Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қызылорда қаласындағы бірқатар тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс барысын көрді. Сапарға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасарлары мен қала әкімі қатысты.
Алдымен Президент саябағы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы таныстырылды. Мұнда тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салу жоспарланған. Бас мердігер – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8,2 гектар аумақта жалпы құны 18 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыруда. Нәтижесінде 945 пәтер пайдалануға берілмек. Оның ішінде 135 бір бөлмелі, 540 екі бөлмелі және 270 үш бөлмелі пәтер қарастырылған.
Сондай-ақ сол жағалауда салынып жатқан бес және тоғыз қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы ауданы 32 897,4 шаршы метрді құрайтын бұл жобада 7 бес қабатты және 3 тоғыз қабатты үй салу көзделген. Құрылыс аяқталған соң 600 пәтер ел игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, сол жағалауда «Тау групп» компаниясының тапсырысымен «Нұрлытау» серіктестігі салған «Тұран» тұрғын үй кешенінде 365 пәтер орналастырылмақ.
Айта кетейік, өңірде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. 2022–2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. 2023 жылдан бері барлық ауданда алғаш рет шамамен 1800 пәтер пайдалануға берілді. Өткен жылы 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, кезекте тұрған тұрғындарға 2392 пәтер тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында заманауи дизайндағы 7, 9 және 12 қабатты жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!