Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күн туды ескі жұртқа жаңаратын

26.02.2026, 7:00 122

Наурыз – бір күндік мейрам емес. Ол – саналы азамат, біртұтас  қоғам қалыптастыруға бастайтын жол. Қоғам бір орында тұрмасы анық. Дамиды, өзгереді, түрленеді. Қоғамның түрлі шырғалаңынан өтіп, бірде құлдыраса, бірде өрлеген өзгеріс заңдылығы Ұлыстың ұлы күні Наурызға да тән. Бұл ұлы мейрам дабыралы науқанға, құр кезекті есеп-қисапқа көнбейтінін уақыт өзі дәлелдеп берді. Бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіптен, фольклорлық қойылымнан аспай жатқан Наурызға бірлестік атынан «SENBOL NAURYZ» деп жаңа пішін беру бастамасы осы олқылықтың орнын толтыру, сол арқылы  ортамызға  рухты  оралту  болатын.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Наурыз­ды жаңа мазмұнда тойлауды екі жыл бұрын бастады. Бұл  Президенттің мейрамның маңызын арттырып, рухани қуатын заманауи түрде жаңғырту туралы сұхбатына дөп түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасын іс жүзіне асырудың жолы Наурыз мейрамын азаматтық мерекеге айналдыру екенін түсінген бірлестік толық жүйеленген маңызды «SenBol Nauryz» тұжырымдамасын жасады, яғни бұл жерде ешкім көрермен емес,  бәрі  қатысушы.

Адамның ұлтына, тіліне, сенім-нанымына қарамастан, Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп беруге лайықталған «Жаңару» мен «Әдепті өркениет» құндылықтарына сай мәдени іс-шараның рухани негізі мен ұйымдастырылу жүйесі нақтыланды. Осы арқылы жаңашыл Наурыз мейрамы жалпыұлттық  бірегейлік  пен  азаматтық  ұстанымға  негізделді.

31 желтоқсан күнтізбелік Жаңа жыл өз кезегімен тойлана береді, ал Наурыз мейрамы – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТІРЕГІ.

Жаңа жылда Аяз атаның балаларға сыйлық беруі және бұл дәстүрдің берік орнығуы мерекені халыққа барынша жақындатты. Сол секілді Наурызда да, әсіресе жастардың, балалардың есінде қалатындай жаңалықтар, тосынсыйлар сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды жаңаша тойлау арқылы мерекеде атқарылатын салт-дәстүр, таным-ұғымдарды үлгі-өнеге беретін тәлім-тәрбиелік форматқа негіздей алу керек. Адамды бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізгілікке, парасаттылыққа баурайтын ұлттық мәдениетіміз әрі қарай да өміршең болуы үшін замана­уи талаптарға сай насихаттай білу мәселесі күн тәртібінде тұр. «Сенімен Болашақ» ұсынған тағы бір жол – Наурыздың күнтізбелік  Жаңа  жылмен  байланыстырылуы.

31 желтоқсанда түнгі сағат 00:00-де күнтізбе бойынша келер жыл басталса, Наурыздың 22-сінде ЖАҢА КҮНДІ қарсы алу дәстүрін түлетіп отыр. Атқан таңға, келер күнге үмітпен қара­ған адамзат тіршілік жаңаратын Наурызды жақсылыққа ниет етіп бастаса, үлкен де, кіші де риза болары һақ. Жаңа жыл – Наурыз­ды қарсы алу  осы  қасиетімен  де  басым  болып  тұр.

Мейрамның таңды қарсы алумен басталуы кездейсоқ таңдалған рәсім емес. Философиялық тұрғыда бұл – адамның ішкі  жаңаруы,  қоғамдағы әр азаматтың өз рөлін сезіну сәті. Таң – үміттің, адал ниеттің, жауапты таңдаудың уақыты. Бұл рәсім арқылы  қатысушылар «Мен қоғамға не бере аламын?» деген  ойға  жетелейді.

Отшашудың орнын ШАШУ толықтай алмастыра алады. Қуаныш­тың айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүрдің ерекшелігі – әр тәттіде (шашуда) «Сенімен Болашақ» ұжымының  ақ тілектері  жазылады.

Таңғы рәсімнен кейін ізгі  тілек жазылған тәтті шашу таратылады. Әрбір тілек – бір-біріне деген сенім мен қолдаудың көрінісі. Қоғам үшін бұл – ынтымақ пен ортақ жауапкершілікті нығайтатын  маңызды  символ.

ҚАЗАҚТЫҢ ТАҢҒЫ АСЫ ықшамдалған үлгісін әзірлеу – бағдарламадағы негізгі басымдықтың бірі. Таңғы ас күні бойы  күш-қуат  пен жігер беріп қана қоймай, құнарлылығымен ұзақ уақыт аштықты сезбеуге мүмкіндік береді. Жент, талқан, балқаймақ, кілегей, сүзбе, уыз, ірімшік сынды құнарлы таңғы ас белсенді қимыл-қозғалыстың кепілі ғана емес, ағзаның күні бойы алатын калориялық  қуатын тиімді  пайдалануға  жол  ашады.

Дастарқан – қазақ дүниетанымында тек тамақтану орны емес, пікір алмасу, тәрбие беру, ортақ құндылықтарды бекіту кеңістігі. Ата-аналар үшін бұл – бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкер­шілікті  ұғындыратын  маңызды  сәт.

Қазақы  таңғы  ас – тек күнді бастауға арналған тағам емес, ол халқымыздың өмірге деген көзқарасын бейнелейтін терең  философиялық  құбылыс. Таң – жаңа күннің, жаңа үміттің бастауы. Сондықтан қазақ халқы таңды құрметтеп, оны асықпай, таза  ниетпен  қарсы  алған.

Қазақы таңғы астың қарапайым болуы қанағат ұғымымен тығыз байланысты. Бауырсақ, май, құрт, қымыз сияқты тағамдар артық сән-салтанатты емес, табиғилық пен жеткіліктілікті  дәріптейді. Бұл – «азға қанағат, көпке шүкір» деген өмірлік  ұстанымның  көрінісі.

Таңғы ас арқылы адам мен табиғат арасындағы үйлесім айқын сезіледі. Барлық тағам табиғи жолмен, маусымға сай дайындалып, көшпелі өмір салтына бейімделген. Қазақ дүние­танымында адам – табиғаттан үстем емес, оның бір бөлшегі. Дүниенің дидарына сай әрбір тәжірибемен бұл тұжырымдаманың  толығып  отыруы  да  заңдылық.

Наурыз көктемнің келуімен, табиғаттың жаңаруымен көрі­ніс береді. Көктем жылы жаққа қайта оралған құстармен де сәнді. Қазақ үшін қарлығаштың өзіндік тарихи орны бар. Ол берекенің, шаңырақтың, ошақ пен отбасының символы іспеттес. Бесіктегі бөбекті айлакер масадан, аждаһа айдаһардың айбары­нан аман алып қалған қарлығаштың ерлігі киелі ұғымға айналды. Бірлестіктің биылғы дастарқанының басты асы – «Қарлығаш» тәтті тоқашы болмақ.

Сонымен қатар таңғы ас – отбасы бірлігінің белгісі. Бір дастарқан басында жиналу үлкенге құрмет пен ұрпақтар сабақ­тастығын қалыптастырады. Осылайша қазақы таңғы ас рухани құндылықтарды  күнделікті өмірмен  байланыстырады.

Қорыта айтқанда, қазақы таңғы ас – еңбекті, қанағатты, табиғатпен үйлесімді және берекелі өмірді дәріптейтін ұлттық философияның  айқын  көрінісі.

Бірлестік миссиясының бірі саналы ата-ана мәдениетін қалып­тастыру болғандықтан, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсеткен дала философиясы «SenBol Nauryz» тұжырымдамасында берік негіз қалаған. «Анаға тағзым» бөлімі арқылы үлкенге сәлем беріліп, ақсақал мен анадан бата алу дәстүрі орындалады. Бұл – отбасы тәрбиесінің, әке мен ананың қоғамдағы рөлін айқындайтын  терең мағыналы рәсім. Ұрпақ сабақтастығы, құрмет пен ізет осы сәтте нақты іс арқылы көрініс табады.

TREE OF LIFE. Көктеммен бірге келіп, көңілді көріктендіретін мейрамды жаңаша мерекелеудің жобасына бірлесіп ағаш отырғызу да енгізілді. Бұл – сабақтастықтың, жаңа өмірдің, табиғатпен етене жақындықтың және жаһандық экологиялық қозғалысқа қосқан үлестің үлгісі. Одан бөлек астын сызып айтар дүние, Жаңа жылда шыршаларды кесіп, табиғатқа залал келтірсе, Наурызда керісінше, «бір тал кессең, он тал ек» қағидасын берік ұстанып, елімізді көгалдандыруға үлес қосады. Ағаш отыр­ғызыңыз – өмір сыйлаңыз. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі үшін азаматтық жауапкершілік – тек сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінетін ұстаным. Осы тұрғыда ағаш отырғызу іс-шарасы ерекше мәнге ие. Таби­ғатқа жасалған әрбір қамқорлық – болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Бұл іс-­шара ата-аналар мен балаларға экологиялық мәдениетті, ортақ кеңістікке  жауапкершілікпен  қарауды  үйретеді.

Философиялық тұрғыдан алғанда, ағаш отырғызу – уақытпен  келісім  жасау. Бүгінгі еңбек  ертеңгі игілікке  айналады. Бұл – азаматтық  сананың  ең  қарапайым  әрі  ең  терең  көрінісі.

Мейрам аясындағы еңбек шеберханасы қолөнер арқылы тәрбиелеудің тиімді құралына айналады. Мұнда тек бұйым жасал­майды, мұнда еңбекке құрмет, сабыр, ұқыптылық сияқты қасиеттер қалыптасады. Ата-ана мен бала бірлесе әрекет етіп, тәрбиенің  сөзбен  емес,  іспен  берілетінін  сезінеді.

ЕҢБЕК ШЕБЕРХАНАСЫ – адам өмірінің негізі. Еңбек – адамды материалдық да, моральдық та дамыту құралы. Қазіргі альфа  ұрпаққа  еңбек  құндылығын дәріптеуде Наурыз мейрамы – таптырмас құрал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жұмысшы  мамандықтары жылы» деп жариялауы бекер емес. Жоғары бағалануы тиіс еңбек адамының қадір-қасие­тін  арттыру  арқылы  жастарды  тәрбиелеу  ұстанымы  жатыр.

Наурызкөжені бірге дайындау және бірге дәм тату – бірлік пен теңдіктің айқын белгісі. Әртүрлі дәмнен құралған көже секілді, қоғам да әртүрлі көзқарас пен тәжірибеден тұрады. Алайда ортақ мақсат пен жауапкершілік бәрін бір арнаға тоғыстырады. Бұл – азаматтық қоғам үшін аса маңызды ой. Ұлыстың ұлы күні дайындалатын ас – наурызкөженің адам ағзасына берер қуаты мен нәрі бөлек. Құрамына жеті түрлі дәм қосылып даярланатын көжені қазан толып, ақ мол болсын деген ниетпен бірлестік қызмет­керлері  бірлесе  даярлайды.

Наурыз мейрамының жаңа форматтағы тұжырымдамасында мерекенің идеялық өзегін айқындайтын төрт символикалық түс таңдалды: ақ, көк, жасыл және қызыл. Бұл түстер тек эстетикалық шешім емес, олар – адамның ішкі әлемін, қоғамның рухани бағытын және азаматтық ұстанымын бейнелейтін философия­лық  жүйе.

Ақ түс – тазалық пен сәуленің, жарықтың нышаны. Ол руха­ни ағаруды, ниеттің тазалығын, әділ ой мен адал әрекетті білдіреді. Ақ түс – жаңа бастаманың белгісі, өмірді «ақ парақ­тан» бастауға деген дайындық. Бұл – ұрпақ санасына таза құндылықтар­ды сіңіру, ал қоғам үшін ашықтық пен сенімге негізд­елген  қарым-қатынас  орнату.

Көк түс – аспан мен судың, тыныштық пен тереңдіктің түсі. Ол мемлекеттік тумен үндесе отырып, тектілікті, елдік сананы, бейбітшілік пен рух еркіндігін білдіреді. Көк – кеңістікті ойлау, жауапты шешім қабылдау, азаматтық ұстанымды айқындау түсі. Бұл түс әрбір ата-ананы өз отбасымен қатар, қоғам алдындағы  жауапкершілігін  сезінуге  жетелейді.

Жасыл түс – даму мен балғындықтың, жаңару мен үміттің символы. Ол табиғаттың оянуын ғана емес, адамның санасының жаңғыруын білдіреді. Жасыл – жаман әдеттен арылу, дұрыс таңдау жасау, экологиялық және рухани тазалыққа ұмтылу. Ағаш отырғызу бастамасы осы түстің мағынасын нақты әрекетпен бекітеді. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған жауапты қадам.

Қызыл түс – энергия мен ішкі оттың, өмірлік күш пен табан­дылықтың белгісі. Ол сенімнің беріктігін, әрекетке дайын­дықты, қорқыныштан емес, жауапкершіліктен туындайтын батылдықты білдіреді. Қызыл – аға буынның келешек үшін күресі, қоғамдағы белсенді азаматтың үнсіз қалмау ұстанымы. Бұл – өзгеріс  жасауға  итермелейтін  қуат.

Төрт түстің бір мерекеде тоғысуы адам болмысының толықты­ғын көрсетеді: ақ – ниет, көк – сана, жасыл – даму, қызыл – әрекет. Осы төрттаған арқылы Наурыз мейрамы тек дәстүрлік іс-шара емес, азаматтық жауапкершілікке бастайтын өмірлік  бағдар  ретінде  ұсынылады.

Қоғамдық бірлестік үшін бұл түстер – ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ философия, ал мереке – сол философияны бірге сезініп, бірге  іске  асыратын  кеңістік.

Наурызды  жаңаша  және заман талабына сәйкес өткізу, яғни бұл мерекені шоу деңгейінде емес, өз болмысында атап өтіп,  қоғамдық  үрдіске  айналдыру.

Соңғы жылдары бірқалыпты сарынға түсіп бара жатқан Нау­рызды тойлаудың жаңаша форматына өзіндік үлесін қоса білген бірлестік жоғарыда аталған мағыналы бағдарламасы арқылы Наурызды ортақ мейрамға айналдыруды көздейді. Десек те, адамдық, адамгершілік құндылықтар заманға емес, адамға тән, соны өз тұғырында ұстай білу әрқайсысымызға байланыс­ты. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бірлесе тірлік етсек, біз алмайтын қамал болмайды. «Сенімен Болашақтың» азаматтық  ұстанымы ретінде басталған бұл үрдіс қоғамда қолдау тауып, белең алса, қоғамның ұтары мол. Бірлестік құрылтайшысы, идея Авторы Нұркен Асанов: «Есті елге іс қылар, Ессіз елді күс қылар», — дегендей, елге іс қылатын азаматтардың қатары­нан  болайық.

«Сенімен  Болашақ» 

республикалық  қоғамдық  бірлестігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: