Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп  асханасындағы  қауіп:  Балалар  денсаулығына  кім  жауапты?

26.02.2026, 7:40 57

Қазақстанның білім беру жүйесінде мектеп асханаларынан оқушылардың тамақтан улану фактілері соңғы жылдары тек жекелеген оқиға емес, жүйелі мәселе ретінде көрініс беріп отыр. Бұл жағдай мемлекеттік бақылаудың төмен деңгейін және санитарлық талаптардың сақталмауын көрсетеді. Сонымен қатар, балалардың құқықтары мен денсаулығын қорғауда айтарлықтай олқылықтар бар екені байқалады. Мектеп  – балалардың күнделікті тамақтанатын орны, олардың физикалық дамуы мен білім алу қабілеті осы қоректенуге тікелей байланысты. Алайда кейбір өңірде мектеп асханаларынан шығатын тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық артып келеді, бұл ата-аналар мен қоғамның белсенді реакциясын  туғызатыны  анық.

Соңғы үш жылда еліміздің бірнеше өңірінде мектеп асхана­ларымен байланысты жаппай улану фактілері тіркелді. Маңғыс­тау облысында жүздеген оқушы медициналық бақылауға алынған жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Сол секілді Жамбыл облысында ондаған бала ауруханаға түсті. Ақтөбе өңірінде де мектеп асхана­сынан кейін улану жағдайлары тіркелген.

Ішкі істер органдарының мә­ліметіне сәйкес, бұл оқиғаға байланысты республика көлемінде мектеп асханаларындағы санитариялық талаптарды бұзу факті­лері бойынша қылмыстық істер қозғалған. Бұл істер негізінен Қылмыстық кодекстің 304-бабы – санитариялық қағидаларды неме­се гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша  тіркелген.

Денсаулық сақтау саласының сараптамалық мәліметтері көр­сеткендей, жыл сайын тіркелетін тағамдық токсикоинфекция жағ­дайларының белгілі бір бөлігі ұйымдастырылған тамақтану орындарымен байланысты. Оның ішінде мектеп асханалары да бар. Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп бар екенін ескерсек, күн са­йын миллионнан астам бала мектеп асханасында тамақтанады. Демек, бір ғана санитариялық қателік ондаған, тіпті жүздеген баланың  денсаулығына қауіп төндіруі  мүмкін.

Мамандардың пайымдауынша, мектеп асханаларындағы қауіп көбіне көзге көрінбейтін, бірақ жүйелі сипат алған кемші­ліктерден туындайды. Ең алды­мен, тағам өнімдерін сақтау талаптарының бұзылуы, яғни темпе­ратуралық режимнің сақ­талмауы, жарамды­лық мерзімінің қадағаланбауы, шикі және да­йын өнімдердің   бірге орналас­тырылуы – уланудың басты себептерінің  біріне  айналады. Бұған қоса, өндірістік  бақы­лау­дың тиісті деңгейде жүргізіл­меуі, аккредиттелген зертханалармен тұрақты келісімшарттардың болмауы және тағам үлгілеріне жаса­латын зертханалық талдау­дың формалды  сипат алуы  қауіп­тің  алдын алуға мүмкіндік бермей отыр. Сондай-ақ асхана қыз­меткерлерінің медициналық тексеру­ден толық әрі уақытылы өтпеуі, санитариялық  кітапшалардың қадағаланбауы да тәуекел­ді арт­ты­рады. Ал мектеп асханаларын жалға алған кейбір жеке кәсіп­керлер тарапынан жауапкершілік­тің жеткіліксіздігі, үнемдеу мақсатын­да сапа талаптарын айналып өту әрекеттері жағдайды күрделендіре түседі. Нәтижесінде балалардың денсау­лығына тікелей қатер төндіретін жүйелік осалдықтар қалыптасады.

ҚР Тағамтану институтының сарапшылары мектеп жасындағы балалардың ағзасы инфекциялар­ға сезімтал екенін алға тартады. Теңгерімсіз әрі санитариялық талаптарға сай дайындалмаған тағам иммунитеттің әлсіреуіне, ас қорыту жүйесінің бұзылуына және созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін.

Қызылорда облысында мектеп асханаларындағы ахуал тұрақты деп есептеледі. Дегенмен, соңғы үш жыл ішінде кейбір мектепте оқушылардың тамақтан улану фактілері тіркелген. Бұл өңірде жүйелі тексерулер жүргізіліп, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау бағытында  тұрақты бақылау  қамтамасыз  етілуде.

– 2023 жылғы 29 наурызда Қаза­лы ауданы, Қызылқұм ауылдық округі, Кәукей ауылындағы орта мектептің 14 оқушысы «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозы­мен уланған. Эпидемиологиялық зерттеу барысында мектеп асханасы мен медициналық пунктінде санитариялық талаптардың сақталмағаны, сондай-ақ жеке кәсіпкердің өндірістік бақылау жүргізу үшін аккредиттелген зертханамен келісімшарт жасамағаны анықталды. Асхана аспазы мен мейірбике уақытша жұмыстан шеттетіліп, кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­тің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес айып­пұл салынды, — деді Қызыл­орда облысының санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Г.Сыз­дықова.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы да бұл деректі  растады.

– 2023 жылы тағамнан улану жағдайы Қазалы ауданында тіркелді. 2024, 2025 жылдары және 2026 жылдың басынан бері облыс көлемінде мектеп асханаларымен байланыстырылған тамақтан улану деректері тіркелген жоқ, — деді басқарма басшысының орын­басары  М.Мирзанова.

Бұл дерек өңірдегі ахуалдың тұрақтылығын көрсеткенімен, анықталған бұзушылықтардың сипаты мектеп асханаларын­дағы қауіпсіздік жүйесінде жүйелі кемшіліктер бар екенін аңғартады. Әсіресе, өндірістік бақылаудың болмауы мектептегі қауіпсіздіктің формалды жүргізілгенін айқын көрсетеді.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023-2026 жылдар аралығында білім беру ұйымдарының асханаларына қатысты Қылмыс­тық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу салдарынан адамдардың жаппай сырқат­тануына  әкелген  деректер тіркелмеген.

– Бұл санаттағы қылмыстық істер болмағанымен, профилактикалық және әкімшілік бақылаудың  маңызы зор, — деді Қызылорда облыс­тық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының  бастығы, полиция полковнигі  Е.Жаукеев.

Құзырлы органдар мектептерде тамақтан улану фактісі болған жағдайда дереу эпидемиология­лық тексеру жүргізеді және сани­тариялық талаптардың бұзыл­ғанын анықтайды. Жауапты қызметкерлерге әкімшілік шара қолданылады, асхана қызметкер­лері уақытша жұмыстан шеттеті­ліп, кәсіпкерге айыппұл салы­нады.

Қазіргі уақытта өңірде мектеп асханаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз  ету үшін жүйелі тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, балалардың денсау­лы­ғын  қорғауға  бағытталған  кешенді  бақылау  қалыптастырылған.

2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мәдениет, білім және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге қол қойды. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда және балалар ұйымдарында бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді. Жоғары қауіп санатындағы нысандар кемінде жарты жылда бір рет тексерілсе, төмен қауіп санатында­ғы нысандар жылына бір рет тексеріледі. Мониторингтің жаңа форматы енгізіліп, санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейтілді. Алғашқы тексеруде айыппұл салынбай, бұзушылықты түзетуге мүмкіндік беріледі. Алайда сарапшылар бақылау сапасының басты рөл атқаратынын ескертеді. Егер тексерулер тек формалды сипатта болса, статистика төмендеуі мүмкін,  бірақ  қауіп  сақталады.

 Бұл мәселеде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уә­кілдер мектеп асханаларындағы қауіпсіздік мәселесін балалардың денсаулыққа құқығы аясында қа­растыру қажеттігін алға тартады. Баланың сапалы әрі қауіпсіз тамақ­тану құқығы – мемлекет кепілдік беретін негізгі құқықтардың бірі. Мектеп асханасындағы қауіпсіздік тек санитариялық қызмет­тің  немесе  білім басқарма­сының ғана мәселесі емес. Бұл – кешенді жауапкершілік, онда кәсіпкерлердің адалдығы, мектеп әкімшілігінің бақылауы, санитариялық қызметтің тиімділігі, құқық қорғау орган­дарының қадағалауы және ата-­аналардың белсенділігі бір арнаға тоғысуы  тиіс.

Қызылорда облысында соңғы үш  жылда  жаппай улану тіркелмегенімен, 2023 жылғы жағдай мектеп асханаларындағы қауіпсіз­дік жүйесінің осал тұстары бар екенін көрсетті. Республика көлеміндегі статистика бұл мәселенің жүйелі сипатқа  ие  екенін  дәлелдейді.

Мектеп асханасындағы қа­уіп­сіздік – жай ғана санитария­лық норма емес, бұл болашақ ұрпақ­тың  денсаулығына  салынған  инвес­тиция.  Әрбір  заң­бұзушылық – баланың денсау­лығына төнген нақты  қауіп. Баланың денсаулы­ғы – елдің стратегиялық капита­лы, ал мектеп асханасындағы ба­қылаудың әлсіздігі сол капиталға түскен  көлеңке  саналады.

О.БАҚЫТЖАН

Коллаж: SMARTNEWS.KZ., Дана Асылбек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: