Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада мәдени кеңістік жаңармақшы

15.02.2026, 19:24 40

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аймақ басшысы заманауи кітапхана мен жаңа театрдың салыну алаңына барып, сондай-ақ Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста инвестор қаржысы есебінен көпфункционалды, заманауи кітапхана салу жоспарланған. Жобаға 20 млрд теңге бағытталып отыр. Болашақ кітапхана өңірдегі кітапхана инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, оқырмандарға қолжетімділікті арттыруға және мәдени-ағартушылық орталық ретінде қызмет етуге тиіс. Ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды. Кітап қоры 1 миллионнан астам басылыммен қамтылып, жылына 250–300 мың адамға дейін қызмет көрсету көзделген.

Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, заманауи каталог жүйесі, цифрлық ресурстармен жұмыс істейтін арнайы бөлме, медиа-лаборатория және подкаст студиясы орналастырылады. Бұл жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және жаңа форматтағы білім алуға мүмкіндік береді.

Өңірде бой көтеретін жаңа театр да мәдени өмірге серпін бермек. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, сахна мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұл әртістердің кәсіби дайындығын арттырып, күрделі қойылымдар мен тың режиссерлік жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Жаңа дыбыс және жарық жүйелері қойылымдардың сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Президент саябағын жаңғырту жұмыстарын Alem Qurylys AQ серіктестігі жүргізіп жатыр. Жобаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, саябақ аумағында 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ салынады. Сонымен қатар аллеялар, субұрқақтар, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары, workout және тынығу аймақтары бой көтереді. Фудкорт, аттракциондар, велосипед және жүгіру жолақтары, теннис үстелдері де қарастырылған.

Ботаникалық бақ аумағында да абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. 2,41 гектар жер көгалдандырылып, Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония және Мадагаскар елдерінде өсетін өсімдіктер отырғызу жоспарланған.

Балалар лагерінің құрылысына 6,02 гектар жер бөлінген. Мұнда әкімшілік ғимарат, іс-шаралар алаңы, төрт тұрғын корпус, қонақүй типіндегі шағын ғимарат, бес киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна және өзге де демалыс пен техникалық нысандар салынбақ.

Жобалардың барлығы Қызылорданың мәдени-инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: