Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айдар Сайлауов: «Сенің сорың – өзіңнің сұлулығың»

02.06.2020, 9:00 4124

HALYQLINE.KZ

ҚАРА ҚАҒАЗ

Есекқырған, жанса да жарық алдан,

Қу параққа сыйыпты алып арман.

Үшбу хаттың ішінде ішті өртейтін,

Ақ самайлы ананың зары қалған.





Ары қалған жесірдің, балаға мәз,

Шашын жайып айтатын далаға наз.

Ғашықтардың жүрегін тесіп өткен,

Сен жаудан да жауыз ең, қара қағаз!





Қаңғыған оқ қапелім жолды қармап,

Хатың келді халыққа сорлы, самғап.

Отқа оранған майданның отты сөзін,

Саған қалай сыйдырған соңғы солдат?!





«Тірі» десе, шығатын солай ізгі үн,

Жел үрледің үстінен талай іздің,

Сүлейменнің семсері қия алмаған,

Үміт жібін қу қағаз қалай үздің!?





Сен шығардың демеңдер қайдан мұны,

Сағым сынды құшағын жайғанда ұлы,

Хатты оқуға қорқатын әжелердің,

Әжімінде жазулы майдан мұңы.





Қыршын кетіп, қырда да жас көмілді,

Кәрлендірген сол шығар аш көңілді,

Жеңіс жыры жұбата алар ма екен,

Жетімдердің жасындай ащы өмірді.





Өртемесе хаттарды жетер сырлы ой,

Қарасаңыз, Құдай-ау бөтен сынды ой.

Қайран әжей жоғалтқан жалғызыңды,

Сол параққа жерлеген екенсің ғой.





Қайран әжей жоғалтқан жалғыз ұлды,

Сол параққа жерлеген екенсің ғой…

ШАЛА

Бір өлең бүгін түсік тастады,
Сосын ба оны жетімек депті.
Ол ақын жырын ішіп бастады,
Бір өлең тағы шетінеп кетті.

Сәбилер жанның гүлдеуін көрді,
Кіндігін мұның қиямын құрсын.
Сүтке жарымай бір буын өлді,
Түкке дарымас қиялың қыршын.

Бір шумақ бүгін шала туылды.
Жылады өлең жалаңаштанған.
Ұнатпайтындай дала шуылды,
Уызсыз сонда балаң аш қалған.

Балөлеңдердің аздығы кімнен?
Арадай аңсар гүлбақтарына.
Мұндаламайды мазмұны мүлдем,
Іңгәламайды ырғақтары да.

Ұмытпасын деп ұятты ғалам,
Қорғағым келді ел есін жаттан.
Ақ қағаз ақ бөз сияқты маған,
Жетімек жырдың денесін жапқан.

ӨРКӨКІРЕК

Жүрсемдағы жар дейтін жиекпенен,
Әлі талай ішекке тиек берем.
Қолсозым жерде тұрған бір ағайға,
Қол созғам амандаспақ ниетпенен.

Тышқан құрлы көрмеді Толағайды,
Ашкөздікке баламай қомағайды,
Бірақ неге ішімнен қарғамадым,
Сәлемімді алмаған сол ағайды.

Боқ дүниеге құмартқан жайтерегім,
Ақынның ақидалы айт өлеңін.
Қол беріп амандасқам бабаларша,
Қол жайып барғандарға қайтер едің?

Талай інім бұл ісіңе қарап өлсе,
Біз қалай шаппақшымыз қарагерше.
Кішілік көрсететін кісілер аз,
Алыстан алты жасар бала келсе.

Ақ көңілім қалайша қараға енді,
Сол бір сұлба осы ойды ала келді.
Қолымнан қыспағасын өркөкірек,
Кеуде тұсым қысылып қала берді.

Не дер екен періште сұрақ берсе,
Дүние дөңгелек ғой сынаққа енсе.
Осы өлеңді бір күні оқып берем,
Қолсыз ағай қолғабыс сұрап келсе.

СЕНІҢ СОРЫҢ

Ескіргенмен, тырналды жараң жаңа,
Ешкімге де қимаймын, ғаламға да.
Сынған айна секілді көңіліңді,
Мұңға байлап бересің маған ғана.

Жанарың жағып беріп жырға қайғы,
Ылғал демің мұнда да құрғамайды.
Сөзіңнен суып сезім кеткесін бе?
Көзіңнен суық су да сырғанайды.

Қанатың да қырқылып қорғайтұғын,
Шырылдайды-ау арды айтып торғай тілің.
Саған ғана көбірек айтушы едім,
Адамдарға сенуге болмайтынын.

Басқаға да бермейсің жылуды дым,
Оңай емес жаныңда тұру мығым.
Сенім жолын бөгейтін беймезгілде,
Сенің сорың – өзіңнің сұлулығың.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: