Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде вакцинация жұмыстары жүргізілуде

06.02.2026, 21:57 31

Өңірде жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде тұрғындарды вакцинациялау, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және халық арасында ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Бұл бастамалар қоғамдық денсаулықты нығайтуға, сондай-ақ вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуының алдын алуға бағытталған. Осы ретте сала мамандары профилактикалық екпелердің маңыздылығына ерекше назар аударып отыр. Қызылшаға қарсы күрес турасында Қызылорда облысының санитариялық — эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алия Абдикаимова және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева маңызды мәліметтерімен бөлісті.

  • Біздің басқарма тарапынан жасалып жатқан бастамалардың бірі — ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген дәрігерлермен бірлесіп жұмыс жүргізу. Сол дәрігерлермен біз арнайы онлайн және оффлайн семинарлар өткізіп, өңірдегі медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеміз. Бұл семинарлар барысында ана мен бала денсаулығын сақтау, ерте диагностика, асқынулардың алдын алу және заманауи емдеу әдістері кеңінен талқыланады. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, нақты клиникалық жағдайлар бойынша пікірлер ортаға салынады. Аталған жұмыстардың барлығы өңірдегі медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған,- деді Алия Муталипқызы.
  • Елімізде тұрғындарды вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Соңғы 15 жылда вакцинамен басқарылатын бірқатар жұқпалы аурулар тіркелмеген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық екпемен қамту көрсеткіші 96,8 пайызды құрады. Дегенмен екпеден бас тартушылар азаймай отыр. Мамандардың айтуынша, салауатты өмір салты иммунитетті күшейткенімен, инфекциядан толық қорғай алмайды. Әсіресе қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдар үшін жұқтыру қаупі жоғары. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға егу мәртебесін тексеріп, вакцинация алмаған жағдайда емханаларға жүгінуге кеңес береді,- деді Мая Миранбайқызы.
  • Вакцинация баланың ағзасына аурумен күресуді үйретеді. Яғни, бала ауырмай тұрып, иммунитет қалыптастырады. Бұл — ғылымның үлкен жетістігі. Егілген бала қызылшамен ауырса да, ауру жеңіл өтеді немесе мүлде жұқпайды. Вакцинация салдырған адамда реакция болады. Қызуы көтеріліп, жайсыздық болуы мүмкін. Бірақ дұрыс бағытта. Ата-ана ретінде біз баламызды қалай тамақтандырамыз, қалай киіндіреміз — бәріне мән береміз. Сол сияқты вакцинация да баланың денсаулығына жасалған ең маңызды қамқорлық деп білемін,- деді Шарипа Жақсылыққызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: