Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіз бақылаушылар бірлестігіне сауалнама үшін айыппұл салынды

25.02.2026, 9:40 66

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тәуелсіз бақылаушылардың «Жария» бірлестігіне сайлау заңнамасын бұзды деген негізбен 65 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы бірлестік жетекшісі Бекнұр Сыражанов Азаттық радиосына берген түсініктемесінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, 20 ақпанда Jaria ұйымының Facebook парақшасында «15 наурызда өтетін референдумды бақылау қажет пе?» деген сұрақпен жазба жарияланған. Прокуратура бұл жазбаны қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ретінде бағалап, заң талаптары сақталмағанын алға тартқан. Қаулыда аталған сауалнамаға 16 адамның қатысқаны көрсетілген.

Бекнұр Сыражанов өз әрекетінің мақсаты референдумды бақылауға ниетті азаматтарды анықтау болғанын айтады.

– Референдум туралы заңда заңсыз сауалнама жүргізуге болмайтынын білеміз. Бірақ бұл жерде менің мақсатым қоғамдық пікірді анықтау емес, тек бақылаушы болғысы келетін адамдар бар-жоғын білу еді. Әлеуметтік желіде сондай ниет білдіретін азаматтар табылуы мүмкін деп ойладым, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Орал қалалық соты «Уральская неделя» газетіне сайлауға қатысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу талаптарын бұзды деген себеппен 129 750 теңге көлемінде айыппұл салған болатын.

Сондай-ақ 2026 жылғы 17 ақпанда Алматы қаласының әкімшілік соты Азаттық радиосының тілшісі Мақпал Мұқанқызына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгілеп, журналистің отбасылық жағдайын ескере отырып, оның көлемін 30 пайызға қысқартқан еді.

Осы оқиғалар елде сайлау және референдум қарсаңында қоғамдық пікірді зерделеу мен ақпарат таратуға қатысты талаптардың қатаңдатылып отырғанын аңғартады.

Фото: Fireepik.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: