Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абайды танығаның – қазақты танығаның

04.12.2020, 17:55 1124

HALYQLINE.KZ

Абай Құнанбаев – әлемдегі ең танымал қазақтардың бірі. Ол – қазақтың ақыны, философы, композиторы, ағартушысы, ойшылы, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі.

Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысында Шыңғыстау тауларының баурайында, Қасқабұлақ бұлағынан алыс емес жерде дүниеге келген. Оның шын есімі – Ибрагим. Әжесі Зере сүйікті немересін Абай деп атаған, бұл «зейінді, ұқыпты» дегенді білдіреді. Содан бері айналасындағылар оны Абай деп атап кеткен. Ол дәулетті отбасынан, билер мен ақсүйектердің тұқымынан шыққан. Абайдың арғы атасы Ырғызбай шамамен 1750 жылы дүниеге келген, ол Тобықты руының батыры және биі болған. Ырғызбай Керей руынан шыққан әйгілі Жәнібек батырдың немере інісі еді. Кезінде Жәнібек батыр жоңғар әскерлерімен шайқастағы сіңірген еңбегі мен ерлігі үшін Абылай ханның өзінен бата алған болатын. Ырғызбайдың ұлы Өскембай – Абайдың атасы, ол да би болған. Ол 1778 жылы туған. Өскембайдан 1804 жылы Абайдың әкесі Құнанбай қажы дүниеге келген. Әкесі Құнанбай ірі тұлға ретінде баласы Абайдың мінезі мен оның көзқарастарының, адамгершілік, мақсаттылық сияқты жеке қасиеттерінің қалыптасуына ықпал еткен. Құнанбай қажы өте қатал, бірақ әділдігімен даңқы асқан кісі болатын.

Ұлы ақынның өмірімен байланысты екінші қымбат есім – ол Ұлжан, Абайдың мейірімді де дана анасы. Ол бай және ақсүйек тұқымындағы Қаракесек тайпасынан шыққан Шаншар руынан еді. Бұл ру өзінің өткір тілімен танымал болатын. Ұлжанның арғы атасы – Бертіс би. Бұл жерде «би» сөзі, біріншіден, шешендік талантын, ақылдылығы мен даналығын, тайпалар арасындағы күрделі дауларды шеше білетінін, екіншіден, тайпа көсемі, ру көсемі дегенді білдіреді. «Би» лауазымы мұрагерлікке өтпейді, мұндай лауазымға олар өздерінің жеке қасиеттерінің арқасында ие бола алады. Ұлжанның әкесі Тұрпанның Қонтай мен Тонтай атты бауырлары болған. Олар әзілге жақындығымен ерекшеленетін. Ұлжанның да сөз тапқырлығы олардан кем түспейтін. Ұлы ақын Абайдың өткір ақылы, адам бойындағы кемшіліктерді мысқылмен білдіру сияқты қасиеттері нағашы жағына ұқсаған десе де болады.

Абайдың сөз өнері мен білімге деген тартылыс күшіне ең көп әсер еткен адам – оның әжесі Зере. Қазақ халқы арасындағы сөз қазынасының білгірі болған әжесі немересіндегі білімге деген құштарлық пен сүйіспеншілікті оята білді, оның алғашқы тәрбиешісі және ұлы ұстазы болды.

Алғашқыда Құнанбай молда жалдап, баласы Абайды үйде оқытады. Содан кейін Семей имамы Ахмед-Ризаның медресесіне (теологиялық мектепке) береді. Медреседе ол күндіз-түні Құранның мәтінін жаттап, бес уақыт намаз оқып, ораза ұстап және шариғат ілімдерін үйренеді. Бес жыл бойы еңбекқор және ерекше дарынды бала Абай осы медреседе көп нәрсеге қол жеткізіп, өзінің қызығушылық шеңберін кеңейтеді. Осы кезде оның бойында поэзияға деген сүйіспеншілік оянады. Ерте балалық шақтың өзінде ол әжесі Зеренің ежелгі дәуірден сақталған әңгімелерін, естеліктерін тыңдайтын, ауылда естіген ертегілерді, аңыздарды, батырлық дастандарды, ақындар туындыларының алуан түрін, дала әншілерінің тарихи жырларын жаттайтын. Кейін медресеге түскенде, Абай шығыс ақындарының туындыларын оқумен айналысады. Мектепте жүргенде ол өлеңді оқып қана қоймай, өзі де жаза бастайды. Абайдың бізге жеткен алғашқы өлеңдерінің ішінде лирикалық үзінділер, жолдаулар, Шығыс классикалық поэзиясының әсерімен жазылған ғашықтық өлеңдер, сонымен қатар, сол кездегі ақын-импровизаторлардың шығармашылық рухында жасалған, халық поэзиясы стиліндегi ұшқыр ойдан туған қысқа өлеңдері бар.

Шығыс тілдерін үйренуге деген құштарлықпен қатар, Абайда орыс тілі мен орыс мәдениетіне деген қызығушылық оянады. Осылайша ол медресенің қатаң жарғысын бұза отырып, өз еркімен орыс мектебіне бара бастайды. Алайда әкесі Құнанбай ұлының қаладағы оқуын аяқтатпай ауылға қайтарып, Абайды даулы істерді шешуге, ру басшысы қызметіне біртіндеп үйренуге тарта бастайды. Осылайша ол шыңдалған шешендік сөзді, өткір ақыл мен тапқырлықты қару ретінде қолданып, сөз сайысының техникасын үйренеді. Көбіне Абай әкесi Құнанбайдың мүдделері мен тілектеріне қайшы келетiн әділ және бейтарап шешімдер қабылдайды. Ол тайпалық ауылдың кейбір әдет-ғұрыптарына, алқаптағы әйелдердің құлдық жағдайына, әлеуметтік зұлымдық пен надандыққа қарсы болады. Баласының ақылды және адал достар мен кеңесшілерді қарапайым адамдардың арасынан іздегені, оның орыс мәдениетіне деген қызығушылығы сияқты жаңа әдеттері Құнанбайға мүлдем ұнамайды. Әміршіл әке мен шыншыл, әрі тілазар ұлдың арасында жиі болатын дау-қақтығыстар уақыт өте келе қатынастарының үзілуіне әкеліп соғады. Ол кезде Абай жиырма сегіз жаста болатын. Енді Абай өзінің әрі қарайғы іс-әрекетін өз ақыл-ойының қалауымен анықтайды. Ең алдымен, ол балалық шағында үзіліп қалған, орыс тілін үйренуге оралады.

Абайдың дүниетанымының қалыптасуына гуманистік идеяларды ұстанған Шығыстың ақындары мен ғалымдары (Фердоуси, Алишер Науаи, Низами, Физули, Ибн Сина және басқалары), сондай-ақ орыс классиктерінің шығармалары және олар арқылы жалпы Еуропа әдебиеті әсер етеді. Ол И.А.Крыловтың ертегілерін, М.Ю.Лермонтовтың өлеңдерін, А.Пушкиннің «Евгений Онегинін», Гете мен Байронның өлеңдерін қазақ тіліне аударады. Абай Құнанбаев – орыс мәдениетінің қазақтар арасында таралуына үлкен үлес қосқан қоғам қайраткері. Абай Құнанбаев қазақ әдебиетінің тарихында құрметті орынға ие болды, ол – жаңа алты және сегіз жол сияқты поэтикалық формаларды енгізген қазақ поэзиясының жаңашылы. Абай 170-ке жуық өлең мен 56 аударма жасады, поэмалар жазды. Абайдың әйгілі шығармасының бірі «Қара сөздер» атты прозалық поэмасы 45 қысқа астарлы әңгімелерден немесе философиялық трактаттардан тұрады. Бұл білім беру нұсқауларында ол тарих, педагогика, адамгершілік және этникалық қазақтардың құқықтары мәселелерін көтереді. Ол «Қара сөздерін» жасы ұлғайған кезде жазған болатын. Ұлы Абай барлық нәрсенің құнын білетін – істің де, азғырудың да, елігудің де, алайда бәрі де өтіп, тек даналық қалатын. Бұл туындыны аударуға талпынғандар көп емес, өйткені оны аудару үшін ақындық талант аздық етеді, ол үшін философиялық ойлау қажет еді. Абайдың бұл туындысының орыс тіліндегі үш аудармасы бар екені белгілі: 1970 жылы қазақ жазушысы Сәтімжан Санбаевтың «Слова назидания» деген, 1979 жылы әйгілі Мәскеу жазушысы және әдебиет сыншысы Б.Н.Шкловскийдің және 1990 жылы Семейде туып-өскен, қазіргі кезде Лондонда тұратын Абайдың жерлесі Ролан Сейсенбаевтың қайта өңдеген «Книга слов» атты аудармасы.

Абай сонымен бірге талантты әрі мықты композитор болған. Ол қазіргі кезде кең таралған екі жүзге жуық әуендерді құраған. Оның өлеңіне жазылған «Көзімнің қарасы» әні халық әніне айналған.

Өз заманында Абай қоршаған ортасы үшін жұмбақ болып көрінетін. Батыл ақын қорықпай, қазақ халқының езгісіне қарсы тұратын, ғасырлар бойы қазақ даласында билік құрған надандықтың, жоқшылық пен езгінің қараңғылықтарын сейілтетін болашаққа деген жарқын арманымен халқының жанына жылулық сыйлайтын. Ақыл-ойдың билеушісі саналған Абай дұшпандарының жабайы қызғанышын, ашуын тудыратын. Олар Абайға қарсы небір арамза ойларын іске асырып, қитұрқы әрекеттер жасайтын.

Абайдың үш әйелі, он баласы болған. Оның ұлдары да әкесіне ұқсап, поэзиямен белсенді айналысқан. Абай болса, оларға әкелік өсиетін айтып, өзі білгенінің бәрін үйретіп, адам атына лайықты азамат етіп тәрбиейледі. Абайдың алғашқы ұлы Ақылбай ақынның өзі 16 жаста болғанда дүниеге келген. Әкесінің ықпалымен және үйлерінде жиі өткізіліп тұратын поэзия кештерінің әсерінен Ақылбай өзінің жеке ақындық талантын дамытады. Ақылбай көптеген қысқа шығармалар мен «Дағыстан», «Зұлыс», «Жаррах» атты үш поэма жазған. Абай барлық балаларын бірдей жақсы көрді, бірақ екінші ұлы Абдрахманға үлкен үміт артты. Ол халқына үлкен пайдасы тиеді деген үмітпен ұлын орыс мектебіне береді. Өкінішке қарай, Абдрахман туберкулезбен ауырып, 27 жасында Верный қаласында қайтыс болады. Қатты қайғырған Абай ұлы Абдрахманға арнап тоғыз жоқтау өлеңін жазады. Ұлы ақын өзінің Мағауия атты ұлына да үлкен үміт артады. Әке үміттерін толығымен ақтаған Мағауия әкесі сияқты сөз өнеріне ие болып, поэтикалық шығарманың мағынасына терең мән береді. Ол «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым» сияқты шығармаларды дүниеге әкеледі. Мағауия өмірінің соңғы жылдарында шығарған әділ сот шешімдерінің арқасында халық арасында танымал тұлғаға айналады. Алайда бұл баласы да 34 жасында, әділ істері мен шығармалары қазақтың жүрегін жаулай бастаған кезде қайтыс болады.

Ұлдары Абдрахман мен Мағауяның өлімі Абай үшін тағдырдың соңғы соққысы болып тиеді. Депрессияға ұшыраған Абай ауруын емдеуден бас тартып, өз еркімен өлімге мойынсұнады. Ол 60 жасында дүниеден өтіп, Шыңғыс тауларының қасындағы Жидебай алқабындағы қыстауға жақын жерленеді.

Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы. Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Абайдың мерейтойына барлық қажетті шараларды дайындауды және ұмытылмас датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді тапсырған болатын. «Біз тарихтан үлгі алып, ұлы бабаларды ардақтайтын халықпыз. Біздің басты мақсатымыз – Абайдың дүниетанымын кеңінен насихаттау, жастарды оның рухани мұрасымен таныстыру. Абайдың отаны әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерді қабылдайтын лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Жергілікті билік бұған ерекше назар аударуы керек», – деді президент өз сөзінде. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып жарияланып, мереке күнтізбесіне енгізілді. Мерейтойдың құрметіне 2020 жылы 500-ден астам іс-шара өткізілуі керек еді, олардың көпшілігі коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылды. Алайда 100-ден аса шара онлайн форматта ұйымдастырылды.

Салтанат  ШАХИЕВА,

№257 орта мектептің тарих пәні мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: