Қазақ халқы «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтпаса керек. Шындығында да, адам денсаулығының басты кепілі – бұл дұрыс тамақтану. «Ауру – астан…» демекші кез келген ауруды астан табуға болады. Дұрыс тамақтану дегеніміз – күнделікті тұтынатын тағамды тепе-тең етіп пайдалану. Яғни әрбір өзіңізге қажетті калорияны жеткілікті мөлшерде тұтынуды айтамыз. «Күнделікті тағам рационында қандай тағам түрлері болуы керек? Оның құрамында қандай дәрумендер болуы қажет? Ақуыздың, көмірсутектің мөлшері қаншалықты болуы керек?» деген мәселені алдымен ажыратып алған жөн.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, күнделікті өмірде таза суды жеткілікті мөлшерде пайдалану. Ол үшін адам әуелі өзінің салмағын есептеп, соған сәйкес күн сайын қаншалықты мөлшерде су пайдалана алатынын анықтай алады. Бірақ бұған күнделікті судан бөлек ішетін шай не болмаса өзге де сусындарды жатқызуға болмайды. Мамандардың айтуынша, судың мөлшерін тиісті деңгейден түсірмеген уақытта ғана «толыққанды дұрыс тамақтануға бет бұрдым» деп айта аласыз. Кей адам күнделікті жеткілікті мөлшерде су ішкенімен, тәттіні шектен тыс қолданып жатады. Болмаса өте майлы тамақтарға жақын болуы мүмкін. Диетологтардың пікірінше, мүмкіндігінше дұрыс тамақтануды ұстанатын адамдар тәттіден бас тартқаны дұрыс. Тәттілерден бас тартқанымен, оларды алмастыратын, бастысы денсаулыққа пайдалы тағамдармен алмастыру қажет дейді мамандар. Сондай-ақ қуырылған тағамдардан аулақ болғаны абзал. Мәселен, қуырылған тамақтар бірінші кезекте асқазанға зиян келтіретінін естен шығармаған жөн.
Дұрыс тамақтануға көшкен адамдар міндетті түрде спортқа ден қояды. Күнделікті уақытының бір бөлігін спортпен шұғылдануға арнайды. Ал осы дене белсенділігі дұрыс тамақтануға көп әсер етеді. Дұрыс тамақтану мен спортты қатар үйлестіре алып жүретін болсаңыз, көптеген жетістікке жетесіз. Дене мүсініңіз де бірте-бірте тартыла бастайды. Артық майлардан тезірек құтыласыз. Бұлардың барлығын спортпен түзеп, әдемі сымбатқа келуге болады.
Тиімді, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және ағзаның қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді.
Дұрыс тамақтанудың негізгі шарттары:
* Тағамның құрамында негізгі қоректік заттар (белок, көмірсу, май) болуы тиіс.
* Тамақ рационында дәрумендер, тағамдық талшықтар болуы тиіс.
* Тәулік бойы тамақтану тәртібін, мөлшерін сақтау.
* Тағамдар санитарлық-гигиена талаптарына сәйкес болуы керек.
Пайдалы кеңестер
Бірінші кезекте ол – сіздің денсаулығыңыз. Ал денсаулық біздің айнамыз екенін естен шығармаңыз. Сондықтан зиянды тамақтардан бас тартқаныңыз абзал. Бейберекет тамақтанудан аулақ болыңыз. Диетологтар адамдарды дұрыс тамақтануға мейлінше ертерек бетбұруға шақырады. Өйткені бұл бірінші кезекте, денсаулыққа пайдасы жоқ тағамдарды тұтынудың салдарынан бет терісі зиян шегуі мүмкін. Сондай-ақ түрлі безеу шыға бастайды. Сондықтан дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстаныңыз.
Гүлбану Ағайдарова,
«№85 орта мектебі» КММ-ның әлеуметтік педагогі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!