«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Өкіл бала

15.11.2020, 9:00 101 0

HALYQLINE.KZ

– Аттан, ойбай, аттан!

Барқыраған жарықтық дауыс мақпал түннiң денесiн түршiктiре осып-осып өттi. Күнi бойы тынымсыз тiрлiктен денесi дел-сал тартып, босап, балбырап жатқан марғау дала селк ете қалды.

– Аттан, ойбай, аттан!

Тарғыл дауыс шырт ұйқыда жатқандарды шошытып оятып, түнгi ауаны тiлгiлей осып өтiп, түн түнегiне сiңiп жұтылып жатты. Қаннен-қаперсiз жатқан ауыл жау шапқандай дүрлiктi.

– Уай, дауысың қандай ащы едi, жау шапты ма, түге?

– Әй, барқырауық, не болды соншама ауылды дүрлiктiрiп?

– Ойбай, айрылдық, айрылдық!

Айнала азан-қазан. Ит үрiп, бота боздады, шошып оянған балалардың жылаған үнi ауылды дүрлiккен үстiне дүрлiктiре түстi. Үй-үйден iшкиiмшең атып-атып шыққандар беталды босып кеттi.

– Өй, басыңа көрiнгiр, не болды соншама ұлитындай?

– Ойбай, аттаныңдар, әлгi Саймасай қарақшы оң жақта отырған қызымызды алып қашып кетiптi.

Есiк пен төрдей қарагер аттың үстiндегi алпамса денелi жiгiт ат жалын құшып ойбайға басты. Осы мезетте еңселi ақбоз үйден ағараңдай атып шыққан ақ дамбалды ашу шақырды.

– Не дейсiң, жалаңаяқ, қыздан айырылғанша қара жерге неге кiрмедiң!

Қолыңдағы сегiз өрме дырау қамшымен алпамса денеде өшi кеткендей екiлене тартып-тартып жiбердi. Денесi бiр уыс болып аттан сыпырылып түскен жiгiт:

– Қарабасты, байеке, қарабасты, – деп, өңкиген диюдай өкiрiп-бақырып қазандай басын қорғалады.

– Өй, ас iшiп, аяқ босатар өңкей боқташақ, болар iс болған екен, өшiр үнiңдi!

– Құп болады, байеке!

– Дұрыстап тыңдап ал, дереу атқа қон да, ана қара тобырды жина. Жан керек болса, әлгi қашқын құлды да, қашқын қаншықты да тауып әкелiңдер. Әкелмесеңдер, қара жерге қазық боп қағыласыңдар, ұқтың ба?

– Ұқтым байеке, қашқындарды қара жерге кiрiп кетсе де табамыз.

– Тарт, онда былжырамай.

Қарагерге қамшы басқан алпамса денелi жiгiт ат-матымен қараңғылық құшағына жұтылып кете барды. Ауыл абыр-сабыр болып жатқанда, күн шығыс беттен таң хабаршысындай ақ сәуле себезгiлендi. Түн түнегi түрiлiп, дала бозамық тартты. Ауылдың дағдылы тiрлiгi басталды. Ауылдың қақ төрiнде орналасқан айбарлы ақбоз үйдiң iшi таң атқалы абыр-сабыр. Ерсiлi-қарсылы сапырылысқан әйелдер ақпанның ақ боранын күткендей қалш-қалш етедi. Құлағы түрiк бәйбiше даладағы байекеңнiң тықырын сезiсiмен басқалардан бұрын дауыс салды.

– Бетке шiркеу болды-ау, мына бетпақ, ойбой, ендi қайттiм, қай бетiмдi жыртайын, ойбай!..

– Тәйт, өшiр үнiңдi жаман қар, о несi-ей, ұяласынан айрылған қорқау қасқырдай ұлып… өй, өңшең салпы етек, қыздан айрылып жетiстiңдер.

Бiр ауылды ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстаған Естөренiң ызғарлы үнi бәйбiшенiң байбаламын су сепкендей басты. – Мен сендердi ұлытайын шетiңнен. – Қолындағы сегiз өрiм қамшыны сығымдай ұстаған Естөре жүзiнен ызғар шаша қаһарланды. – Мә, саған ойбай, ойбайдың астында қалып жер жастан. – Зу ете қалған ауыр қамшы арқасын осып өткен бәйбiше басын қорғалай етегiне сүрiнiп жығылды. Орнынан қайта тұрамын дегенше ашулы бай өрiп-өрiп тастады. Алапат ашу иесiнiң жаппай жайратып салуға бекем бел буғанын сезiнген әйелдер тiл-ауыздары байланғандай бiржолата үндерi өшiп, дiрдек қаға қуыс-қуысқа тығылды. Қаңтарда шабынған бурадай шаптығып, ысылдай ысқырған долы мiнездi дүлей ашу иесi үй-iшiндегiлердi бықпырт тигендей жайратып салды. Тұщы еттерiне ащы таяқ тиiп, жүнi жұлынған тауықтай түте-түтесi шыққан әйелдердiң сыңсыған үнi бiр сұмдықтың болғанын сездiргендей ақбоз үйдiң түңлiгiн желпiлдетiп жатты.

Таң атқалы берi қараша үйлерде сыбыр-гүбiр көбейдi. Екеу-екеу сыбырласқан салпы етектiлер «бетiм-ау, несiн айтасың, жетi атасынан берi шынжыр балақ, шұбар төс атанған Естөре байдың оң жақта бұлғақтаған еркетотайы үрерге итi, сығарға битi жоқ, жалаң аяқ, жалаң бас жалшы. Саймасаймен қашып кетiптi» десiп, беттерiн шымшыласты.

*     *      *

Қашқындарды Мәрлендер бастаған қуғыншы топ ертеңiне сәске түсте алып келдi. Екi қолы ердiң қасына байланып ат үстiнде әзер отырған еңсегей бойлы, түр-тұлғалы сұсты Саймасайдың пошымы мүлдем адам шошырлықтай.

Үстi-басы өрiм-өрiм, шаң-шаң, бет-ауызы көнектей болып iсiнген, екi көзi жұмылып кеткен. Бiр жағына қисайып отырған алып дене шөлден қаталап кеберсiген ерiндерiн тiлiмен ауық-ауық жалап қойып «су, су» деп естiлер-естiлмес үнмен күбiрлейдi.

Оған кiжiнген Мәрлен: – Көр де тұр, су емес сiдiк iшерсiң әлi, -деп, кешелi берi жеген таяқтан әбден сiлелеп, ұсқыны қашып, репетi кеткен жiгiттi жетi атасынан түк қалдырмай сыпыра боқтап-боралап алды.

– Құдайым-ай, бiр ұрттам су адам құны емес шығар, оны өлтiрмесеңдер су берiңiздершi, -деп, шашы қобырап, үстi-басының ұйпа-тұйпасы шығып, көзi кiртиiп, ат үстiнде теңселген Күнiмайдың шыр-пыры шықты.

– Немене, емешең үзiлiп бара ма, өлсе өлер, байтал түгiлi бас қайғы болып келе жатқанда жынымды қоздырмай жайыңа отыр, бикеш.

Ызалана мырс еткен Мәрлен ақбоз үйге ат басын тiрер-тiреместе Саймасайды томар лақтырғандай ат үстiнен жерге дүңк еткiзiп аудара салды. Сусылдаған жiбек шапанды иығына желбегей жамылып шыққан Естөре осы бiр көрiнiске разы жандай үнсiз мұртын ширатып тұрды. Әкесiнiң отты жанарына тура қараудан қаймыққан Күнiмай аттан түсiсiмен жүзiн бұрып әкеттi. Намысты қыз неге болса бел буғандай. «Қызым: жаздым, жаңылдым дер, жылап-сықтар, аяғыма бас ұрар» деген сезiмнiң алданғанын сезiнген әке жүрегi оқыстан шым ете қалып, тұла бойы тас түйiн қалыпқа түстi. Ебiл-дебiлi шыққан қызын көрiп, жаны ышқына етегiне сүрiнiп-қабынып жүгiрген бәйбiше:

– Боташым-ау, әке-шешеңдi қара жерге қаратып кететiндей не жаздық? –деп дауыс сала бергенде Естөренiң:

– Боздама, бәдбах! Елге қарабет қылған қыздың барынан жоғы, ашынан тоғы, -деген ызғарлы сөзiн естiп үнi өштi. Талшыбықтай бұралған нәзiк дене кiлт бұрылды. Танауы қусырылып, жұп-жұқа қаймыжықтай ерiндерi дiрiлдеген Күнiмай ышқына: – әке! –дедi.

– Әкеден садаға кет! – Естөре қарақұрт шаққандай аласұрды. – Әке керек болса, ұйыққан қаншықтай күнде жуындымды iшкен мына бұралқы итке менi айырбастамас едiң.

Күнiмай ернiн тiстеледi. Мойылдай мөлдiреген жанарлар өштiктiң отты уытын шашқандай жарқ ете қалды.

– Айырбастағаным рас, менi өз қолыңызбен өлтiрiңiз!

– Астапыралла!

– Қаршадай боп сөзiн қара!

– Етегi ашылған бетсiз-ай! – Ақбоз үйдiң маңына жиналғандар қауға тиген жалындай гу етiп басылды.

– Жә, тоқтаңдар, өңшең шуылдақ, – Естөре қолын көтердi. – Сенi бүгiннен бастап, қызым бар деп есептемеймiн, сен күнәһарсың, өлiммен ойнағың келген екен ғой, асықпа, ойнатамын. Мына қаншықты да, ана төбеттi де аяқ-қолын байлап тастаңдар, өлсе құны жоқ.

Ширақ адымдай басып ақбоз үйге енiп кеттi. Естөре байдың ерке қызы құйрық-жалы жоқ бақыр бастымен қара басып қашқалы берi бұрындары ырду-дырдуы мол той-думанның ордасына айналатын ауыл бар сән-салтанатынан айрылып, күздiң суығына ұрынғандай сұрықсыз күйге енiп жүдеу тартқан. Жетi басты аждаһадай аласұрып iштей кеулеген сансыз сауалдар Естөренi күнi-түнi қажап маза берер емес.

Шайтан азғырып, жеңiл сезiмнiң көрсоқыр құлына айналған қызы түскiр әкенiң перзентiне деген кiршiксiз көңiлiнiң мөлдiр бастауын лайлап, ластап, таптап кеткендей. Он жетi жыл бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсiрген қызының қылығына iшi қан жылайды. Өз қолыңды өзiң қалай кесерсiң? Ел алдында қасықтап жинаған абыройын шөмiштеп төккен iштен шыққан сұр жыланға iшi-бауырың қалай жылыр, қалай кешiрiм жасарсың? Оны кешiрер болса, төрдегi басының есiкте жатпасына кiм кепiлдiк бере алады? Қызының қылығы бетiне өшпестей шiркеу, сүйегiне кетпестей таңба емес пе? Оны қаншама ысқылап жуғаныңмен кетер ме? Жуып кетiремiн деп бүгiн осалдық танытар болса, күнi ертең алдында құрдай жорғалап келген қатын-қалаш та, отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген құл-құтан да басынып, басына шығып кетпей ме? Жо-жоқ, Естөре екенi рас болса, ешкiмдi басындырмайды да, ешкiмге намысын таптатпайды да. Одан да қара жердi жастанып өлгенi артық. Құл-құтанның жыртысын жыртып, намысын қорғауға арланбаған шикi өкпенiң күнәсi қанша ауыр болса, оның тартар жазасы да соншалықты салмақты болмақ.

Ой толғағы қысқан Естөре көп толғанды. Қашқындарға қандай жаза лайықты?

Екеуiн де қарабет атандырып, бес күн тiрлiкте бiр-бiрiн күндеп түрткiлеуден әсте жалықпайтын қара тобырға тас лақтыртып өлтiртер болсаң, мына ел өзiне күнi кеше ғана қатыгездiгi мен қаталдығы үшiн Қабан атандырып лағнет айтқан Кеңгiрбай бидiң кебiн кигiзiп, ағаш атқа терiс мiнгiзерi сөзсiз. Телi мен тентектi шiдерлеп ұстамасаң, қызға қырық үйден тыйым салмасаң, бүгiн балағыңнан тартқандар ертеңгi күнi жағаңа жармасар, арың мен беделiңдi аяғымен таптап, абырой-атағыңды айрандай төгер. Олар өйтпес үшiн, ата-баба салтын бұзғандарды қатаң жазаға тартпаса тағы болмайды.

Iштей серт еткен Естөре бiр сұмдықты ойлағандай шарт жүгiнген бойы қақшиып отырып қалды.

*      *       *

Төрт ұлдың ортасында үрлеп iшiп, шайқап төгiп үйренген Күнiмай үш күннен берi тас түнектi тар қапаста үнсiз тұншыққан ақсұңқардың кебiн кидi. Содан берi махаббат әлдиiне елiгiп, есiнен айрылған жас сұлудың iшкенi – iрiң, жегенi – желiм.

Сүйгенiне қосыла алмай шерменде болған көңiлдiң шырылын, жас жүректiң дiрiлiн кiм түсiнер? Оларды құтқаруға кiм қол ұшын берер? Әлде, екеуiнiң өмiр шырағы сөнер кезi келгенi ме? Беймаза күй кешкен қыз жүрегi бiр жамандықты сезгендей пайыз таппай аласұрды.

Соңына жабыла шырақ алып түсетiндей, шырақ алып түскенiмен қоймай, Саймасай екеуiн жалпақ елге қарабет қашқын атандырып тар қапаста тұншықтыратындай бұл елге не жазып едi? Жазығы қос жүректiң бiр-бiрiмен тiл табысып, бiр арнаға тоғысқаны ма? Әлде, әкенiң абырой-атағының перзент бақытынан жоғары болғаны ма? Әйел сорлы бал-бақытына қол жеткiзе алмастай мұншалықты дәрменсiз пенде болар ма? Ендiгi өмiр мәнi де, сәнi де кеткен құр далбаса тұлдыр тiрлiк қой.

Он жетi жыл бойы алақанына салып, әлпештеп өсiрген әке көзсiз көбелектей ғашықтық отына өртенген перзентiн бұралқы иттей қаңқ еткiзiп басына бiр тебер деп кiм ойлаған? Әкесiнiң қорқау қасқырдай қатал екендiгi үш ұйықтаса да түсiне кiрмептi-ау.

Әке жүрегi – мұз, шеше жүрегi – шер. Шерлi жүректi қайран анашым, әке жүрегiнiң мұзын ерiте алмай шақшадай басың шарадай болып жүр-ау, қайтейiн.

Анашым, сенi қанаңды жарып шыққан төл перзентiңнен басқа кiм түсiнер?

Өмiрден түңiлген Күнiмай екi оттың ортасында қалған анасын аяйды. Аяғанымен не пайда, қолдан келер дәрменi жоқ. Дәмi де, татуы да қалмаған сұрқай тiрлiктен бiржолата түңiлген. Тiрi өлiктей құр сүлдерiн сүйретiп жүрген жайы бар. Көңiлдiң бұрынғыдай қошы да, өмiр сүруге деген құлқы да жоқ.

Өзiне деген әке жүрегiнiң ешқашанда жiбiместей болып қатқанын бар болмысымен ұғынған. Ұғынған сайын сүйгенiмен қайта қауышар бақытты шақты аңсайтын, кей-кейде тұла-бойын боркемiк сезiмге билетiп жарық дүниемен беймезгiл қош айтысардай неше түрлi суық ойлар ақыл-ойын шырмап, денесiн тiтiркендiретiн. Ұят өлiмнен қанша күштi болғанмен ғашықтық отына шарпылған жүрегi мына жарық дүниенi тәрк етуге қимайтын. Сондай сәттерде белгiсiз күш келiп, жан-жақтан құрулы тұрған ажал торын быт-шыт қылып құтқарып қалардай көрiнетiн.

Тұлдыр жетiм, тұғырсыз құс демесе, бiр жiгiттiң сұлтаны Саймасайдай-ақ болар. Оны махаббаттың бал-шырын дәмiн татқан Күнiмай ғана түсiне алатын. Тағдыр тәлкегiне түскен сол махаббатын қорғау үшiн басына түскен ауыртпалықты мойнымен көтеруге әлдеқашан iштей серт еткен.

*      *       *

Бүгiнде тiрi аруаққа айналған Саймасайдың кеудесiнде шықпаған жаны ғана. Қозғалса болды, буын-буыны сыздап, тұла бойы сырқырап, шыбын жаны мұрнының ұшына келгендей қиналады. Қанша қиналса да сырбаздық танытып, еркектiк намысын жанып, қайратын қамшылап жатқан жайы бар. өмiрден торыққан сәттерде сүйгенi Күнiмайдың өзi үшiн отқа да, суға да түсуге бейiл екендiгi көңiлiне демеу, бойына жiгер, ойына қуат құйғандай. Көк иттi талауға дағдыланған көп иттей қуғыншылардың Саймасайды қаумалай бастаған кезiнде Күнiмайдың жылан көрген бозторғайдай шырылдап «сен үшiн қылша мойным талша, мыналардан құтыл, мен саған ризамын, жаным» деп нәркес көздерi мұнарлана екi бетi алаурай ұмтылған бейнесi көз алдында елестейдi де тұрады.

Күнiмайдай сұлудың махаббат отына балқып, бақыттан басы айналып, тәттi өмiрдiң бал-шырын дәмiн ендi-ендi тамсанып тата бастағанда тұлдыр тағдырдың бұлт етiп сырт айналуы жас жанына жазылмастай жара салып кеттi. Жастайынан жетiмдiктiң азабына да, талай мазағына да төзiп үйренген жүрегi қатыгездiктiң тағы бiр қатал соққысына ұшырап, тұлыпқа мөңiреген сиырдай зар-запыранын жұтып қалды. Басына қонған бақыт құсынан қапияда айрылуы жеттiм бе, жетiлдiм бе деген жетiм көңiлге емсiз дерт, қаралы қайғы, қара қасiрет болып жабысып, қабырғасын қайыстырды. Өзектi жанға әйтеуiр бiр келетiн өлiмдi өз еркiнен тыс қол-аяғы маталып күтiп жатқаны мынау. Жастайынан жетiмдiктiң көз жасына шомыла-шомыла әбден шемiршек болып қатқан жүрегi өлiмнен әсте қорықпайды. Жарық дүниеге бiрiнен соң бiрi iркес-тiркес келiп жатқан көп жетiмнiң бiрi өлгенмен ай тұтылып, күн күңiренбес, қара жер қабағын шытпас. Жетiм жүрек соғуын тоқтатса, ай мен күнге балаған, өзiмен жаны да, тәнi де бiрге, жүрегi Саймасай деп соққан бұл жалғандағы жалғыз қимасы Күнiмайы сыңарынан айрылған аққудай сыңсып жүрiп, фәни жалғаннан бiржолата баз кешiп кетер деп қорқады. Құдайдан күнi-түнi Күнiмайының өмiр гүлi солмасын, досына күлкi, дұшпанына таба болмасын деп тiлейдi.

Екеуiнiң адал махаббатының алтын дiңгегi болар, жарық дүниеге ендi келер шарана өмiр сүрсiн, бұл жалғанның қызығын сол көрсiн деп тiлейдi.

Ес бiлiп, етек жапқалы отымен кiрiп, күлiмен шыққан Естөре байдың қызын алып қашқан құлды аямасын Саймасай жақсы бiледi. Бiлгенмен не шара, сүйгенiн құтқаруға қолы қысқа. Шарасыздық аяқ-қолын матаған Саймасайдың ендiгi күткенi – тағдырдың пешенесiне жазғанына мойынсұну, Естөре қандай жаза қолданса да «еркек тоқты – құрбандық» деп қабырғасы қайыспай көтеру.

*     *      *

Қызының қылығынан назары пәс тартып, тұралап, елге қарауға жүзi күйiп «сен қылғанға мен қылдым, сенен артық не қылдым» деп қашқындарға iштей ерегiскен Естөренiң ойланып-толғана келе шешкенi екi қоянды бiр оқпен ату болатын.

Құрбандыққа шалынар бiрiншi қоян – былтыр көктемде көктүйнек келiп қайтыс болған жамағайын туысының шиеттей екi баламен қалған жас әйелi Қамқаны төртiншi тоқал етiп иемдену, екiншi қоян – әке-шеше тiлiн алмаған қызды күң, бұзық ойлы жалшыны құл ретiнде бастарын бәйгеге тiгу. Қатал жаза арқылы басқаларды ата жолын аттаудан аяқ тартқызу, оның үстiне жалпақ елге өзiнiң Естөре екендiгiн тағы да мойындату. Жаз ортасы ауа ел арасына «Естөре үйлену тойын жасаймын деп жалпақ елге жаппай сауын айтқызып жатыр екен» деген тосын хабар құландай жүйткiген құба желмен жарыса кең даланы шарлап кеттi. Ол хабар басыла бере, «несiн айтасың, үйлену тойында бәйге берiледi екен. Естөре бас бәйгеге жасау-жиһазымен ақ отау, нар бастаған бiр тоғыз және үй күтушi күң мен мал жайғайтын құл тiгiптi» деген тағы бiр хабар ауыл-ауылды тасқын судай қаптады.

Мұны естiгендер «астапыралла, адамды саудаға салу деген қазақта жоқ ырым едi, Естөре жасы жер ортадан ауғанда алжасыпты, басын жұтпаса неғылсын» деп жағаларын ұстап, таңдайларын қағысты. Құлағы түрiк отырғандар Естөренiң күң дегенi қызы Күнiмай, құл дегенi жалшысы Саймасай екенiн әуелден-ақ сезген. Сезген де iштей тынған. Желмен жарыса жеткен жайсыз хабар Естөре ауылынан екi көштiк жерде отырған Байрақ батырдың құлағына да тидi.

– Қап, «ит жоқта шошқа үредi» дегендей елде жоқ ырым бастаған Естөренiң азары өттi-ау, – дедi оң жақ босағада қамшы өрiп отырған Байрақ батыр төрде төбедей болып шөккен қалың қасты Садыман батырға мұң шаққандай кейiппен. – Ерегiскенде бiр жұттық малын айдатып алып, қу тақырға отырғызсам ба екен.

– Сабыр, Байреке, сабыр, ол жаманның малын айдатып алғанда қай жыртығыңа жамау қылмақсың, құр босқа елдi дүрлiктiрiп, жау жоқта жауластырып аларсың, – дедi салалы саусақтарымен шоқша сақалын саумалаған Садыман батыр. – Бiр ашуыңды маған бер.

– Сөзiңiздiң садағасы тақсыр, пайғамбар әулетiсiз, бiр ашуымды бердiм, ашу билеген адамнан ақыл қашқан заман ғой, мен байғұс ана Естөренiң осы бiр қылығы күнi ертең елге таңба бола ма деп қиналамын, – дедi томағасы сыпырылған сұңқардай екi көзi шоқтай жайнап, бұғағы бiлеуленген батыр. – Қандай ақыл бересiз, қожеке?

– Ашу – дұшпан, ақыл – дос деген Байеке. Менiң ақылым – сабыр сақтау. Сәйгүлiктердi жаратайық, бәйгесiне қатысайық. Алла тағала қолдап, бас бәйгенi қанжығаға байлар болсақ, әлгi қос мұңлыққа азаттық әперейiк деймiн.

– Мұңыңыз ақыл екен, қожеке, сiздiң айтқаныңыз болсын.

Сыр бойынан келiп қонақ болып жатқан Садыман батыр мен Қыр елiнiң бас батыры Байрақ осылайша пәтуаласты.

*      *       *

Қыр елi бәйге болатын күндi асыға күттi. Бiреулер-\ құл болатын Саймасайдың көзiне көк шыбын үймелетiп, сылпылдатып мал соңына салып қойып, ай десе аузы, күн десе көзi бар күң болатын Күнiмайды жеке-дара иемденiп, мауық басар күндi армандаса, бiреулер қос мұңлыққа азаттық әперер күннiң тезiрек келуiн тiлеумен таң атырып, күн батырды.

Бастары бәйгеге тiгiлген Күнiмай мен Саймасай қасiреттi күн жақындаған сайын тiршiлiктен түңiле бастады. Бiр-бiрiне ынтызар қос жүректiң жүз көрiспегенiне айдан асқан. Бүгiнде сырты бүтiн, iшi түтiн, құр сүлдерiн сүйретiп алдағы күнге үмiт артумен жүрiп жатыр. Бiр айдың iшiнде неше түрлi ой мүжiген Саймасай жағына пышақ жанығандай әбден сылынған. Намысы тапталып, жiгерi құм болған күнi Күнiмайдың ақ дидарын бiр көрiп, жарық дүниемен қоштасуды армандаған.

Кезiнде үлде мен бүлдеге оранған еркетотай Күнiмайдың кеудесiнде шықпаған жаны ғана. Бiр кездерi талшыбықтай бұралған талдырмаш денелi бойжеткен адам танымастай өзгерген. Күнiмайдың Күнiмай екенiн айғақтайтын маржандай тiзiлген ақық тiстерi мен мойылдай қара көзi ғана.

Өмiрiнде iшшәй десiп көрмеген асқар тауы әкесiне деген өкпесi қара қазандай. Көзiн жұмса болды, көкке қарап қолын созып: «Ата салтын бұзғандарға мың да бiр лағнет жаусын, екi дүниеде оңбасын, ойға алғандары болмасын, ұрпағы шуласын, дастарқаны қурасын, бердiм терiс батамды! Бүгiннен бастап Күнiмай күң, Саймасай құлым, Алла атымен ант еттiм» деп жиналғандарды куәға тартып тұрған әке бейнесi елестейдi де тұрады.

Әке бейнесiнен соң: – Қызын күң, күйеу баласын құл қылғандай не жазып едiк, құдайым-ай! –деп дауыс салып, шашын жұлып, бетiн тырнап, қос жұдырығымен қара жердi тоқпақтап талып жатқан шешесi елестейдi.

Әкеге деген жүрегiнде маздап жанған ыстық шоқтың қоламтасы ғана қалғандай. «әкенiң жақсылығы жездедей-ақ» деген нақыл сөз миын солқылдатып балғамен ұрғандай шықылдатады да тұрады. Бұрындары өлiмдi аңсаумен қара тас болып қатқан жүрегi түскiр құрсағындағы шарананың қимылын сезгеннен бастап жаны жадырай мына өмiрге, жарық сәулеге ұмтылатын болды.

Аяғының ауыр екенiн бiлсе, Саймасай бiр жасап қалар едi-ау. Дүние есiгiн ендi ашуға талпынған ұрпағым үшiн төзермiн де, көнермiн де; тозақ отына шыжғырса да жанбаспын; иiлермiн, бiрақ сынбаспын; өртенермiн, бiрақ өлмеспiн.

Бұлм үрейге толы үркек көңiлдiң iшкi сертi едi. Күнiмай Саймасаймен жүздесер күндi ынтыға күттi.

*     *      *

Аламан бәйге болатын күнi Долана жазығында қызылды-жасылды киiнген қарақұрым халық қаптады. Бәйгенi тамашалауға жиналғандар кең дала төсiне сыймай кеттi. Түс ауа жiберiлген сәйгүлiктердiң алды бесiн ауа шаң бердi.

– Келе жатыр!

– Әне, әне!

– Ақсарбас!

– Ия, аруақ, өзiң қолдай көр! – Айнала азан-қазан. Айғай-шу құлақ тұндырғандай. Делебесi қозған көпшiлiк даланы дүр сiлкiндiргендей. Ат құлағында ойнаған бозбалалар естерi шыға ерсiлi-қарсылы шапқылап, күрең аттың алғашқы болып келе жатқандығы туралы жарияға жар салған едi.

Садыман батыр ер үстiнен көтерiле күн қақты жүзiн күректей алақанымен көлегейлей бәйге аттары көрiнген жаққа көз тiккен. Көзi жасаурады. Сәлден соң өз көзiне өзi сенбегендей қос жанарын көлдей орамалымен сүртiп қойып, тағы да бiр қараған. Қараса, шоқтығы биiк Құланаяқ тұлпарының астаудай жоны күнмен шағылыса желдей жүйткiп заулап келедi екен. Астындағы торы бестiнi тебiнiп аруақтана елiрген батыр айбарлы үнмен:

– Қожахмет, Қожахмет, қолдай гөр, бабам Хәзiрет! – деп айғай сала ойқастай шапты. Иесiнiң зор дауысын естiп құлағын жымита шабысын үдеткен Құланаяқ жануар мәреден зу етiп өте шықты. Бәйгенi тамашалаушылар Сыр өңiрiнен келген Құланаяқ аттың бас бәйгенi қанжығасына бөктергенiн әсiрелей әңгiмелеп жатты.

Бiр бүйiрден қиялай шауып келiп, Құланаяқ аттың тiзгiнiне жармасқан батыр атшабар баланы ерден тiк көтерiп алып:

– Айналайын, талабыңа нұр жаусын, өресi биiк өркендi азамат бол! –деп алма-кезек екi бетiнен сүйдi. Баланы аттан түсiрiсiмен: Жануарым-ай, бейнетiмiз қайтты-ау, осы қуанышымызды ұзағынан сүйiндiргей! – деп шелектей танауы едiрейе оқыранған тұлпарын мақпал қара кекiлiнен қайта-қайта қағып, үстiне ақ жабу жауып жетелеп әкеттi.

Естөренiң төсек жаңғырту тойына арнап сойылған төрт түлiк малдың қаны өзен болып ақты. Жал-жаяға кекiрелей тойып, көл-көсiр қымызға қызара бөрткен көпшiлiк қызыққа белшеден батты. Ақындар айтысы, мешкейлер жарысы, палуандар сайысы қызық үстiне қызық қосқандай. Көпшiлiктiң ендiгi күткенi – той тарқар алдында берiлетiн бәйгi үлесi.

Ежелден ен даланы жайлаған атқұмар қазақ үшiн бәйге үлесiн тамашалау – өзiнше бiр қызық. Қазақ бойындағы небiр қасиеттердiң: жомарттық пен дүниеқоңыздықтың да, мәрттiк пен нәмәрттiктiң де, азаматтық пен пенделiктiң де таразы басына түсер шағы – бәйге үлесi. Содан да болар бәйге үлесiн тамашалаушылар құмырысқаша қаптап Долана жазығын басып қалды.

Алқа-қотан жиналған көпшiлiктiң назары ортадағы екеуге ауған. Күнi кеше ғана бұл жалғанды жалпағынан басып, махаббат шоғының қызуынан бойлары балқыған екi жас қазiр басқалар алдында кiрiптарлық пен пенделiк қалыпқа түскен. Көңiлдерi пәс қос ғашықтың жүзiнен жүдеулiк табы ескендей. Көпшiлiктiң қатал үкiмiн үнсiз күтiп тұрды.

Ортаға сылыңғыр денелi қарасұр өңдi жiгiт ағасы шығып ақ домбыраны күйлей жөнелдi. Асқақ дауыс Долана жазығында терме-толғау болып қалықтады.

Ерлiгi үлгi ұрпаққа,

Батыр боп туған Садыман.

Бергi атасы қажыдан,

Арғы атасы әзiрет,

Қожадан шыққан бағылан.

Үш жүзге мәлiм Садыман,

Бас бәйгенi байланып,

Көңiлi бүгiн шадыман.

Үлесiң бар үш тоғыз,

Естөренiң малынан.

Құлың мен күңiң және бар,

Табылар әркез жаныңнан.

Жыр шумағын тасқын судай ағытқан Қошым жырау Садыман батырдың жоғары көтерiлген оң қолын көрiп әзер тоқтады. Денесi қоладан сомдап құйылғандай батыр өткiр жанарымен аспай-саспай жағалай отырғандарды бiр шолып өтiп:

– Уа, ағайын, тойларыңыз тоға ұлассын, бес күн тiрлiгiмiз әмәнда той болып өтсiн, – деп айбарлы дауыспен саңқ ете қалып, көпшiлiк назарын аударып алды. – Бас бәйге Құланаяқ тұлпардың бiр үлкен терiнiң өтеуi болар. Әңгiме онда емес, әңгiме заманның тозып, адамның азып бара жатуында ма деймiн, ағайын. Ойымды ашып айтсам, айыпқа бұйырмассыздар. Кешегi өткен ат басындай аталарымыз: «бiреуге ор қазба, ор қазсаң терең қазба, өзiң түсерсiң» деушi едi-ау, жарықтықтар. Бүгiнгiнiң пендесi ата сөзiн тыңдай ма? Ата сөзiн тыңдаса, мына отырған Естөре құйрығы жоқ, жалы жоқ жалқы жiгiт қызыма ғашық болып, алып қашты деп елде жоқ ерсi қылық шығара ма? Елiне қорған болар ер жiгiттi құл деп кемсiту, туған қызын күң деп күпiрлiк жасау осы отырған баршаңның сүйегiңе түскен таңба емес пе, ағайын, айтыңдаршы, ақталыңдаршы! – Көпшiлiк тым-тырыс. Алып дала демiн iшiнен алғандай. Батырдың сұсты жанарынан жүз жасырғысы келгендей көтерiңкi еңселер төменшiк тартқан. – Пайманасы асқанды тәубасына келтiру елдiгiмiзге сын. Осы елдiң игi жақсылары ойлансын деймiн. Бiр құмалақ бiр қарын майды қашанғы шiрiтпекшi, ағайын. Менiң айтпағым осы едi. Өз басым бас бәйгенi жеңiп алғаныма емес, талабы таудай азаматты құлдық шынжырынан құтқаруға септiгiм тигенiне қуанып тұрмын. Сен азатсың Саймасай, жүнжiмей, басыңды көтер. Сен ұлым болуға жарасаң, мен қысылғанда қол ұшын берер асқар тауың әкең болуға жараймын, балам.

– Әп, бәрекелді!

– Аталы сөз осындай болар. – Көпшiлiк қолдағандай гулесiп кеттi. Өне бойын қуалай нұрлы шуақ құйылғандай Саймасайдың тiзесi дiрiлдедi. Еңсесiн басқан қара бұлт серпiлiп алтын шапақты күн жанын жадыратқандай басы жерге жеткенше құлдық ұрды.

– Әке, сiзге өле-өлгенше қарыздармын, – дедi. Дауысы дiрiлдеп, көзi жасаурап айтты. – Сiз әке болсаңыз, мен ұл болуға жарармын.

– Ер жiгiттiң басына нелер келiп, не кетпес, жасыма, кел балам, көрiсейiк. – Бiр-бiрiмен көп жылдар бойы көрiспей сағынысып табысқан әкелi-балалы жандардай қатты толқыған Садыман батыр мен Саймасай төс түйiстiре көрiстi. Шемен болып қатқан жүрегi елжiрей егiлiп кеткен Саймасайдың жүзiн тарам-тарам жас жуды. Жүрегi атқақтай соққан алпамса денелi жiгiт Садыман батырды тас қылып құшақтап алып, iшi-бауыры елжiрей:

Әке! –дедi. – Саймасайдың оттай ыстық демi батырдың жүзiн шарпыды. Батырдың сүйек-сүйегiне дейiн уылжи ерiп бара жатты.

– Балам! – Батыр баласын еркелеткендей оның көптен ұстара тимей шаң мен терден тұтасып ұйысып қалған шашынан сипалады. – Ер жiгiт егiлмес болар. – Арқасынан аймалай қақты. Саймасай ернiн тiстелей басын изедi.

– Кешiр әке, қуаныш жасын жұта алмай тұрғаным, әке. – Аңғал жастың алғаусыз сөзi Садыман батырдың iшi-бауырын елжiреттi.

– Бүгiннен бастап мына Саймасай менiң өкiл балам болады. Естөре есiттiң бе? – дедi. – Мен саған бүгiн құда түсемiн.
Осылайша сол жазда Долана жазығында ұлан-асыр той өткен көрiнедi. Осы бiр аңызға бергiсiз дала хикаясын айтушы сол Саймасайдың ұрпақтары бүгiнде Сыр елiнде тұрып жатыр. Олар өздерiнiң шежiресiн Садыман батырдан бастайды. Ал, көзi тiрiсiнде ел қорғаны болған, аруағыңнан айналайын Садыман батыр Сыр елiндегi Қожжан қожа бабасының аяқ жағына жерленген.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: