Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысында ірі инвестициялық жобалар саны артып келеді

05.02.2026, 13:45 74

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Брифинг барысында спикер өңірдің 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жылдарға арналған жоспарларына кеңінен тоқталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында былтыр 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске асырылған.

– Басты міндетіміз – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, сапалы медициналық қызмет көрсету және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Алдағы үш жылда, яғни 2026–2029 жылдар аралығында, 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 21 жобаны іске қосу көзделген, – деді Данияр Жаналинов.

Жоспарланған жобалардың ішінде агроөнеркәсіп кешеніне – 5, өнеркәсіп саласына – 6, қызмет көрсету саласына – 10 жоба тиесілі. Атап айтқанда, қуаттылығы 3,5 мың тонналық құс фабрикасы, 5,2 мың тонналық тауарлы сүт фермасы, «Pana» қонақ үйі, қағаз және картон өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ жалпы қуаттылығы 50 мегаватт болатын екі күн электр станциясы пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, өңірде 14 ірі жобаның құрылысы басталуы жоспарланып отыр.

– Өткен жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен «Rixos» қонақ үйінің құрылысы қолға алынды. Ал «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі жылына 1,1 млн тонна әк өндіретін зауытты биыл іске қосуды жоспарлап отыр. Жақын уақытта «Шалқия» кен-байыту фабрикасы мен «Seven Rivers» компаниясының шыны бөтелке шығаратын зауытының құрылысы басталады. Сондай-ақ, испандық «Roca Group» компаниясымен санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылып, биыл құрылыс жұмыстары жүргізіледі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Айта кетейік, аталған жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың орнықты дамуына серпін бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: