Қызылордада өгей қызын аңдып, тыныштық бермеген ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Қызылорда облысының Полиция департаменті хабарланды.
Полиция мәліметінше, жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызбен жүгінген. Оның айтуынша, өгей әкесі өзін ұзақ уақыт бойы аңдып, түрлі жолмен мазалап келген. Арыз түскеннен кейін полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдап, күдіктіні анықтап, қамауға алған. Қылмыстық іс тәулік ішінде сотқа жолданған.
Өңірлік полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында әйелдерге қатысты сталкингтің алты дерегі тіркеліп, барлығының жолы кесілген. Барлық жағдайда күдіктілер жәбірленушілермен бұрын таныс адамдар болып шыққан.
«Қызылорда облысы Полиция департаменті қызметкерлері сталкингтің 6 дерегінің жолын кесті. Ол қылмыстың барлығында да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын таныс болған. Қыз балалар мен әйелдердің қарым-қатынастан бас тартқанына қарамастан, ер адамдар оларды аңдып, байланыс орнатуға тырысқан. Күдіктілер жедел түрде ұсталып, қылмыстық істер сотқа жолданған. Соттың үкімімен олар қамауға алынды. Полиция мұндай құқық бұзушылықтар үшін қолданыстағы заңнама аясында қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары міндетін атқарушы Бауыржан Сәулебеков.
Құқық қорғау органдары азаматтарды осындай жағдайға тап болған жағдайда уақыт оздырмай полицияға жүгінуге шақырады. Мамандардың айтуынша, дер кезінде берілген арыз қудалау әрекеттерінің алдын алып, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Фото: Видеодан скрин
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!