«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (1.47)

  • EUR: 505.25 (2.47)

  • RUB: 5.59 (0)

«Аслан» балалар киностудиясы – керемет мүмкіндіктер алаңы

02.11.2020, 16:30 265 1

HALYQLINE.KZ

Жасұлан Алдабергеновтің есімі Сыр елі жастарының, қала берді, аға буынның да жадында жатталып қалған. Ол көп жыл жастар ұйымының көшбасшысы болып, еліміздің, аймағымыздың жастар саясатын ілгерілетуге барынша қарекет қылды. Бүгінде жеке кәсіппен айналысып жүр. Соның төл туындысы – «Аслан» балалар киностудиясы. Аталмыш студия 2019 жылдың 10 қазанында іргетасын қалап, алғашқы оқушыларын қабылдаған болатын. Биылғы әлемді әбігерге салған пандемия көп істің қиюын кетіріп, жұмыс сәл саябыр тапқан еді. Кеше жас кәсіпкер сол студиясын кеңейтіп, жаңа ғимаратқа қоныс аударып, ашылу салтанатын өткізді. Карантин талаптары барынша сақталған күйде өткен шарада бірқатар облыстық басқарма басшылары, жастар, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Студия балаларды өнерге, әсіресе кино өнеріне баулып, актерлік шеберлігін шыңдауға, сөз шешендігіне, көркемсөз оқуға үйретеді. Сондай-ақ, әуесқой, кәсіби актерлердің қатысуымен түрлі кинофильм мен роликтер түсіреді. Фотосессия жасаушыларға да көмек қолын созады. Құрылғанына жыл толса да, 20 шәкіртті түлегіне айналдырып, қазір 30-дан аса оқушыны оқытып жатыр. Осы аз уақыт ішінде 3 кино мен бірнеше әлеуметтік ролик түсірді. Ең алғаш рет Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірігіп, «Белес» атты киноны жарыққа шығарды. Қазіргі таңда ол әлеуметтік желіде 150 мыңнан астам көрсетілім жинаған. Бұл жас студия үшін керемет көрсеткіш деп білеміз. Одан бөлек биылғы қаңтар айында жастардың қатысуымен түсірілген «Сүйгенді сүй» киносы тұсауын кесіп, ютуб желісінде 800 мыңнан аса көрсетілім жинады. Ал «8 наурыз» атты балалардың қатысуымен 4 апта бойы түсірілген фильмнің еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ашық көрсетілімі болған жоқ. Дегенмен, ютуб желісіне салынып, өз көрерменін жинай білді.

Осындай Сыр елінің киноиндустриясын қолға алып жатқан студияның ашылу салтанатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов сөз алды.

– Жастардың жанашыры бар жерде өсу мен өну тоқтамайтынына сенімім мол. Жасұлан бауырымыз игі жобаны қолға алған екен, қолдау білдірдік, қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Міне, бүгін соның нәтижесін көріп отырсыздар. Алдағы уақытта да жарқын бастамалардың қолдаушысы болып, Сыр жастарының мүмкіндігін еселей береді деп ойлаймын, – деді басқарма басшысы.

Аталған грантқа түрлі құрал-жабдықтар алынған студияда жас жеткіншектерге аянбай білім беріп, білгісі келген дүниені үйретіп, таңсық та пайдасы мол істерге баулып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген халық артисі Зәлипа Төлепова мен Гүлжамал Қуанышованың да еңбегі зор. Өз кезегінде құрылтайшы Ж.Алдабергенов жиналғандарға алғысын айтып, мақсатқа бірге жетер жолды нұсқады. Ал, салтанантты лентаны қию мәртебесі З.Төлепова мен жастар жанашыры, «Абзал и К» компаниясының директоры Мағжан Ерәлиевке берілді.

Айта кетейік, «Аслан» балалар киностудиясы – Қызылорда қаласындағы жалғыз әрі тұңғыш студия. Бұл – облыстағы актерлік шеберлігін дамытып, мектеп оқушылары мен студент жастарға арналған керемет мүмкіндіктер алаңы.

Пікірлер:
  • Керемет Студионын ашылу салтана кешинин конагы болдым.Болшагы зор аукымы кең жастарды өнерге баулыған орта.Алла жолдарын ашык болсын.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: