Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді. Спикердің айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 34 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оларды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 35 454 техникалық оңалту құралымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген.
– 2023–2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, 2025 жылы облыс көлемінде 360 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толықтай бейімделді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету мақсатында 67 инватакси автокөлігі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері бұл қызметпен 2000-ға жуық адам қамтылды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Инклюзивті спорт орталығының заманауи ғимараты 2026 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген. Аталған орталықта волейбол және күрес залдары, сондай-ақ жалпы дене дайындығына арналған жаттығу алаңдары қарастырылған. Мұнда бір мезетте 131 адам тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады. Бұдан бөлек, «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында 142 балаға оңалту құралдарын пайдалану бойынша оқыту жүргізілуде. Айта кетейік, 2024 жылдан бері облыстағы барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға Республика күні қарсаңында облыстық бюджет есебінен 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді.
Сонымен қатар, өңірдегі көші-қон және еңбек нарығындағы жағдайға да тоқталып өтті. «Қандас» республикалық деректер қорының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 14 адамға қандас мәртебесі беріліп, 3 адамның мәртебесі ұзартылған. Биыл шетел жұмыс күшін тартуға 598 бірлік квота бөлінген. Қазіргі таңда облыста 38 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 9 108 қазақстандық маман еңбек етуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, 2025 жылға бөлінген 10 мың еңбекші көшіп келушілер квотасы толық орындалып, жергілікті бюджетке салық түсімдерінің түсуі қамтамасыз етілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!