының басынан кешетін қалыпты жағдай. Өнер адамын түсініп, шығармашылығына қолдау көрсете білу – көрегендік. Сөз орайы келгенде облыстық филар­мония басшысы Талғат Бақытбекұлына ризашылығымды  білдіремін. Әрбір өнер адамын қанатының астына алып, жан-жақты қолдауын көрсетіп, ұдайы қамқорлық танытып келеді. Жалпы, өнер – айтыс-тартыстың жиі болып тұратын ортасы. Өнердің маңайын­да белгілі бір деңгейде ренжіскен сәттерді басымнан көп өткерген адамның бірімін. Бірақ, әннен қол үзіп кете алмадым. Өйткені, өнер, халық кімнен болсын биік. Ал, оны қиып кету өз болмысыңа қарсы шыққанмен пара-пар. Бес жыл бойы сахнаға шыға алмадым. Ән айта алмадым. Бірақ, соның себебін таба алмаған сәттерім болды. Өнерді тастамауыма екі адам себеп­кер болды. Біріншісі – Бердібек Сапар­баев, екіншісі – Роза Бағланова. Бердібек Сапар­баев өнерді жан дүниесімен түсіне білетін еді. Қажыған сәттерімде ақыл айтып жол көрсет­кен тұлға. Роза Бағлановамен таныс­тығымның өзі  қызық  болды.  Ауылымызда  үлкен  радио болатын. Содан Ермек Серкебаев, Рашид Мұса­баев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова бәрі өлең айтатын. Қыз баласы болғасын қызы­ғып, құлақ түріп тыңдаймыз. Роза Бағланованың әндерін үтір, нүктесіне дейін жаттап алғанмын. Сондай жақсы көремін. Бірақ, ол кім? Қай жақтың қызы деген ұғым болған емес. 1997 жылы Сыр еліне өнер сапарымен келді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Амангелді Жұматаев әншінің қасында жүруді тапсырды. Сәуле деген көмекшісінің отбасында жағдай болып, келе алмайтын болған екен. Сонымен атақты әншімен бірге аймақтың жеті ауданын аралау бақыты бұйырды. Бас-аяғы жиырма  күнге  жуық бірге жүріп, бұрыннан артық жақын көріп, жақсы көре түстім. Апайдың концертінің арасында 1-2 ән айтып, дауысым ұнап қалған болу керек. Мені жанына жақын тартып, ашық сөйлесе бастады. Өте сұсты кісі болатын.  Ән  айтар алдында 2-3 сағат бұрын тамақ ішпейді. Ретсіз боянбайды. Өзін-өзі ұстауы  маған үлгі-өнеге  боп  қалды.

– Өнер адамы үшін ән таңдауда хит қуалау мен  рухани  жауапкершіліктің  қайсысы  басым?

– Әрине, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Не нәрседе болсын жауапкершілік өте үлкен мәнге ие. Фотоға түсетін ән бөлек, нотаға түсетін ән бөлек болады, айналайын. Әншінің бағын ашатын әндер мүлдем басқа форматта жазылады. Ол әншінің тек дауысына ғана байланысты емес. Маған әнін ұсынған композиторлар көп болды. Мен ондайларға үзілді-кесілді қарсы боламын. Өйткені, көбіне қарапайым халық әндері жаныма жақын. Соларды орындауға тырысамын. Жастар жайлы пікір айта алмаймын. Олардың ойлау қабілеті мүлде басқаша ғой, шырағым. Бір білерім, бұйырған бақ кетпей­ді. Хит қуаламай-ақ, әдемі әндермен халық  жүрегі­нен  орын  алуға  болады.

– «Ұялмаған әнші болады» деген. Қазіргі уақытта ән де, әнші де көп. Уақыт өте келе іріктеліп  ең  үздіктері  қала ма? Қалай ойлайсыз?

– Өте орынды сұрақ. Осыдан тура он, он бес жыл бұрын туысқандарым хабарласып, «Қасыңа ал, тойларға барып ақша тапсын» деп өтініш айтады. Сонда ол әнді ойлап тұрған жоқ. Ақша тапсын дейді. Ал әннің қадір-қасие­ті қайда қалды?! Осы мәселе төңірегінде көп туысқанымды ренжіткен тұстарым көп болды. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайтыны» секілді, талант тасада қалмайды. Ол мүмкін уақытын өткізіп алар, бірақ түбінде жарыққа, халық алдына шығады. Күн бетін алақанмен көлегейлей алмайтының секілді, бойыңдағы дарынды бүркей алмайсың. Кім жалған, кім жасанды,  халық  таразылайды.

Табиғи  ән  қоғамды  тәрбиелейді

– Әндер қоғамды тәрбиелей ме, әлде тек көңіл  көтеру  үшін  ғана  ма?

– Әнді өзі мәні мен сәнін кіргізіп алып жүре алсаң, қоғамды тәрбиелейді. Сөзің дұрыс, жүрісің түзу болса, елге үлгі бола аласың. Айтатын әніңе де ел елеңдеп тұрады. Қазір ораза айы ғой. Ауызашарға да адам шақырғанда сөзі уәлі, иманжүзді адамды шақырасың ғой. Міне, сол секілді әніңнің әрі келіп, әтір иісі аңқып тұрса, артыңда  тыңдаушың  тұрады.

– Сахнадағы образ шынайы болмысыңыздың көрінісі ме, әлде көрерменге арналған ба?

– Сыйға сый, сыраға бал – өмірлік ұстанымым. «Сырт көз – сыншы» дей ме? Былайғы адамдар мені жуас көретінін білемін. Бірақ, көңілімнің төріне шығарсам да, адам баласын төбеме шығарған емеспін. Қоғамда да, отбасымда да осы қағидамен жүріп келемін. Халық­қа қырын қараған кезім жоқ. Неге? Өйт­кені, әнімді айтамын. Тыңдарман талғамына сай  өнерімді  көрсетемін. Өз жауапкершілігімді толық түсінемін. Елге ұнайын деп жасанды қимыл жасаған емеспін. Оның түпкі мәні ауылда берілген ата-анамның қарапайым тәрбиесінде жатыр. Болмысым өзгерген емес, өзгермейді  де.

– Танымалдық адамды өсіре ме, әлде ішкі еркін­дігін  шектей  ме? Сізге қалай әсер етті?

– Тағы айтайын. Мен елден шыққан ұяң қызбын. «Халық қаласа, хан түйесін сояр» деген сөз бар. Ешкім де халықтан биік болған емес. Мен танымал екенмін деп кеуде соққан кезім жоқ екен. Күні кешеге дейін жасым жетпіске келсе де таныған адамыма балаша жүгіре сәлем беріп тұрамын. Кішіпейілділік кісілікпен өлшенбейді. Әкем ауылдың қоңыр тіршілігімен айналысқан қарапайым кісі болды. Анам – қолөнер шебері болған адам. Қолы­нан шыққан дүниелерін музей қоры қабыл­дап алған. Қара­пайымдылықтан шығып, атақ келген кезде аспандап кете алмаймын ғой. 1973 жылы пед­училищеге оқуға түскенімде тәртіп тіптен қатаң болды. Әлі есімде, Ұлмекен Ырысбеков деген директорымыз болды. Қыз балаға аса сақтықпен қарайтын еді. Оқу бітіргесін Ақмыр­за Тұяқбаевтың қарамағында филармонияда қызмет жасадым. Ұжымдастарым үлкен кісілер болатын. Міне, адам сыйлау, ұжымға құрметпен қарау дәстүрі сол кезеңдерден бойыма сіңді деп айтсам болады. Фатима Төлегенова, Тұрсынкүл Баяғанова, Тәжігүл Аманжолова, Гүлжан Нұржанова секілді өнер саңлақтарымен қатар еңбек еткенімді мақтан етемін. Осындай ордалы өнер иелерімен қатар жүріп, халықтың риясыз көңілін көре отырып, қалай көкірек боласың? Нендей құрмет көрсең де, қалыбыңнан таймау  қағидатын  осы  кезеңдерден  үйрендік.

– Кісілік  пен кішіліктің айырмасы неде? Өмір  тәжірибесі  не  айтады?

 – Кісі боп кеудесіне күлше пісіп жүрген адам көп. Кейбіреулер газетке немесе телеарнаға шықса, төбеңе қазан  қайнатады. Құдай-ау, онда тұрған не бар? Сен одан өзгеріп кетпейсің ғой. Жалпы адамның өзгеретін мінезі ғана. Саулығыңды сұрап жүрген адамдар, сәлеміңді алмайтын кездер де болады. Өмір тәжірибесі осыны көрсетеді. Ал, кішіліктің бағасы – мүлде бөлек әңгіме. Оны әркім әрқалай түсінеді. Оны  оқырман  еншісіне  қалдырайын.

– Сын мен мақтаудың қайсысы сізді көбірек алаңдатады?

– Бірінші мақтауға тоқталайын. Мақтау­ды бәрі жақсы көреді. Мен бірінші мақтап отырған адамның көзіне қараймын. Мақтауы шынайы ма, жасанды ма? Сені сыртыңнан мақтап жатса, оны дұрыс мақтау деп біл. Ал, көзіңше көбі мақтай береді. Мәселе осында. Өзім өзгеге сын айтар кезде алдымен өзіме қараймын. Ол адамға сын айтатындай қандай деңгейдемін деген ой тұрады. Әнімді дұрыс айта алмай тұрып, ән айтқанға қалай күлемін? Сынды  ретімен  айтса, сынып  кетпей, өте жақсы  қабылдаймын.

– Қазіргі қазақ эстрадасында талант аз ба, әлде  талап  төмен  бе?

– Қазақ эстрадасында таланттар өте көп. Жалпы, қазақ даласы әлімсақтан талантқа кенде болмаған. Қазір аймақтағы осы филармонияда төрт жүзге жуық адам бар. Өте жақсы дауысы бар талантты жастар шоғыры көп. Көбісінің фамилиясын біле бермеймін. Сырттай жүзінен танып, риза боп жүремін. Мысалы ерлі-зайыптылар Әлішер мен Арай, Олжас пен Назым, «Тұран» триосы, Индира, Гүлфира, Рауза, Үміт – бәрі жақсы әншілер. Ал, талап болуы керек. Талап болған жерде жауапкершілік  жоғары  болады.

– Тойға жиі шығасыз ба? Халық қай әніңізді көп  сұрайды?

– Тойға жиі шықпаймын. Шақырту өте көп емес. Мені көбіне 70, 80, 90 жасқа толған ата-анала­рының мерейтойына шақырады. Ата-баба­ларымыз «Шақырғанға бар, шақыр­мағанда нең бар?» дейді ғой. Мүмкіндігінше шақырған жерлерден қалмауға тырысамын. Тыңдармандарым арасында көбіне-көп «Айқаракөз», «Мен сені жақсы көремін», «Көңіл толқуы», «Мерейтой», «Ағаларым» атты әнде­рім  кеңінен танымал. Ән – көңілдің ажары.

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай жырлағандай, айтылған ән көңіл толқынын тербетіп жатса, өнерпаз адамы үшін одан асқан бақыт жоқ.

– Ұлттық құндылықтарымыз құлдырап бара жатқандығы туралы әңгіме қозғалып жатады. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Бұл пікірге қосылмаймын. Мүмкін насихат жағы аз болып жатқан шығар. Бірақ құндылығымыздың құлдырап жатқанын көрмеймін. Айтыс, жыр, салт-дәстүр, әдет-ғұрып бәрі-бәрі өз биігінен бәсеңдеген емес. Осы жанрлар бойынша жас есімдер көктемгі бәйшешектей дүрілдеп шығып жатыр. Бұл шексіз қолдаудың арқасында. Қазір идеология аз. Ұлттық құндылықтар төңірегінде көп мәселе осыған байланысты. Таудай сөздің тастай түйіні – осы.

– Өнер жолына түскен жастарға бір ауыз шындықты  айтсаңыз, ол  қандай  болар  еді?

– Бір ауыз шындық айтсам, мінезін айт­қан болар едім. «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген Алаш арыстарының сөзі  бар. Ақиқаты осы. Шамалы өнері бар біреу­ге ақыл  айтсаң, шытынап шыға келеді. Балаларда  сабыр жетісе бермейді. Сабырлы­лық – имандылықтың кілті. Сабырлы адам бәріне салқынқанды қарайды. Ондай тұлға қоғамды алға сүйрейді. Жас күнімізде ән айту­ға бір  мерейтойларға жіберетін. Барамыз, әнімізді шырқап, үйімізге қайтамыз. Қазір жастарды жұмсасаң, «апай, ақша береді ме екен?» дейді. Не  деріңді білмей  қаласың. «Үлкен­дердің  бота­сын алма, батасын ал» деген тұжырым  кенжелеп  бара  жатқан  сыңайлы.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: