XXI ғасыр – ақпарат пен технология дәуірі. Бүгінде қоғамның тыныс-тіршілігі әлеуметтік желімен тікелей байланысты. Қазір таңғы жаңалықтан бастап кешкі уақытқа дейінгі аралықта адам баласы Instagram, TikTok, YouTube, Telegram сынды платформалар арқылы ақпарат алады, пікір алмасады, көзқарас қалыптастырады. Осы кеңістікте жаңа бір әлеуметтік топ – блогерлер қауымының пайда болғанына біршама уақыт болды. Иә, қазір желідегі түрлі блогерді көріп «ақшаның ермегі ғой» деп баға беріп, келесі рилсқа өтіп кете беретін болыппыз. Мұнымен не айтқымыз келеді?
Кеше ғана бос уақыттың ермегі саналған желідегі жазбалар мен бейнероликтер бүгінде табыс көзіне, тіпті тұтас кәсіпке айналды. Мыңдаған оқырман жинап, өз өмірін жариялап, қаралымды қаржыға айналдырып жүргендерге жастар да еліктей бастады. Енді бірі блогерлікті шығармашылық еркіндік деп түсінсе, енді бірі оны тұрақсыз, уақытша әуестік деп бағалайды.
Сонда блогер болу – нағыз мамандық па, әлде жай ғана хобби ме?
БЛОГЕРЛІК: ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТАН КӘСІПКЕ ДЕЙІН
Көптеген блогер өз жолын қарапайым әуестіктен бастайды. Бірі аспаздық рецептімен бөліссе, бірі саяхат әсерін жариялайды, енді бірі күнделікті өмірінен сыр шертеді. Алғашында бұл әрекет аудитория жинау немесе танымал болу мақсатынан гөрі, өзін-өзі таныту қажеттілігінен туындайды. Алайда уақыт өте келе тұрақты көрермен қалыптасып, парақшаға сұраныс артқан сайын блог жүргізу кәсіби сипат ала бастады. Контент жоспары жасалады, түсірілім сапасына мән беріледі, аудитория талғамы зерттеледі. Жарнама берушілермен келісімшарт жасалып, табыс түсе бастайды. Осы сәттен бастап блогерлік тек ермек емес, жауапкершілік жүктейтін қызметке айналады.
Қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде «контент-креатор», «инфлюенсер», «цифрлық маркетолог» сияқты ұғымдар кең таралған. Бұл – блогерліктің нақты экономикалық салаға енгенін аңғартатын көрсеткіш. Демек, блогерлік белгілі бір деңгейде кәсіби еңбек формасына айналып отыр. Сонымен қатар бұл форматтағы блогтық кәсіп жүргізу саласы қазіргі уақытта жер таңдамайды, қолыңызда әлеуметтік желіні басқара алатын смартфон болса, кішігірім контент, одан әрі оны кәсіпке айналдыруға мүмкіндік жоғары. Осы тұрғыда ауылда да өз блогтық кәсібін жүргізіп, ауыл өмірін көрсетіп, кішігірім парақша арқылы кең аудиторияға танылып жүрген жандар аз емес. Соның бірі – Аяна Әлімхан. Қызылорда өңірінің келіні атанған жас блогер әлеуметтік желіде ауыл тұрмысын, қазақы салт-дәстүрді, отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді. Аяна өз парақшасында күнделікті тіршілікті – қонақ күту, дастарқан жаю, ауылдағы еңбек, бала тәрбиесі, абысын-ажын қалжындары сынды қарапайым көріністерді табиғи қалпында көрсетеді. Жасанды жылтырақтан гөрі шынайылыққа басымдық берген блогердің контенті көрерменге жақын. Оның айтуынша, блог жүргізуді алғашында ермек ретінде бастаған. Алайда уақыт өте келе аудиториясы көбейіп, жарнамалық ұсыныстар түсе бастаған соң, бұл іс табыс көзіне айналған.
– Блог жүргізуді алғашында өзім үшін, күнделікті өмірдің қызықты сәттерін бөлісу барысында бастадым. Бастапқыда ауыл тіршілігі ешкімді қызықтырмайтын шығар дегеніммен, кейін оқырманның көбейіп, қолдағанынан блогерлік жолымды бастағаныма өкініш болмады. Әлеуметтік желі арқылы ұлттық дәстүрді, отбасы құндылығын көрсету мен үшін маңызды. Қазір блог – тек хобби емес, жауапкершілік пен еңбекті талап ететін іс, — деді Аяна Әлімхан.
Бұл мысал блогерліктің географиялық шекарасы жоқ екенін дәлелдейді. Үлкен қалада тұру немесе арнайы студияға ие болу міндетті емес. Бастысы, мазмұн, идея және тұрақтылық. Ауыл өмірін арқау еткен блогерлер арқылы ұлттық құндылықтар жаңаша форматта насихатталып, жастардың дәстүрге деген қызығушылығы арта түсуде.
ЖАСТАР БЛОГЕРЛІГІ: ЖАУАПКЕРШІЛІК, ЗАҢ және САЛЫҚ
Дегенмен, блогерлік тек табыс пен танымалдылық емес. Ол – қоғам алдындағы жауапкершілік. Әлеуметтік желідегі әрбір жазба, әрбір пікір мыңдаған адамға әсер етуі мүмкін. Әсіресе, қазір блогерлердің легі жастар болғандықтан, олардың сөзі мен әрекеті өлшенген, сараланған болуы тиіс.
Қоғам белсенділері блогерлердің ықпалы артқан сайын олардың құқықтық және моральдық жауапкершілігі де күшейетінін жиі айтады. Жарнама мәселесі, жалған ақпарат тарату, қаржы жинау сияқты тақырыптар қоғам назарынан тыс қалған емес. Бұл блогерліктің жай ғана әуестік деңгейінен әлдеқайда жоғары тұрғанын көрсетеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда блогерлердің заңдық мәртебесі мен салықтық жауапкершілігіне ерекше назар аударылып келеді. Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізген мониторингке сәйкес, елде цифрлық контент авторларының табысы нақты бақылана бастады. Мәселен, бір топ блогер өз табысын ерікті түрде жариялап, 1,4 миллиард теңгеден астам табысқа қатысты 73,6 миллион теңге салық төледі деп хабарланды. Сонымен қатар басқа ақпарат бойынша 15 блогерге 1,5 миллиард теңге көлемінде салық есептеліп, оның 75 миллион теңгесі бюджетке аударылғаны белгілі болды.
Салық органдарының бақылауы тек көрсетілген сомаға ғана емес, блогерлердің табыстарын толық көрсетуге және салық міндеттемелерін орындауға бағытталған. Былтыр МКК 850-ден астам блогерге кірістерін декларациялау туралы ескерту жіберді, нәтижесінде шамамен 360 блогер 10,5 миллиард теңге көлемінде табысын жариялап, табыс салығын 256 миллион теңгеден астам төлегені айтылды.
Бұл өзгерістер блогерлік қызметтің заң алдындағы орны мен кәсіптік ауыртпалығын айқындап берді. Әлдеқайда ашық және жауапты болу мақсатында салық төлеу блогерлерді заңсыз әрекеттерден аулақ ұстаудың бір жолы ғана емес, цифрлық кәсіпті кәсіби түрде жүргізудің міндетті шартына айналды. Әсіресе, елде заңсыз лотереялар немесе жарнаманы дұрыс көрсетпеу сияқты заңбұзушылықтардың жиі кездесуі салық органдары мен қоғам тарапынан күшейтілген бақылауды талап етеді.
Бүгінде көптеген жас «блогер болсам» деп армандайды. Еркін жұмыс кестесі, шығармашылық еркіндік, жоғары табыс мүмкіндігі бар бұл саланың тартымды тұстарынан бөлек, көрінбейтін жақтары да жетерлік екенін ұмытпаған дұрыс. Блогерлікті бастап, қолға алып кеткенше тұрақсыздық, үздіксіз ізденіс, бәсеке, сын-пікір сынды жайсыздықтар адамның райынан қайтарып тастауы әбден мүмкін. Бұған қоса, салық төлеп әбігерге түсуі де ғажап емес. Блогерлік – бір күнде қалыптаспайтын сала. Аудитория сеніміне ие болу үшін уақыт пен табандылық қажет. Әсіресе ұлттық құндылықты, отбасылық тәрбиені, білім мен мәдениетті насихаттайтын блогерлердің еңбегі қоғам үшін маңызды.
Сонымен, блогер болу – мамандық па, әлде хобби ме?
Жауап – оның қалай жүргізілетініне байланысты. Егер блог жеке қызығушылық аясында қалса, ол – хобби. Ал жүйелі түрде жоспарланып, табыс көзіне айналып, заңдық әрі кәсіби талаптарға сай жүргізілсе, ол – заманауи саланың бір түрі.
Цифрлық дәуір адамға өз мүмкіндігін өзі қалыптастыруға жол ашты. Блогерлік – сол мүмкіндіктің бірі. Бірақ қай сала болсын адалдық пен жауапкершілік алдыңғы орында тұрмаса, танымалдылықтың ғұмыры ұзақ болмайды.
Сондықтан блогерлікке қадам басқан әр жас ең алдымен «Мен қоғамға қандай құндылық ұсынамын?» деген сұраққа жауап іздеуі тиіс.
Өйткені нағыз кәсіп пайда табумен ғана емес, қоғамға тигізген әсерімен өлшенеді.
Тақырыпқа тұздық
Цифрлық шаршау:
Еуропа жастары неге әлеуметтік желіден
саналы түрде бас тарта бастады?
XXI ғасыр – экранға телмірген ұрпақтың ғасыры. Таңертең ояна сала қолға алынатын алғашқы зат – смартфон. Күнделікті жаңалық, достардың жазбасы, қысқа бейнероликтер мен шексіз лента. Уақыт білінбей өтеді. Бірақ соңғы жылдары Еуропа елдерінде жастар арасында тосын құбылыс байқала бастады. Олар әлеуметтік желіден әдейі уақытша бас тартуды сәнге айналдырған.
Бұл құбылыс халықаралық ортада «digital detox», яғни цифрлық тазару деп аталады. Оның мәні – белгілі бір уақыт аралығында әлеуметтік желіні пайдаланбау немесе мүлде шектеу. Бұл – жай ғана тренд емес, жастардың психологиялық саулығын сақтауға бағытталған саналы қадам.
Экран алдындағы өмір: көрінбейтін шаршау
Германия, Нидерланд және Финляндия елдеріндегі жастар ұйымдары жүргізген зерттеулерге сәйкес, әлеуметтік желіде ұзақ отыру зейіннің әлсіреуіне, ұйқы режимінің бұзылуына және мазасыздықтың артуына әсер етеді.
Көптеген студент күніне 4-6 сағат уақытын смартфонға жұмсайтынын мойындаған. Ал демалыс күндері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Сарапшылар мұны «үнсіз шаршау» деп атайды. Адам физикалық тұрғыдан шаршамауы мүмкін, бірақ ақпараттың шамадан тыс көптігі миды қажытады.
Финляндиядағы кейбір университет аптасына бір күнді «телефонсыз күн» деп жариялаған. Бұл күні студенттер гаджетсіз дәріс тыңдап, үзілісте ашық аспан астында серуендейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибе студенттердің өзара қарым-қатынасын жақсартып, зейінін арттырған.
Шынайылыққа ұмтылыс
Нидерланд елінде жастар арасында «офлайн кездесу клубтары» пайда болған. Мұндай клубтарға қатысушылар алдын ала келісіп, бірнеше сағат бойы телефондарын арнайы жәшікке салып қояды. Олар кітап оқиды, пікірталас ұйымдастырады, үстел ойындарын ойнайды немесе жай ғана әңгімелеседі.
Қатысушылардың бірі: «Біз бір бөлмеде отырып, бір-бірімізбен сөйлеспей, тек экранға үңіліп отыратынбыз. Қазір адамдардың көзіне қарап сөйлесудің өзі ерекше сезім сыйлайды», — дейді.
Бұл жастардың виртуалды әлемнен толық бас тартуы емес. Керісінше, олар технологияны өз өмірін басқарудың құралына айналдырғысы келеді, ал технологияның өздерін басқаруына жол бермеуге тырысады.
Психологтардың пікірінше, әлеуметтік желі дофамин гормонының бөлінуіне әсер етеді. Әрбір «лайк» немесе пікір адамға қысқамерзімді қуаныш сыйлайды. Алайда бұл сезім тез өшеді де, адам қайтадан экранға үңіледі. Уақыт өте келе бұл әдетке айналып, тәуелділік белгілерін көрсетуі мүмкін. Сондықтан мамандар күніне кемінде бір-екі сағат гаджеттен алшақ болуға кеңес береді. Ұйықтар алдында телефон қолданбау, таңды әлеуметтік желіден бастамау, демалыс күндері табиғат аясында серуендеу – цифрлық тепе-теңдікті сақтаудың қарапайым тәсілдері.
Жаңа мәдениет қалыптасып келе ме?
Әлеуметтік желіден саналы түрде демалу бүгінде Еуропа жастарының өмір салтына айналып келеді. Кейбір мектепте «цифрлық үзіліс» енгізілсе, кей компания жұмыс уақытында әлеуметтік желіге кіруге шектеу қойған.
Бұл бастамалар жастардың технологиядан бас тартуын емес, оны саналы түрде пайдалануды көздейді. Себебі интернет – білім мен мүмкіндіктің көзі. Бірақ шектен тыс қолдану адамның уақытын ғана емес, көңіл күйін де «жұтып» қоюы мүмкін.
Қазақстан жастары да әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. Бұл – заман талабы. Дегенмен, шетел тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық мәдениетті қалыптастыру аса маңызды.
Әлеуметтік желі – құрал. Ал өмірдің өзі – экранның ар жағында емес, жанымызда. Достың күлкісі, кітаптың иісі, табиғаттың тыныштығы – бұлардың ешқайсысын экран толық алмастыра алмайды.
Цифрлық дәуір жастары үшін басты міндет – технология мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті табу. Өйткені нағыз еркіндік – уақытты өзің басқара алу.
О.БАҚЫТЖАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!