Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі еңбек ардагерін мерейтойымен құттықтады

10.02.2026, 3:37 30

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Түктібай Өмірзақ Алтынбайұлын 75 жас мерейтойымен құттықтады.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, сала басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.

Аудан басшысы Өмірзақ Алтынбайұлының ел дамуына сіңірген елеулі еңбегін атап өтіп, мерейтой иесіне ризашылығын білдірді.

-Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын. Туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарған ел ағаларының ерен еңбегі, мемлекетімізге қалтқысыз еткен адал қызметтері – біздерге қашанда үлгі-өнеге. Қазалы өңірінде түрлі салада аянбай тер төгіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар аз емес. Олар қиын-қыстау кезеңдерде де табандылық танытып, ел бірлігі мен берекесін сақтауға зор ықпал етті. Бүгінде ауданымызда жүзеге асырылып жатқан игі бастамалар мен даму бағдарламалары – осы бір ардақты жандардың салып кеткен сара жолының жалғасы. Бүгінгі жиынымыз – қажырлы еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыз Өмірзақ Алтынбайұлының 75 жасқа толу құрметіне арналуда. Сізге тілеулес азаматтардың, адал ақ ниетті жерлестеріңіздің атынан бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Мерейлі сәтте Өзіңізге мықты денсаулық, жақындарыңызға амандық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Салтанатты қабылдау барысында Өмірзақ Алтынбайұлына өңірдің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Қызылорда облысының ең жоғары марапаттарының бірі – облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталып, дәстүрге сай шапан жабылды.

Жиында алғашқы құттықтау сөз аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлішке беріліп, мерейтой иесінің еңбек жолына, елге сіңірген қызметіне жоғары баға берілді. Сондай-ақ медицина саласының ардагері Сержан Берденұлы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қасқырбай Әлімбай мен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде Өмірзақ Алтынбайұлы көрсетілген құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, туған жерінің дамуына әрдайым жанашыр бола беретінін атап өтті.

Өмірзақ Алтынбайұлы 1951 жылы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1973 жылы бастаған ол Қазалы кірпіш зауытында түрлі жауапты қызметтер атқарып, кейін кәсіпорынды ұзақ жылдар басқарып, өндіріс қуатын арттыруға, жұмыс орындарын сақтауға және аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. Сондай-ақ 1995–1998 жылдары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып, кейін кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етті. Өмірзақ Алтынбайұлы аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымында депутат болып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бастамалардың жүзеге асуына белсенді атсалысты. Мерейтой иесінің қоғамдық жұмыстарға сіңірген еңбегі де ерекше аталып өтті. Бүгінде ол – аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, ел ішінде беделді, жастарға үлгі болатын ардақты азамат.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: