«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 418.41 (-0.26)

  • EUR: 507.95 (0.31)

  • RUB: 5.69 (-0.02)

САРАТС жобасы екінші фазасының басталмауы – ұрпақ алдындағы кешірілмейтін күнә

09.06.2020, 17:55 1141 4

Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың назарына

HALYQLINE.KZ Сыр еліне, ата-бабаңыздың туған жеріне аймақ басшысы болып басқан қадамыңыз құтты болсын. Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне, сол арқылы өзіңіздің абыройыңыздың асқақтауына шын көңілден тілектеспін.

Аймақтың шешілуге тиісті мәселелерінің көп екені белгілі. Алайда кезек күттірмейтін, бүкіл халықтың көңілінен шығатын, шұғыл орындалуына бар мүмкіндікті жұмылдыратын ең зәру мәселе – дүниенің сегізінші кереметіне баланып жүрген, ғасыр жобасы аталған «Кіші Арал» проблемасын түпкілікті аяқтап, Арал теңізінің Қазақстан бөлігінің жиегін Арал қаласына жеткізу деп есептеймін. Бұл мәселе түгел шешілсе, аймақтың экологиялық, экономикалық, әлеуметтік проблемасын шешуге зор үлес қосатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде «Кіші Арал» өмірге келгелі, облыс тұрғындарының балықты аулайтыны, таситыны, өңдейтіні, сататыны, тұтынатыны бар орташа есеппен 20 мыңнан астам адам осы кәсіптен нәпақасын тауып, күнін көріп отыр. Бұл облыста орташа отбасы мүшелері бес адам дейтін болсақ, жүз мыңнан астам адамның күнкөрісін қамтамасыз ететін негізгі кәсіпке айналып келеді.

Егер САРАТС жобасының екінші фазасы шұғыл басталса, «Кіші Аралдың» акваториясы қазіргіден үш есеге ұлғайып, балық аулау көлемі бұдан үш-төрт есеге артады. Сонымен бірге өңірдің экологиялық жағдайы бұдан да жақсаратыны сөзсіз. Осы уақытқа дейін түрлі негізсіз себептермен басталмай келген САРАТС жобасының екінші фазасын шұғыл бастауға шара көріп, Арал теңізінің Қазақстан бөлігін түгел суға толтырсаңыз, Сыр елінде аты мәшһүр, даңқы жер жарған Тұмар (Томирис) патшайым секілді аймақ түгілі Қазақстан тарихында атыңыз алтын әріппен жазылатын алғашқы әйел әкім ретінде тарихи тұлға болып қаласыз.

Арал проблемасы жөніндегі Орта Азия мемлекеттерінің бес президентінің қатысуымен Қызылорда қаласында өткен халықаралық конференциясын өткізу жөніндегі жұмысшы тобының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде Арал мәселесімен жан-жақты айналысқан адам есебінде Сізге төмендегі жағдаяттарды баяндауды міндетім деп есептеймін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорданың тарихи жерінде аталған конференция өтіп, Орта Азия мемлекеттерінің бес президенті қол қойған халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, оның жарғысы бекітіліп, конференция шешіміне сәйкес «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген атпен дүниежүзінің барлық мемлекет басшыларына үндеу жолданып, халықаралық қауымдастықтардың қолдауына ие болды. Осы конференциядан кейін экологиялық апат аймағындағы Арал өңірі халқын әлеуметтік қорғау туралы заң қабылданып, тұрғындарға жалақыға қосымша коэффицент, қосымша демалыс күндері, экологиялық сауықтыру жәрдемақысы, т.б. заңда көрсетілген жеңілдіктердің шерепетін халық жиырма бес жылдан астам уақыт көріп отыр. Арал проблемасы жөніндегі конференция шешіміне сәйкес, Сырдария өзенінің арнасын реттеу, Солтүстік Арал теңізін сақтау (САРАТС) тарихи жобасы өмірге келді.

Солтүстік Аралды сақтау (САРАТС) жобасының басы-қасында болған адам есебінде айтарым: Дүниежүзілік банк Қазақстан Үкіметінің кепілдігімен қаржыландырған жоба оңайлықпен өмірге келген жоқ. Жобаның техникалық, экологиялық, экономикалық негіздемелері талай талқылаудан өтіп, қазақстандық, шетелдік мамандардың қатысуымен зерделеніп, тәуелсіз сараптамалардан өтіп, бір пікірге келгесін қаржыландырылды. Дүниежүзілік банк қайтарымы жоқ, негізсіз, шала жобаны өмірде қаржыландырмайды. САРАТС жобасы бірнеше фазалардан тұратын болып бекітілген.

Бірінші фаза жұмысы қызу жүріп жатқан кезде сол кездегі облыс әкімі И.Адырбековтың тікелей қолдауымен, мен Арал ауданы әкімі кезімде Елбасының арнайы іссапарын Арал ауданына жоспарладық. Ел президенті 27 сәуір 2005 жылы Көкарал бөгеті құрылысында болғанда, сұрақты сол жерде болған объектіні жобалаушыларға, құрылысшыларға, қаржыландырушыларға тікесінен қойды. «Осы жоба біткенде Кіші Арал жиегі Арал қаласына жете ме?» деп сұрады. Олар «25-30 шақырым жетпейді, ол үшін шұғыл САРАТС жобасының екінші фазасын бастау керек» деді. Сонда Президент «олай болса дереу САРАТС жобасының екінші фазасын бастаған дұрыс, егер Дүниежүзілік банк қаржыландыруды кешеуілдетсе, Қазақстанның да қазір өзінің қаржыландыруға мүмкіндігі бар» деген саяси шешімін жария еткен болатын.

Кіші Арал (САРАТС) жобасының бірінші фазасы 2005 жылы аяқталып, теңіз жиегі Арал қаласына күткендегіден де тез жақындап, 17-20 шақырым жетпей калды. Енді шұғыл екінші фазаны бастаудың орнына гидромелиорация, гидроқұрылыс саласынан хабары аз, мен өзім қатты қадірлейтін жазушы ағаларымыз бен кейбір журналистер облысқа жаңа келген басшыға кереғар пікір тудырып, «бөгет дұрыс салынбаған, Көкарал бөгетінің биіктігін көтеру керек, балық пен су Ұлы теңізге босқа ағып жатыр» деп негізделмеген кұр даурықпа байбалам салып, басталайын деп тұрған жобаның екінші фазасын тоқтатып қоюға дейін барып, елге де, экологияға да, экономикаға да көре көзге обал жасады. Сол «сәуегейлердің» артық кеткені сонша, тіпті маман болмаса да, қолына нивелир ұстап, су деңгейін, жер деңгейін өлшеп көрмесе де, маман сияқты пікірлер қалыптастырып, топырақты, тасты, құмды қайдан алу керек, каналды қайдан қазу керек деген мәселелерге араласып, елді шатастырып болды. Осындай популистік көзқарастардың салдарынан, құрып кеткен 32 түрлі балықтың Кіші Аралда 28 түрі ауланып, жоғарыда көрсетілгендей, жүз мыңнан астам облыс халқының нәпақасынан қазіргі таңда Көкарал бөгетінен су құлап кетсе, айырылып қалу қаупі туындап отыр. Мен жазушылар мен журналистерге талай айттым, «сіздер маман емессіздер, халыққа жандарыңыз ашыса, «САРАТС жобасының екінші фазасы неге басталмай жатыр, Президенттің тапсырмасы, саяси шешімі неге орындалмай жатыр, Кіші Аралдың жиегі Арал қаласына қашан келеді?» деп дабыл қағыңыздар, қалған жағын, бөгетті қалай, қайдан салады, екі деңгейлі теңіз бола ма, бір деңгейлі теңіз бола ма, ол мәселені мамандарға қалдырыңыздар» деп ескертім. Міне, осындай пайдасыз, негізсіз пікірлердің салдарынан 7 жылдан бері екінші фаза басталмай, ол басталып біткенде қазір Ұлы теңізге су да, балық та ақпаған болар еді. Қорыта айтқанда, САРАТС жобасының екінші фазасының осы уақытқа дейін басталмауы – халық, ұрпақ алдындағы кешірілмейтін күнә.

Кейбіреулердің САРАТС жобасының бірінші фазасында қате кетті деуі дұрыс емес. Алғашында САРАТС жобасы бірнеше фазалардан тұратын болып межеленген. Бірінші фазасы аяқталған бойдан, шұғыл екінші фазасын, сосын үшінші фазасын бастау керек еді. Сондықтан САРАТС жобасының бірінші фазасында Көкарал бөгетінен балықөткізгіш құрылысын салу қарастырылмаған.

Алайда САРАТС-тың екінші фазасын бастаудың орнына, орындалуы қауіпті, мүмкіндігі күмәнді Көкарал бөгетін қайта салуды қаузап, уақытты босқа өткізіп алдық. Сондықтан Көкарал бөгетінен айырылып қалу қаупі туындап отыр.

Облыс аумағынан жаңа су қоймасын салу жөніндегі кейбір орынсыз пікірлерді тоқтатып, САРАТС-тың екініші фазасын шұғыл бастамаса, Көкарал бөгетіне де кешегі Өзбекстандағы Сардоба бөгетінің күні қайталануы әбден мүмкін.

Кезінде пайдасы күмәнді «Көксарай» су қоймасын салуды тоқтатып, оған кеткен шығынның орнына САРАТС жобасының екінші фазасын бастауды да ұсынғанбыз. Жобаның екінші фазасы біткесін, үшінші фазада Шардарадан бастап Сырдария арнасын реттеп, бір тамшы артық су болса да, барлық су Кіші Аралға жолда қауіпсіз келуін қамтамасыз ету қарастырылған болатын. Амал қанша, осындай аса маңызды, өмірлік мәселе әлі созылып келеді.

Жақында Аралға, Көкарал бөгетіне келген ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі «Көкарал бөгетін сақтап қалудың жоба-сметалық құжаттарын (ПСД) жасауға 100 млн теңге қаржы бөлінді. Сол біткесін бөгетті сақтап қалу, Сырдария арнасын жоғары жаққа бұру жұмыстары басталады» деді. Дұрыс шығар… Алайда осы жұмыстармен қатар соза бермей, шұғыл САРАТС жобасының екінші фазасын бастау керек. Сонда Көкаралға да салмақ түспейді, төмен қарай су да, балық та ақпайды.

САРАТС жобасының екінші фазасы бойынша Ақлақ су тоспасы алдынан Арал қаласына қарай канал қазылып, Сырдария суы алдымен Сарышығанақ қолтығын оң жағынан Тасбөгет бекеті тұсына дейін, сол жағынан Мергенсай қолтығын Жамбыл колхозына дейін толтырып, Үш Шоқы тұсынан тағы бір бөгет, шлюз салынып, ол бөгет Балтық теңізі деңгейінің 46-48 белгісіне дейін салынып, бұл Кіші теңіз деңгейі Көкаралдан 4-5 метрге биік болып, екі деңгейлі Кіші Арал теңізі болады. Сонда Кіші Аралдың көлемі жоғарыда айтқанымыздай, қазіргіден екі есеге ұлғайып, теңіз жағалауы Арал қаласына келеді.

Сырдарияның онсызда аз суы алдымен жоғарғы Кіші теңізді толтырып артық су Көкаралға тіреліп, таза Сырдария суы Кіші Арал теңізі суымен тұрақты араласып тұрады. Көкарал бөгетіне қазіргідей салмақ түспейді. Кейбір «сәуегейлердің» айтып жүргеніндей, Көкарал бөгетін биіктету, біріншіден, аса қауіпті, екіншіден, биіктеген Көкарал бөгетін суға толтырып теңіз жиегін Арал қаласына жеткізу күмәнді болады. Ондай су көлемі Сырдария бассейнінде тұрақты болмауы мүмкін. Сондықтан екі деңгейлі теңіз арқылы алдымен Кіші теңіздің жоғарғы, тайыз жағын тұрақты аз сумен толтырып, артығын екінші Кіші теңіз бөлігіне жіберіп отырамыз. Қайталап айтамын, сонда Көкарал бөгетіне салмақ та түспейді, төмен қарай Ұлы теңізге су да, балық та кетпейді. Сондықтан Көкаралға салынатын балыққорғау нысанына қаржыны босқа жұмсамай, барынша үнемдеп, барлық күшті САРАТС жобасының екінші фазасын бастауға шұғыл жұмылдыру керек.

Қазір жоба-сметалық құжаттары 100 млн теңгеге жасалып жатқан Көкарал бөгетін сақтап қалуға бөлінуі межеленген 4,7 млрд теңгені жұмсауды мамандардың, бұқараның кең қатысуыменен қоғамдық тыңдауда ашық талқылап, артық шығын қаралса, оны үнемдеп, САРАТС-тың екінші фазасын бастауға шұғыл жұмсау керек. Осы уақытқа дейін 7 жыл бұрын басталайын деп тұрған САРАТС-тың екінші фазасын негізсіз тоқтатқандай қате жібермеуіміз керек. 7 жыл бұрын САРАТС жобасының екінші фазасы басталғанда бүгінгідей Көкаралға қауіп төнбес еді, оны жөндеуге дәл қазіргі уақыттағыдай қосымша шығын да қаралмас еді.

Жоғарыдағы көтерілген мәселелерге байланысты төмендегідей ұсыныстар енгіземін:

1. САРАТС жобасының екінші фазасын шұғыл бастау және Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстары түрлі себептермен тағы да кешікпеу үшін Өзбекстандағы Сардоба апатын негізге алып, Қазақстан Республикасы Президенті шешімімен, Кіші Аралда қазіргі қалыптасқан мәселеге орай республика бойынша төтенше жағдай деп жарияланып, барлық атқарылатын жұмыстар, тендерсіз бір көзден қаржыландырылуға қол жеткізу керек.

2. COVID-19 эпидемиясына байланысты республика бойынша экономикалық дағдарыс қалыптасып, қаржыландыру қиындық тудырса, Қызылорда облысы бюджетінде көзделген барлық құрылыс нысандарын қаржыландыруды бір-екі жылға тоқтата тұрып, жалақыға, зейнетақыға, әлеуметтік салаға көзделген барлық қаржылардан басқа қаражатты САРАТС жобасының екінші фазасын қаржыландыруға бағыттау қажет деп есептеймін. Әйтпесе, уақыттан ұтылып, Көкарал бөгетінен айырылып қалу қауіпі туындауы мүмкін. Бұл халық, тарих алдындағы кешірілмейтін күнә екені айдан анық.

3. Бұрынғы облыс әкімі 7 жыл бойы халық алдындағы есебінде САРАТС жобасының екінші кезеңін келесі жылы бастаймыз деп жыл сайын айтып жүрді. Кейінгі жылдары САРАТС жобасының екінші кезеңін бастауға Өзбекстан Республикасы қарсылық білдіруде деген пікірлер де айтылды. Меніңше бұл дұрыс пікір емес. Себебі Кіші Аралды қалпына келтіруге Сырдария суын Өзбекстан Республикасы үлесінен сұрап отырғанымыз жоқ. Қызылорда облысының аумағына келген суға өзіміз егеміз. 2005 жылдан бастап, 15 жыл бойы толассыз Көкарал бөгетінен Ұлы теңізге ешбір пайдасыз ағып жатқан сумен бүгінде Кіші Аралды бірнеше рет толтырып алуға болатын еді.

4. Осыдан 25 жылдан астам уақыт бұрын Қызылорда қаласында құрылған халықаралық Аралды құтқару қорының филиалын Алматыдан Қызылордаға көшіру керек. Қордың алғашқы жарғысында солай жазылған. Теңіз Қызылорда облысының аймағында, сондықтан халықаралық қордың да филиалы Қызылорда қаласында болу керек. Қордың алғашқы атқару комитетін Премьер-министр болған Ұзақбай Қараманов ағамыз басқарды. Содан кейін 25 жылдан астам уақыт қор филиалын Қызылорданың жағдайын білетін теңіз жағасында өскен бір адам басқарған жоқ. Жоғарыда айтылғандай, САРАТС жобасының екінші, үшінші фазасын шұғыл бастауға осы қор мамандары жергілікті жерден тікелей басшылық жасау керек.

5. Су бөлу мәселесі бұрында да маңызды болған. Орта Азия өзендеріндегі су бөлу мәселесімен Москва айналысатын еді, енді Одақ тарағасын бұл мәселе жыл санап күрделенуде. Сондықтан Өзбекстандағы Сардоба бөгетіндегі апатты басшылыққа алып және қазіргі Президентіміздің халықаралық деңгейдегі мол тәжірибесін пайдаланып, трансшекаралық өзендердегі Орта Азия мемлекеттерінің су пайдалану лимиттерін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып нақтылап қайта бекіту керек. Сосын осы лимиттердің мүлтіксіз орындалуын БҰҰ (ООН) дәрежесінде қадағалануын қамтамасыз етуге қол жеткізу керек. Ондай тәжірибе Европада бар. Мысалы Дунай өзені өтетін мемлекеттер арасында су бөлуді БҰҰ-ның әскерлері (жасыл береткалы) әрбір мемлекет шекарасындағы су торабын күзетеді. Судың лимиттен кем немесе артық алуына жол бермейді. Сондықтан бұған ең мүдделі Қызылорда облысы, Сырдариядан су алу лимитін он екі ай бойы қадағалауымыз керек. Сонда Сырдария суы күрішке жіберілетін 80-90 күннен басқа кезде көлдерді, Кіші Аралды суға толтырады.

Құрметпен, Нәжмәдин Түрікбенұлы МҰСАБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,

Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері

Фото: Б.Есжанов

Пікірлер:
  • Дұрыс. Алдымен бүгінгі басқарушылар, содан соң барша аламзат пен өзіміз. Оның Арал өңірінің әрбір азаматы кінәлі де күнәліміз.

  • Құрметті Нәжмәдин Түрікпенұлы!
    «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасыныңіске асырылуына қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғысымызды білдіреміз.
    Өзіңізге белгілі, Сарышығанақ шығанағында құрылыстар кешені бойынша туындаған келіспеушіліктерге және өзбек тарапының ұстанымына байланысты, жобаны жүзеге асыру мерзімі созылғандығын атап өтеміз.
    САРАТС-2 жобасына 8 компонент енгізілген (I кезеңде 6, II кезеңде 2 компонент).
    Қазіргі таңда, жобаның бірінші кезеңіндегі 6 компоненттің 4-ін (Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданында Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету және Қызылорда су торабын қайта жаңғырту, Қазалы ауданында Бірлік елді мекені тұсында көпір салу) республикалық бюджет есебінен іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
    Дүниежүзілік Банк САРАТС-2 жобасының 4 компоненті республикалық бюджет есебінен жүзеге асатындығына байланысты, Сырдария өзенінің қазақстандық бассейні мен Солтүстік Арал теңізін кешенді дамытудың жаңа жолын ұсынып, жаңа «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және аумақтық дамыту Бағдарламасы» жобасына Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған бірнеше компоненттер енгізілді.
    Жобаның ТЭН-ін әзірлеуге Дүниежүзілік Банк грант бөлуді қарастыруда.
    Бұл ретте, жобаның ТЭН-ін әзірлеу барысындакомпьютерлік модельдеу арқылы Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың бір немесе екі деңгейлі нұсқалар бойынша түпкілікті шешім қабылданатын болады. Сонымен бірге, жобаның қоғамдық тыңдауында өз пікірлеріңізді білдіруіңізге болатындығын хабарлаймыз.
    Жалпы облыс әкімдігі «Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және аумақтық даму» жобасын іске асыруды жеделдету бойынша жобаның үйлестірушісі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен жұмыстар атқарылуда.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: