Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» көрнекті композитор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Тағылымды кешке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, композитордың жары Баян Дүйсекеев, ұлы Нұркен Дүйсекеев, сондай-ақ туған-туыстары мен өнер жанашырлары қатысты.

Кеш барысында алдымен композитордың өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Одан кейін сахнада Кеңес Дүйсекеевтің ел жадында сақталған таңдаулы әндері орындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Концерттік бағдарламада «Асыл ана», «Ойлан, балам», «Өмір, өмір», «Анаға хат», «Ойлайсың ба, жаным», «Ақ қар», «Ғашық әнім», «Өкінбе сен» секілді туындылар шырқалды.
Сахна төрінде Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева «Сәлем саған, туған ел» әнін орындап, кеш көркін аша түсті. Ал Мәдина Сәдуақасова Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған «Теңеу бар ма саған?» әнімен тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Жұбаныш Жексенұлының «Туған жер» әні де кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Кеңес Дүйсекеев – қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген көптеген туындылардың авторы, ұлттық рух пен заманауи әуенді шебер ұштастырған бірегей композитор. Ол ұлттық эстрада мен симфониялық музыкада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ ән өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Композитордың «Қаракөзайым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!» секілді алғашқы шығармалары-ақ халық арасында кең танылды. Ал Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Қарағым-ай» әні қазақ әнін әлем сахнасына шығарып, шетелдік тыңдарманның жоғары бағасына ие болды.
Айта кету керек, 2006 жылы композитордың 60 жылдығына орай «Туған жер» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, кейін бұл өнер додасы республикалық, ал 2013 жылдан бастап халықаралық деңгейге көтерілді. Бүгінде байқау жыл сайын түрлі елдерден келген талантты жастарды бір сахнада тоғыстырып келеді.
Тағзым кеші қазақ музыкасының алып тұлғасына деген ел құрметінің айқын көрінісі болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!