Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етіп отыр. Осыған байланысты Одақтың алғашқы отырысы Мәскеудегі ЕАЭО штаб-пәтерінде өтті. Жиында интеграциялық күн тәртібіндегі бірқатар басым бағыттар айқындалды.
Атап айтқанда, транзиттік тасымалдарды жеңілдету мәселесіне ерекше назар аударылды. Алдағы кезеңде жүк қозғалысын электронды бақылау жүйесін енгізу, кедендік баждарды төлеудің ортақ тәртібін қалыптастыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге «кедергісіз» транзит бағыты аясында навигациялық пломбаларды кеңінен қолдану және бірыңғай транзиттік декларацияны енгізу көзделуде. Бұл шаралар тасымал уақыты мен шығынын қысқартып, шекарадан өту рәсімдерін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кооперациялық байланыстарды дамыту да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей компанияларының қатысуымен бес кооперациялық жоба мақұлданған.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЕАЭО шеңберіндегі жұмыстың жаңа бағыттарына тоқталды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
«Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына жасанды интеллектіні енгізу жұмыстың тиімділігін көтеруге тікелей әсер етеді. Екіншіден, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешенінде цифрландыру жұмыстары. Үшіншіден, кедергісіз сауда жасау және біздің транзиттік логистикалық әлеуетімізді одан әрі арттыру».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!