Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты

05.02.2026, 8:00 46

HALYQLINE.KZ

Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қоры «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» сериясымен жарық көрген кітаптармен толықты, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасын жүзеге асырып келеді. Ауқымды әдеби жоба жас қаламгерлерді қолдау, Қазақстанның әр аймағының тарихы мен мәдениетін бүгінгі күнмен ұштастыра отырып, Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасын жасауды мақсат тұтады. 

Ақын Әділет Шопеннің «Түсіме салынған үй» атты кітабына поэмалар мен пәлсапалық һәм лирикалық бағыттағы өлеңдер топтамасы, ой-толғамдар енгізілген.

Ақын Ділда Уәлибектің «Дегелең» атты жыр жинағы төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Абай туған «Шыңғыстау» өңірінің аңыздары мен бүгінгі тынысы, сол топырақтан түлеген тұлғалар туралы өлеңдер мен балладалар топтастырылса, екінші бөлім «Дегелеңде» ядролық сынақ, оның кесапаты, аймақ халқының тағдыры жырланған. Үшінші бөлімде циклды өлеңдер топтамасы жинақталса, төртінші бөлімге еркін тақырыптағы өлеңдер мен лирикалық толғамдар енген.

Ал, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәурен Тілеуханның «Нәзік түндегі ноктюрн» атты кітабына Жетісу өңірінің киелі орындары мен көркем табиғатын арқау еткен өлеңдер, сондай-ақ тарихи оқиғалар негізге алынған поэмалар мен циклдар енген.

Жас жазушы Биболат Сәтжанның «Күзкүткен» шығармасында қазіргі қала өмірі, адамның ішкі әлемі мен жалғыздық сезімі көркем тілмен бейнеленген. Автор қарапайым адамдардың тағдыры арқылы рухани ізденіс, өткен мен бүгіннің байланысы, махаббат пен өкініш тақырыптарын қозғайды.

Ақын Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс» атты жинағына өлеңдері мен поэмалары топтастырылған.

Жас ақын Айзада Рахымжанованың «Сарыарқаның жаңбыры» жыр жинағы – туған жер мен ата-анаға деген сүйіспеншілік, достық пен махаббат, тұмса табиғат пен тіл құдіреті жайлы сыр шертетін нәзік туынды.

Жазушы Нұрбек Нұржанұлының «Бесінші қабаттағы үй» — адамның ішкі әлемін, жастықтың күресін, еркіндік пен ізгілікке ұмтылысты бейнелейтін психологиялық роман.

 «Аспаны жақын ауылдың…» деп аталатын кітапта жас жазушы-драматург Жақсылық Мұратбектің өзі куә болған көрнекті оқиғалар мен Шымкент, жалпы оңтүстік өңірінің кешегісі мен бүгіні, өткен дәуірдегі көшпелі қазақтың кескін-келбеті, ұлттық дәстүрі мен терең тарихи танымы толық суреттеледі.

Жазушы Феруза Мәдениеттің «Аққалқам» атты кітабында халқымыздың ғасыр бұрынғы қилы кезеңдерінде болған оқиғалар қарапайым адамдардың тағдыры арқылы баяндалған. Сарыарқаның қойнауына қоныс тепкен, кесек тарихтың бөлшегі болған аядай ғана Ағанас ауылының тұрғындары, соның ішінде жастай жетім қалған Қаныш есімді кейіпкердің қилы тағдыры шытырман оқиғалар арқылы суреттелген.

 «Кешіккен көктем» атты жинаққа ақын Меңдібек Лұқпанның Жайық өңірінің тарихына, белгілі тұлғаларына, таңғажайып табиғатына қатысты өлең-жырлары, циклдары, балладалары, сондай-ақ поэмалары енгізілген.

Темірлан Қылышбектің «Тырналар мекені» атты кітабы – балалық пен тағдыр тауқыметін қатар көтерген жанның ішкі әлемін суреттейтін көркем проза. Сағыныш пен мұң, өмір мен үміт астасқан әр жолдан ерте есейген ұрпақтың жан дірілі сезіледі.

Қаламгер Асылан Қуанышұлының «Кішкентай» атты жинағына повесі және әңгімелері мен новелласы, этюдтері мен балаларға арналған ертегілері, эсселері мен өлеңдері енген.

Ақын Еламан Қабділәшімнің «Болмысымның бояуы» кітабы – Қарағанды облысына жасаған шығармашылық сапарының жемісі. Ақын бұл жинақта өзінің ойын, сезімін, танымын, түсінігін, жанын дала дидарымен, қала бедерімен, табиғат көрінісімен астастыра жырлайды.

Ақын Қарлығаш Қабайдың «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» атты поэтикалық жыр жинағы екі бөлімнен тұрады: «Аса» бөлімінде сопылық таным мен Маңғыстау әулиелерінің рухани болмысы көрініс тапса, «Терісқақпай» бөлімінде жаңа ырғақ пен символикалық жаңғыру айқын сезіледі. Бұл кітаптағы туындыларда Маңғыстау өңірімен қатар адам мен кеңістіктің, рух пен табиғаттың, тарих пен бүгіннің арасындағы нәзік байланыс поэтикалық тілмен бейнеленген.

Мұхтар Күмісбектің «Жанардағы жан бояуы» атты жинағына Алматы облысының бүгінгі келбетін, белгілі тұлғалардың ғұмыр жолын, көркем өлкенің тыныс-тіршілігін бейнелеген өлеңдері мен махаббат жырлары топтастырылған.

Жас ақын Еділбек Дүйсеннің «Алматы аспаны» атты кітабына әртүрлі тақырыптағы туындылары топтастырылған. Алғашқы бөлімде философиялық өлеңдер, поэма берілсе, екінші бөлім балаларға арналған өлеңдер мен жаңылтпаш, жұмбақтардан құралған.

Тілеубек Батыстың «Сал Көкше» атты кітабына поэма мен дастандары енген.

Ал, ақын Азамат Әбілқайырдың «Құдірет» атты поэзиялық жинағы – Ақтөбе облысының тарихи-мәдени мұрасы мен табиғатын, еңбек адамдары мен ел бейнесінің кең тынысын шебер ашқан көркем туынды. Бұл кітапта өңірдің 12 ауданы мен қала келбеті, көрнекті тұлғалары, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі мен тағдыры бір арнаға тоғысып, ұлттық әдебиеттің жаңа тынысын ашады.

Жазушы Абай Аймағамбет «Толқынды күткен бала» атты туындысына Арал теңізінің қасіретті тағдырын арқау еткен. Автор өткен ғасырдың 60-80-жылдары аралығында өрбіген оқиғаларды өзі межелеп алған уақыт шеңберіне сыйғыза бейнелейді. Бас кейіпкер – баланың басынан кешкен ғұмыры арқылы Арал бойында болған жағдайлар, теңіз бен сол өлкеге қатысы бар оқиғалар мен аңыздарды астастыра үйлестіріп, өмір шындығын туғызады.

Жазушы Сафина Ақтайдың «Ганин» атты романы өткен ғасырда Қазақстанға депортацияланып, Павлодар өңіріне қоныстанған Еділ бойы немістерінің өмірінен сыр шертеді.

Әдебиет сүйер қауым, «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» сериясымен жарық көрген кітаптармен танысып, оқуға шақырамыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: