Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда егіс алқабы ұлғайып, күріш көлемі артады

02.02.2026, 14:15 61

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Әкімнің айтуынша, Қазалы – ауыл шаруашылығына бейімделген өңір ретінде егіншілік бағытында тұрақты даму қарқынын сақтап келеді.

Өткен жылы аудан дихандары 17 445 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Соның ішінде 5 636 гектар алқапқа негізгі дақыл саналатын күріш егілген. Нәтижесінде егін шаруашылығы аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі болып қала берді. Ал 2026 жылға арналған жоспар да ауқымды. Биыл Қазалы ауданында жалпы көлемі 17 257 гектар жерге егін егу көзделіп отыр. Оның ішінде күріш дақылының үлесі 6 000 гектарды құрайды деп жоспарлануда. Аудан басшысы бұл көрсеткіштер су тапшылығы жағдайында да егін көлемін сақтап қалуға бағытталған нақты есепке негізделгенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу міндеті қойылды. Осыған байланысты ауданда егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын пайдалану және өнімділікті төмендетпеу бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Бұл – бүгінгі күннің талабы, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Брифинг барысында ауданның экспорттық әлеуеті де сөз болды. Өткен жылы Қазалы ауданынан шет мемлекеттерге 6 235 тонна өнім экспортталған. Атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва және Нидерланды елдеріне 1 508 тонна күріш, 813 тонна балық және 4 074 тонна қамыс жөнелтілген. Бұл көрсеткіш аудан өнімдерінің сыртқы нарықта сұранысқа ие екенін көрсетеді. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласын дамытуда өнім көлемімен қатар, оның сапасына, су ресурстарын тиімді пайдалануға және экспорттық бағытты кеңейтуге басымдық берілмек. Бұл жұмыстар Қазалының аграрлық әлеуетін сақтап қана қоймай, жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: