«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.4 (-0.47)

  • EUR: 502.78 (-0.6)

  • RUB: 5.59 (-0.01)

Киелі жерлердің кереметі

12.11.2020, 10:20 123 0

Сығанақ – сырын ішіне бүккен, тарих­ы тым тереңде жатқан қала. Жаңақор­ған ауданына жасаған сапарымыз әуелі осы жерден басталды. Қазақстанда киелі жерлер өте көп. Оның ішінде Қызылордада да қасиет қонған орындар баршылық. «Қызыл­орда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесінің сайтын қарап отырып бұған көзіміз әбден жетті. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейіл­бек Шаухамановтың «Маңғыстауда 362 әулие болса, Сыр бойында 452 әулие-әнбие бар» дегені рас болса керек. Бұл санды көбейтіп, бәсекелес­тікпен айтылған сөз емес. Өйткені, Сыр бойы – қаншама ескі қала орындары мен әулие-әнбиелер жатқан киелі мекен.

Әбілғазының жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді. Оның тұрғындары Кедейдің елшісі Хасан-Қажыны өлтіріп, моңғолдармен барынша қарсыласты» деп жазылған.

Осыдан-ақ, қаланың сол уақыттағы кейпін көз алдыңызға елестете беріңіз.

– Сығанақ қалашығы туралы тарихи жазба деректерге сүйенетін болсақ, XI-XIII  Қыпшақ хандығының, XIII-XIV Ақ Орданың, XV-XVII Қазақ хандығының астана­сы болғанын жақсы білеміз. Қала XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында археологтардың назарына ілікті. Көптеген ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ортағасырлық Сығанақ қаласы – «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген 12 нысанның бірі. Себебі, қаланың ерекшелігі бар. Ол – әр кезеңдегі пантеондар. Қалада мұндай орындар көптеп орналасқан. Сығанақ Сырдың ортаңғы ағысындағы саяси, мәдени орталықтардың бірі болған. Сол заманда өмір сүрген билеушілер, хандар, сұлтандар жерленгендігін археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. 2004 және 2019 жылғы зерттеу нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінен Ерден ханның кесенесі анықталды, оңтүстік-шығыс бөлігінен Ақ Орда кезең­іне жататын кесенелер табылып, зерттелді, – дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының PhD докторы Бағдәулет  Сыздықов.

Баспасөз турын ұйымдастырудағы басты­ мақсат – аудан көлеміндегі тарихи-мәдени орындарды журналистер көзі­мен насихаттау, аудандағы тарихи орындарға баратын туристік маршруттарды дәріптеу екенін алдын ала айтқан Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүс­темов тағы бірқатар мәселеге тоқталды.

– Жалпы, Сығанақ шаһарын туристік маршруттың бір арнасы етуде бізге жүйелі жұмыс істеу міндеті тұр. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында қаланы жаңғырту ісін жандандырып, сол аумақта археологиялық қазба жұмыс­тары кезінде шыққан жәдігерлерді қоятын орын ашудың жөні бар. Бұл Сығанақ қаласына деген қызығушылықты арттыратыны сөзсіз, – деді ол.

Сығанақ қаласы өз заманында мәдениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі рухани­ білім орталықтарының бірі болды.­ Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі – «Хұсрау мен Шырын» поэмасы осы Сығанақ шаһарында жазылды. Сондай-ақ, деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһар­лары санатында аталатын дарынды ғұлама Һисамиддин Сығнақидің осы қалада дүниеге келгендігі айтылады.

– Ортағасырлық Сығанақ қалашығын 2003 жылдан бері қарай Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті зерттеп келе жатыр. Жетекшісі – Сейден Жолдасбаев ағамыз. Негізгі жұмыстар қаланың Шахистан бөлігінде, екі мұнаралы Шығыс қақпасы арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл жерді жергілікті тұрғындар киелі тұтады, сондықтан тиісе бермейді. Себебі, 2003 жылдары басталған қазбада қаланың шығыс бөлігінен үлкен ғимарат табылды. Мұнда да жерлеген адамдардың сүйегі шықты.

Археологиялық деректерге сүйенсек, қала XVIII ғасырдың соңында тіршілігін тоқтатқан. Жазба деректерде қала  XI-XII ғасырда айтылады. Бірақ, археологиялық заттай деректер арқылы оған әлі жеткен жоқпыз, – дейді археолог, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Қуаныш Арынов.

Бұл біздің Сығанаққа алғаш рет аялдауымыз емес. Ал, келесі нысан туралы естігеніміз аз, естігеннің өзінде қызығып зерттемегенбіз. Сондықтан, біздегі құлшыныс арта түсті.

– Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның жалпы қасиет­ті нысандары және өңірлік нысандар тізіміне енген тарихи ескерткіштердің бірі – Ақтас мешіті, яғни Айтқожа ишан кесенесінің басына келіп тұрмыз. Жалпы, ауданда 5 республикалық тарихи ескерткіш болса, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 10 нысан енген  болатын. Оның 7-еуі – өңірлік,  3-еуі – республикалық. Міне, осының бірі – Ақтас мешіті, – деді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің эксурсовары Бағдәулет Тажимов.

Ақтас мешіті – қайталанбас өнер туын­дысы. Пішіні төрт бұрышты етіп салын­ған күмбезді мешіттің биіктігі – 10-12 м. Қасбеті шығыс жақта. Күй­ді­рілген кірпіштен тұрғызылған. Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады. Қабырғалары­ сәндік өрнектермен әшекейленген. Кіреберіс жағында 3 биік, сәнді аркасы бар, ортаңғы аркадан мешітке кіретін есік жасалған. Солтүстік және оңтүстік жақтағы қабырғасына әшекейлі терезелер орнатылған. Солтүстігіндегі терезе­нің астыңғы жағында және бір есік бар. Мешітке келген жамағат намаз оқып, құран бағыштай алады. Мешіттің михрабы батыс жақтағы қабырғаның орта тұсында орналасқан. Солтүстік іргесіне жүргізілген қазба жұмысы барысында төрт бұрышты шағын бөлмелердің іргесі ашылды. Осыған қарағанда мешіт жанын­да медресе болған секілді деседі.

Ғимарат Айқожа ишанның (кесенесі онша алыс емес) айтып кеткен өсиетімен салынып, «Ақтас» деп аталады. Айқожа ишан дүниеден өткеннен соң 25 жылдан кейін ескі мешіт орнын жаңартып, 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен, Тасжан деген байдың демеушілігімен және жергілікті халықтың күшімен салынады. Мешіт құрылысын Бұқарадан арнайы алдырған Халид шебер жүргізген. Ғимарат Сырдарияның оң жағалауындағы жайылма алқап үсті территориясындағы қырқада орналасқан. Террассаның етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр. Мешіттің биіктігі сонша, одан Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелері көрінеді деседі. Қажылық жасаушылар Меккеге қажылыққа барар алдында осы мешітке жиналатын дәстүр болған.

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» негізінде жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген нысанның бірі – Төлегетай-Қылышты ата кешенді кесенесі.

Төлегетай Қылышты атаға өкіл бала болып тәрбиесін алып, қойын бағады. Бір күні Қылышты ата Төлегетайды сынау үшін аңдиды. Сөйтсе сусыз құм ішінде Төлегетай аса таяғымен жер сызып­ су шығарып, қой суарып жүр екен. Баланың жетілгенін біліп, өз қызын беріп күйеу бала етеді. Төлек атадан төрт ата Найман тарайды. Қылышты ата дүниеден өтерінде «менің қабатыма Төлекті қойыңдар, зияратқа келген адам бірінші Төлекке дұға оқып, сосын маған келсін» деген екен. Шындыққа жүгінгенде бүкіл Найман ұрпағының түп атасы Төлегетай екендігі негізделуде.

– Мазарлар күйдірілген кірпіштен салын­ған. Ұлттық сәулет өнерінің озық үлгісі 1970 жылдардағы кесененің түсі­рілген суреті арқылы сызбасын сызып, кесенен­ің күмбезі, қасбетінде қос бағана болғандығын айқындаған. Қайта жаңғырту жұмыстары 2005 жылы 1 маусымда басталып, 2008 жылы 30 тамызда толық аяқталды. Еліміздің көрнекті сәулетшісі Бек Ыбыраевтың шығармашылығымен қайта жаңғырған көне кесене жобасы аса шебер қолтаңбамен айшықталып жүзеге асырылды. Қос күмбезді, төрт мұнаралы, сегіз сынтасты. Күмбезді құрылыс нысаны – 9х9 м, биіктігі – 10 м. Әдемі және ерекше пропорциялы. Ескерткіштің төлқұжаты толтырылып, қорғау тақтасы орнатылған, – дейді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрмен.

Баспасөз туры аясындағы келесі нысан Өзгент ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырымда орналасқан қала болды. Өзгент – Сығанақ, Сауран қалаларымен қатар салынған, солардың тари­хымен тағдырлас, Сырдың сол жағалауындағы орта ғасырлық мәдеиеті мен саудасы, саяси-экономикасы, ілім-білімі дамыған қала. Археолог-ғалым, полковник Б.А.Каллаурдың айтуы бо­йынша: «Өзгент дегеніміз – ол, бірін­шіден, Сырға қосылатын өзен, екіншіден, ішкі Өзгент және Қыр Өзгенті деген­ екі бекініс, соның екіншісі ХІІІ ға­сыр­дағы Өзгент», – дейді. Ішкі Өзгентті – Сыр Өзгенті (Сырдарияға жақын), қыр Өзгентін қашықтау болғандықтан, Сырт­қы Өзгент деп те атаған. Ішкі Өзгент моңғол шапқыншылығына дейін Қыпшақ мемлекетінің құрамында болып, Сығанақ билігіне қараған. Моңғолдар қиратып, тонаған соң бұл қала қаңы­рап бос қалған. Өзгент қаласы Қасым хандығы тұсында қазақ хандығына қараған­. ХV-ХVІІІ ғасырларда бұл шаһар жоң­ғар қалмақтары мен Ақсақ Темір және оның ұрпақтарының жорықтарында қирап, халқы қуғын-сүргінге ұшырап, тарих сахнасынан біржола кеткен.

Қазіргі кезде ортағасырлық шағын Өзгент қалашығының айнала қорғаныс қабырғасы мен тұрғын үйлері мен тұр­мыстық құрылыс орындарының үйін­ділері биік төбе болып сақталған. Қала құрылысы бұрыс формалы, солтүстіктен оңтүстікке  созылып  жатыр.

Ел арасында «әулиелердің әулиесі – Хорасан ата» деген түсінік бар. Мәдени-тарихи маңызы зор кесененің маңы қазіргі күні абаттандырылып, келушілерге жағдай жасауда алда келеді.

Жаңақорған кентінен 15 шақырымдай жерде Әбдіжәлел баб (ел аузында Хорасан ата аталып кеткен) кесенесі орна­ласқан. Қай кездері болмасын, дәстүрлі салт-санамызға берік жандар бұл жерді қасиеттеп, зиярат етіп отыр­ған екен. Қобыланды батыр жырында да бір перзентке зар болып, қасиетті әулиеге келіп, Хорасанға қой атағаны айтылады. Түркі халқы ақындарының ұлығы Құл Қожа Ахмет Ясауидің өзі:

Бабам Хорасан келдім арасан.

Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң,

Мүшкіл ісімді қылғайсың ансан

Рахым ете көр, бабам Хорасан, – деген.­

1992 жылдан бастап кесене ерекше қамқорлыққа алынып келеді. Бүгінде «Байкен U» ЖШС басшылығының көмегімен электр желілері тартылып, кесен­е маңындағы шырақшының үйі, мешіт пен қонақжай да электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілген. Зәу­лім қонақүй де бой көтерді. Бүгінде келуш­ілерге үздіксіз қызмет көрсетіп келеді­. Хорасан ата төңірегінің біраз жері қоршауға алынып, онда әртүрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Баққа кірер бетте тақтаға жазылған «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» деген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың хадисі халықтың ерекше ықыласын құптап тұрғандай. Содан бері қалың бұқараның ұйғарымы бойынша әрбір жылдың 23 наурызында Хорасан ата кешенін көркейту-көгалдандыру және абаттандыру мақсатында кездесу күні болып келісілген екен.

Жалпы, біз зиярат еткен әулие-әнбие­лер туралы тарихта көптеген аңыздар бар. Аңыз деуге де аузың бармайды, өйткені ақиқаты қатар жүреді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін бабала­р басына барып, құран оқып, зиярат еттік. Тарихтан тағылым алдық. Шындап келгенде, әр нысан жеке-жеке барып жазуға тұрарлық. Оны  болашақтың еншісіне қалдырдық.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ,

Суреттерді  түсірген  Әлібек  Жарықбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: