Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Қызылордадағы ірі құрылыс жобаларының барысымен танысты

01.02.2026, 7:06 27

Күні кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасарлары және қала әкімімен бірге Қызылорда қаласы аумағындағы бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралады.

Алдымен аймақ басшысы «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын нысанды бас мердігер ASPAN HOLDING жүзеге асыруда. Үш және төрт қабатты блоктардан тұратын кешенде олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық әмбебап зал, жаттығу алаңдары мен 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Қасбеті алюминий панельдермен қапталып, витраждары өртке төзімді әйнектермен жабылады. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланған.

Сапар барысында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы да назардан тыс қалмады. Жобаның жалпы құны 36 млрд 416 млн теңгені құрайды. Бас мердігер Мелиоратор серіктестігі қолға алған нысан 10 функционалды блоктан тұрады. Оның ішінде қабылдау, реанимация, операция, химио және радиотерапия, емхана, әкімшілік және қосалқы бөлімдер бар. Заманауи талаптарға сай салынған аурухананы биыл пайдалануға беру көзделіп отыр.

Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған құзыреттілік орталығының құрылысы таныстырылды. Екі қабатты, 215 орындық нысан жастардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған. Орталықта 100 орындық конференц-зал, 20 орындық СІР залдары және 25 адамға арналған көрме алаңы қарастырылған.

Аймақ басшысы құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына баса мән беріп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: