Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірдің мәні неде?

03.12.2020, 12:30 2423

«Мен кіммін?», «Қалай, не үшін өмір сүріп жүрмін?», «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақтар адамзат пайда болғалы әркімді де мазалайтыны хақ. Мұның тарихи, рухани, діни, ғылыми, философиялық, тағы басқа аспектілері бар. Бұл мәселемен ертеден адамзат ғұламалары Лао-цзы, Будда, Конфуций, Сократ, Платон, Архимед, Аристотель, Әл-Фараби, Абай, т.б. айналысқан. Өрке­ниет өзгерген сайын, ғылыми жаңалықтар ашылған сайын, әрине бұл мәселеге көз­қарас та жаңалана береді. Өмірдің мәнін білген адам өзінің бұл өмірге керек екенін нақты сезінеді де, ізгілікті іс жасап, жақсы өмір сүруге тырысады, саналы адам болып шығады­.

Адамның өмір сүру мәнін ғылыми түрде қарасақ, оны бір жағынан қоғамдық ғылым, ал екінші жағынан жаратылыстану ғылымының нәтижелерінен көруге болады. Қоғамдық ғылым адамдардың бір-бірімен қатынасын және табиғатпен үйлесуін зерттесе, ал жаратылыстану ғылымы адамзаттың, материяның шығу тегін, оның әлемде пайда болу қағидаттарын және өмір сүру себептерін анықтайды. Менің ойымша, осы екі саланың өзекті туындыларын – руханият пен технологияны  біріктіре отырып ізденсек қана біздің мына тұрақсыз заманда қайда бара жатқанымызды, өмірдің мәнін де анықтауғ­а мүмкіндік туады. Осы жерде айта кеткен жөн, жалпы адамзаттың қалып­та­суында, әлемнің құрылымында, өзгеруінде ғылымның  рөлі  маңызды  болса да, ол әлі аз әсерін тигізіп  отыр. Алда өте ауқымды ғылыми  ізденістер  керек.

Ал енді ауылға тоқталайық, бәріміз де ауылдан шықтық. Ауылдың қарапайым адамынан сұрасақ, ол өмірдің мәнін, әрине, бала-шағалы, немерелері болып берекелі өмір сүру, ағайын-туыс алдында абыройлы, құда-жекжатпен араласу, ата-бабаның мұрасын жалғастыру, тіл, жер, табиғат, отанын сүю, қастерлеу, бақуатты болу деп айтар еді. Өзіме келсем, 2 айлығымнан Сәбден нағашы атам мен Кенжегүл әжем тәрбиеледі. Үлкен ұлын ата-әжесі­нің  қолына  беру, бұл – ежелден келе жатқан қазақ халқының рухани ерекшелігі, өсу артықшылығы. Ұлы болмаған, 13 қыздан соң мені, үлкен қызының баласын өзінің ұлы ретінде бауырына басып өсірді. Әрине, тіпті ерке болғаным рас. Бүкіл ауылға тентек бала атаныппын. Балалардың капитаны, тарзаны болып, бұзықтығымнан әртүрлі жарақат алып, бірде қарын жарылып, бірінде итке таланып, енді бірде қазықтан бас тесіліп, тағысында тарзан болып ағаштан құлап аяқ сынып, бірде Арыс өзенінен ессіз өлі ағып кеткенде шопан құтқарса, осындай тағы басқадан қайта-қайта ауруханаға түсе беріппін. Жас кезде көшбасшы болуға талпындым. Бала кездегі өмірдің мәні өзің­ді көрсету болады екен, күш-жігер, энергия көп, ақыл аздау, бірақ бірінші болу, төбелесте жеңу мәртебе көрінеді. Ал сәл өсе келе спорттан алға шығу, 10-сыныпты бітіргенде спорттың 17 түрінен 1-2 разряд атағын алған едім. Еркін күрестен Қазақстан чемпионы болдым. Бір өкініштісі, әлем чемпионы бола алмадым. Себебі КСРО-ның құрама командасына мені өз салмағымда емес, төменгі 57 кг салмақта күресуге алмақшы болды. 11 кг салмақ қууға тура келген соң, жаттықтырушым рұқсат бермеді. Бұл да бір мақсат болды. Ол кезде Мәскеуде отырған биліктің Қазақстан, Орта Азия республикаларынан әлем чемпионатына алмайтын теріс саясаты еді. Өмір жылжып, жас өскен сайын сана толығып, мақсат та, өмірдің мәні де өзгере береді, махаббат та болады, т.б. Бұл – өмір­дің  заңдылығы.

Тарихта миллиондаған адам үлкен ұлттық қозға­лысқа қатыспаса да, өмірдің мәніне сенеді. Ең керегі адам артынан жақсы іс қалдырса болды­, сонда оның жеке тарихы өмірден озғанда да жалға­са береді. Егер өлімнен кейін жаным тәнімнен ажыраса, жұмаққа кетсе болғаны деп ойлайды ол. Кейбір адамдар өмірдің мәнін Құдайға табынумен, дінге сенумен байланыстырады. Қиналса, қайғы көрсе, мешітке барады, Құдайға табынады. Дін турасында өмірдің мәні біреу-ақ – жұмаққа жету. Әрине, идеал болғаннан соң, оған жету өте қиын. Құдайдың бар екеніне сену, неге, кімге сену – әркімнің  өз жеке ісі мен таңдауы.

Адамның рухани дамуы, тек дін жүйесімен байланысты емес, ол – өміріміздің бейнесі, қоғамды ізгілендіруге талпындыру. Керек болса, біз Құдайдың, табиғаттың алдында байлығымызбен жауап бермейміз, керісінше, істеген жақсылығымыз, рухани­ құндылығымыз бен санамыз қай деңгейде екендігімен есеп береміз. Адам өмірде үлкен байлығымен жетістікке жеттім деп мақтануы мүмкін. Адамның рухани өте азғын болуы біріншісін жоққа шығарады да, ол адам Абайша «толық адам» болмайды. Ал байлыққа көзсіз ұмтылу бақыт әкелмесі анық. Рухани күшті адам жамандық жасай алмай­ды. Себебі, оны жоғарыда айтқан моралі жібермейді. Оқу орындарында сапалы біліммен қатар, «моральды азамат» тәрбиелесек игі болар еді. Оның өзін-өзі тануға, өзінің потенциалын ашуға, мәдениетіне, тазалығына және оның ішкі адами сапасы­на  мән  берілсе…

Адам өмірден озғанда оның артында қалған мұра нақты, пайдалы дүниелік болу керек. Мәселен, ол мәдени немесе биологиялық сипатта болуы­ мүмкін. Ия, ол керемет сурет салып, өлең, не көр­кем сөз туындысын жазып қалдырса, өмірінің мәні сол болуы мүмкін. 100 жылдан соң ұрпағы оның мәдени артефактын көретін, оқитын болады. Немере-шөбере, ұрпақтары сол әке салған­ үйде тұратын, жиі-жиі жиналатын болады.

Мысалы, біздегі қара орман халқымыздың арқасы­нда байыған миллионерлерді, өте бақуаттыларды алайық. Ол бәрі байлыққа байланысты, менің миллиондаған ақшам тек өзіме, жақсы өмір сүру үшін керек деп ойлайды делік. Бірақ күн­дер­дің күнінде бір себептермен мұндай өмірдің мәні жоқ екенін сезінді делік. Онда ол психологке, дәрі­герге барып ем алады, айтқан жерден аулақ, жан күйзелісі салдарынан өзіне-өзі қол салуы да мүм­кін. Егер ол мыңдаған адамға жұмыс беріп, әртүрлі мецанаттық жақсылық жасаса, елінің экономикасына қомақты үлес қосса, онда ол өмірінің мәнін тауып алып, бақытқа кенелер еді. Ал біздің қазіргі байларымыздың қандай екенін халық жақсы біледі.

Өмірдің мәнін табу деген – ол өзіңді табу. Өзіңнің өмірдегі орныңды белгілеу. Өзіңнің жинап­ терген рухани және материалды байлығыңды, бар мүмкіндігіңді ел игілігі үшін іске асыра білу. Сонда­ ғана сенің қай дәрежеде керек екенің байқалады да, ал өзің бір бақытты адам екеніңді сезінесің.

Өзіме келсем, экономикалық еңбектерім, монографияларымнан басқа, Түркібасы әулиені, Түркіс­танды жаңғырту сияқты көп істерімнің бірегейі ретінде Әлемдік және Түркі өркениеті, Келешектің концепциясы, Абай және Қазақстанның болашағы, ХХІ ғасыр қоғамды жаңғырту ілімі туралы еңбектерімді атар едім, олар адамзатқа септігін тигізсе, онда менің өмірімнің мәні бар дер едім. Себебі өмірге келген соң қоғамға, басқа адамға керек екендігімді, соларға көмек беру қажет екенін түсін­дім. Бірақ кейде не үшін жүргенін білмейтін бас­қаларды көріп, түсінбей қаламын. Мүмкін олар да сондай бір жақсы миссия тапқан шығар, бәлкім мен оны түсінбеген болармын. Мұны енді «ана жаққа», екінші өмірге барғанда білетін болармыз. Бір еңбегімде жазған сөзімді қайталағым келеді: «Бұл пәниде өмірдің мәні, жұмақ дегеніміз – адам өмірінде көптен бері өзімізді жетілдіру үшін жинап терген ішкі жан дүниемізді, рухани және материал­дық құндылықтарымызды ізгілікті істерге толық пайдалану деп ойлаймын». Сонда ғана адам өзінің зор мүмкіндігін, өмірге керек екенін сезініп, нағыз­ бақытқа бөлене алады. Мұнда адамның әділеттігі, сезімталдығы, санасы, күш-жігері және барлық мүмкіндігі бір мақсатқа, идеалға жету үшін, бақытты болу үшін қосылып,  жүйелі түрде, жұмыла қызмет  етеді.

Сонымен бірге әр адамның алдында бүгінгі күннің өмірімен қатар арманы бар. Ол бұл пәниде орындалуы да, орындалмауы да мүмкін. Кейбірін келешегіміз – бізден кейінгі жастар орындауы мүмкін. Бірақ оның негізін қалауға атсалысу – біздің парызымыз. Мысалы, мен «Жас Алаш» газеті­ндегі бір мақаламда былай деп жазыппын: «Қаншалықты дамысақ та, байысақ та, космосты игерсек те, бәрібір, бір кездерде, түбінде біз ауылымз­ға оралатынымызды ұмытпайық» деп. Ауылға қазақ халқының өзегі ретінде «Творчествалық ауылдар»  салу  керек.

Келешекке көз салсақ, мысалы, ХХІ ғасырдың ортасында жаңа технология, биотехнология арқас­ында адам бір өзі қалмайды, көп халық қаладан ауылға жылжитын болады. Себебі, таза ауа, су, табиғат, бау-бақша, ата-бабаң жатқан киелі жер, тыныштық, т.б. ұлы дала тарихы, рухани құндылықтар – ауылда. Жаңа цивилизациялық идеяларды да ауылда жазуға болатыны өз басымнан өтті. Ауылдан қол үзген емеспін, жиі-жиі ауылға барып, ауыл тыныс-тіршілігіне қарайласып тұрамын.

Мені академик, Алматының жарты ғасыр тұр­ғыны, қала адамы деп қана тануы мүмкін. Бірақ негізінде көп идеяларым ауылда туды, оның ішін­де Кембридж Университетінде менің қатысуым­мен презентацияланған әлемдік деңгейдегі жобалар да бар… Ол кітапқа Нобель сыйлығының иегері оң пікір жазған. Президентке, Үкіметке елдің жағдайын көтеру үшін 43 ұсыныс, жобаларды бердім, 3-4 көркемсуретті фильмнің идеясы да ауылда туды, т.б.

Бұл жұмбақтың шешімі мынада: ата-бабаларым бұрын тұрған киелі жерге, бала кезімде әжем­нің айтқан естелігімен, қалың орман арасына, бас­тау­ жанына, Арыс өзенінің жағасына бір үйшік салғам; сонда барып тып-тыныш, таза ауа, таза бастау суы, тұнып тұрған табиғатта, талай күн мен түн ойланып, толғанып, медитация жасап, туған идеяны бастап жазам да, Алматыда аяқтаймын. Ата-бабаларымның аруағы қолдай ма, ой-өріс арқыл­ы генийлермен сол жерде ақылдасатын іспетті сезінемін өзімді. Әрине, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білем, сол жердегі ағайын-туыс, азаматтармен, ауыл зиялыларымен жиі ақылдасып тұрамын.

Іске асқан және асатын жобалар: Түркібасы әулиесі (өз қаражатыма салдырдым); Түркістанды­ рухани жаңғырту жобасы; Түркі әлеміне серпіліс беру идеясы; Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация; Мемлекеттегі жаңаша басқару жобасы; Ауылды жаңғырту; Тың жерлерді игеру; Қоғам дерті, т.б. Осы жобалар туралы өзім­нің үлкен іске қатысым бар екенін сезіну, қанағат­тану  арқылы бір елдің, бүкіл адамзаттың болашағына  септігімді тигізу деп білем.

Түпкі стратегиялық мақсат біреу – «Қазақ Мемлекетін» әлемдік өркениеттің төріне шығару. Осыған атсалысайық, ағайын! Бізді қанша жүрер дейсіз, базардан қайтып бара жатсақ та,  спорттық формада болуға тырысып бағамыз. Еңбектерім келер ұрпаққа рухани азық, дертіне ем болып қалса екен деймін…

Қазіргі күнделікті өмірде бәрі тез, интернеттен керегіңді ала саласың. ойлауға уақыт жоқ заман болды. Білім жинау ойлау жүйесіне емес, тек алу, тез пайдалану, ақпаратты игеруге сүйеніп кетті. Біздің еркіндігіміз биліктің, халықаралық корпорация, қаржы жүйесімен шектеліп отыр. Жаңа техно­логиялар, интернет, ақпарат заманының, т.б. құралдары мен құбылыстары адамды гуманитарлық – ізгілік санадан алыстатып тастады. Ал дамығ­ан елдер тек баюды ойлап, рухани құнсызданып, азғындыққа салынып келеді. Ғылым, менің ойымша, 2 нәрсемен тығыз айналысу керек. Біріншісі, ғарышты игеру, жаңа ғаламшар, өркение­т іздеу. Екіншісі, гуманитарлық, рухани жаңару арқылы, жаңа рухани және өте жоғары білімді, ізгілікті адам тәрбиелеу. Себебі ХХІ ғасырдың жастары жаңа руханиятқа негізделген білім арқылы ғана технологияны, ақпарат пен жасанды интеллектіні, робот­тарды адамзатқа қызмет еткізе­ алады. Сол кездегі азаматтар тек жеке тұлға ғана емес, одан да жоғары адамзаттық жаңа өркениет­тілікті қорғайтын деңгейге көтеріледі. Абайдың тілімен айтсақ, нағыз «Толық адам» болады. Әйтпесе технология жетістіктері бізді тыңдамай, өз бағдарламаларымен адамды биотехнология жүйесіне бағындырып, жасанды интеллект арқылы­ сенің екінші көшір­меңді жасап, робот адамына­ ауыстырып, ал жаныңның қабын, тәніңді ескірген дене деп лақтырып тастауы мүмкін. Сонда­ адамзат өркениетіне нағыз қауіп-қатер төнді  деуге  болады.

Қазіргі, алдағы өмірде ең керегі – ойлау жүйесін болып жатқан өзгерістерге тез бейімдей білу!

Ол үшін ХХІ ғасырда адам жасына қарамай, өне бойы болып жатқан өзгерістерге, жаңалық­тарға сай оқуға, ізденісте болуға тура келеді. Сонда­ ғана Сіз қазіргі өмірге сай, толыққанды өмір сүре аласыз. Өмірдің талабына сай кәсіби маманды­ғыңыз да өзгеруі мүмкін. Жаңа өзгерістерге тез бейімделу қиынның қиыны болмақ.

Алдағы Сана Ғасырында, жаңа өмірде жас­тарды неге оқыту керек деген сұраққа:

1. Ойлау жүйесі сын критикалық болу керек.

2. Қарым-қатынасқа үйрету.

3. Коммуникацияға, ІТ технология, жасанды интеллект, биотехнологияға үйрету. Себебі адамды­ өзгертетін осы салалар болады.

4. Шығармашылық ойлау жүйесін игеру.

5. Жиі-жиі болып жатқан өзгерістерге жаңа білім алу арқылы ой-өрісіңіз, ішкі жан дүниеңізді тез бейімдеу қажет.

6. Осыларды өмірмен байланыстыру үшін гумани­тарлық білімді оқыту керек. Әр адам басқа генийлермен қатар, әсіресе, Ұлы Абайдың толық адам ілімін білу қажет.

Бір-ақ мысал, Қытай мемлекеті қазір әлемде екінші орынға шықты, ал енді тағы 5-10 жылда АҚШ-ты басып озбақшы. Мұның себебі біреу ғана, Қытайда идеология күшті! Олар Лао-цзы, Конфуций ілімін тікелей іске асыруда. Әлемде мыңдаған мектептері бар…

Жаңа деңгейге қалай көтерілуге болады?

Ол үшін қажырлы еңбек пен көп білім керек. Әсіресе, рухани даму жолына түсу қажет. Ең алды­мен өзіңді танып, басқаруды үйрен. Адам өзі Ұлы Абайдың толық адамы болып, оның ойлау жүйесі, ақылдылығы, кемеңгерлігі, төзімділігі, ішкі жан дүниесінің сапасы ең жоғарғы деңгейге жету керек­. Алтыншы сезімді тудыру. Адам өзін-өзі өзгертуге, жаңаша дамуға, бүкіл адамзатқа қызмет етуге бел байласа, онда оны бұл жолда ешкім тоқтата алмайды.­ Адам сананы ояту арқылы ішкі рухани дүниесін дамытып, өмірдің мәнін табады.

Өз басым қазақ елінің амандығы мен әр отбасының бақытты, қауіпсіз өмір сүруі үшін жұмыс істедім. Егер айтқандарым уақыт өте дәлелденіп, ұсыныстарым, істеген істерім Қазақстанның өркениетті ел қатарына қосылуына зәредей болса да септігін тигізіп жатса, онда маңдай терімнің зая кетпегені, өмірдегі негізгі миссиямның орын­далғаны, өмірдің мәні де осы деп есептеймін. Мен жай ғана елімнің алдында өз парызымды өтедім деп білемін.

Оразалы   СӘБДЕН,

Қазақстан  Ғалымдар  одағының  президенті,

ҚР  Мемлекеттік 

сыйлығының  иегері,  академик

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: