Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскердегі бір күн

03.02.2026, 5:55 27

Жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – білім беру саласының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта облыстық білім басқармасы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесіп, №66597 әскери бөлімінде студенттерге ашық есік күнін ұйымдастырды.

Бұл туралы Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық студент қатысты. Парад алаңында ұйымдастырылған экскурсияда жастар жеке құрамның қызмет барысын, заманауи әскери техника мен қару-жарақ үлгілерімен танысты. Сондай-ақ төтенше жағдайда шұғыл әрекет ету жасағының ұрыс-тәсілдерін көрді.

Бөлім командирлерінің айтуынша, өткен жылы қараша айында алғаш рет 40 жас мерзімді әскери қызметке шақырылған. Ашық есік күні қарсаңында сарбаздарға ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылды. Өз кезегінде студенттер еркін пікір алмасып, қызықты сауалдарын ортаға салды.

Сарбаздардың күнделікті тұрмысы, тамақтануы, нақты белгіленген күн тәртібі мен жинақы жатын орындары жастардың ерекше назарын аудартты. Әскердегі әр күннің жоспарлы өтуі тәртіпке үйретіп қана қоймай, жауапкершілік пен шыдамдылықты қалыптастыратынын студенттер өз көздерімен көрді. Бұл қатысушылардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын терең ұғынуына ықпал етті.

Ашық есік күні барысында білім алушылар тәртіп пен төзімділікке, жауапкершілік пен батылдыққа негізделген әскери қызметтің шынайы болмысын сезінді. Мұндай тағылымды шаралар жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, әскери қызметке деген оң көзқарасты нығайтуға, сондай-ақ әскердің қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды бастама болатыны сөзсіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: