Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр медицинасының сапасы қандай?

05.02.2026, 14:10 53

Қызылорда облысында денсаулық сақтау саласын дамыту және медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 жоба сәтті іске асырылған.

– Ұлттық жоба шеңберінде Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді аудандық ауруханаларда қосымша құрылыстар жүргізілді. Сондай-ақ Шиелі мен Арал аудандарында жұқпалы аурулар бөлімшелерінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Жаңақорған және Арал аудандарында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталықтары ашылды. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы іске қосылды, – деді Данияр Жаналинов.

Сонымен қатар, облыс орталығында ірі медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жоспарға сай жүзеге асуда.

Былтыр денсаулық сақтау саласында 12 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Алдағы кезеңге арналған жобалар қатарында Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 келушіге арналған қалалық емхана, ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана және Арал қаласында ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылыстары бар. Аталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жақын уақытта құрылыс жұмыстары басталады.

– Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық салу үшін типтік жобаны қайта қолдану арқылы демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сонымен бірге өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы үш жылда медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. 2025 жылы МРТ, КТ, маммограф және рентген аппараттары орнатылды. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыздан 90,2 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден де жоғары, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: