«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Ойнастың ойраны

08.10.2020, 17:40 1495 1

HALYQLINE.KZ

Әңгіме

Нұркен таңды кірпік ілмей атырды. Неге екені белгісіз, көз алдына Лағылдың жасқа шыланған шаралы жанары, кемсеңдеген ерні елестей берді. Жүрегі атша тулап, бойын үрей билеген. Жаны құлазып, тамағын ащы запыран буды. Келесі мезетте мамықтай жұмсақ төсекте өзімен қатар жатқан Жанардың ұйқысыраған дауысы құлағына шалынғанда, бойын тез жиды. Өзінің бір сәттік әлсіздігін сылқым келіншегі байқап қойғандай Нұркеннің маңдайынан шып-шып тер шықты. Еппен басып ауладағы сәнді өрнектелген орындыққа жайғасып, кеудесін кере тыныстады.

Таңғы таза ауа мөлдіреп тұр. Атшаптырым ауланың ішіндегі мәуесі араныңды ашқан алуан жеміс ағаштары… иісі танауыңды қытықтаған әсем гүлдер… самалмен тербелген саялы талдар… жүйектерден сылдырай аққан аяқсу… дәл ортадағы жаңа көтерілген таң шапағымен сан құбылған субұрқақ… маңындағы үйлерден еңсесі биік зәулім коттеджі… бәрі-бәрі жанына жат сезілді. Бұған дейін мақтаныш лебін себетін жоғарыдағы көрініс бұл жолы алаңдаған көңілін жұбата алмады.

Міне, қызық! Тағы да Лағылдың бейнесі еріксіз ойына оралып, егіз ұлдары Берік пен Серік таласа-тармаса мойнына асылғандай, қарт анасы Рахия өзін еркелете маңдайынан өпкендей күй кешті. Кенет… қалта телефонына қоңырау соғылды. Нұркеннің тұла бойы суық ұрғандай қалтырап кетті. Жұбайы нақтысы, бірінші әйелі Лағыл екен. Астапыралла! Аманшылық болғай! Нұркен орнынан қалайша ұшып тұрғанын аңғармай да қалды. Дірілдеген саусақтарымен ұялы телефонды зорға көтеріп, құлағына апарды. Дауысы да біртүрлі бәсең естілді.

«Алло, алло, Лағыл!»… Тұтқаның арғы жағындағы Лағыл егіле жылап, ақ әжесінің (Лағыл өзінің енесі, Нұркеннің анасы Рахияны осылай атаушы еді) ауыр сырқатқа шалдыққанын, күні санаулы екенін, анасының бұл жағдайды Нұркенге айтпауды тіпті, өзі дүниеден өткенде де ұлына хабар бермеуді тапсырғанын, енесіне білдірмей қоңырау соғып тұрғанын булыға жеткізіп, телефонды қоя салды. Нұркен мең-зең қалпынан ұзақ уақытқа дейін арыла алмады.

«Қайран, апатайым-ай! Шынымен де, соңғы сағатыңның жеткені ме?! Анашым-ау, жалғызыңды расымен кешірмегенің бе?! «Құлыным, өмірімнің мәні де, ажары да сенсің! Нұркентайым, сенің жолыңа жаным құрбан!» дейтінің қайда?!

Мен білетін ана, менің жаны жайсаң анам, өзегінен шыққан ұлы менің балаларым тұрмақ, көрші-көлемнің қарасирақтарына дейін «ақ әже» деп қасынан шықпайтын ақкөңіл апам қалайша осыншалықты қаттылыққа барады?! Анашым, жалғыз ұлыңның ағат қылығын қалайша кешірмедің?! Мен енді қалайша өмір сүремін, несіне тірлік кешемін?!» деп іштей егілген Нұркенді оқыс естілген қатқыл дауыс жалт қаратты.

Дәл жанында Жанар тұр екен. Жайшылықтағы аппақ сұлу жүзі қараңғы түндей түнеріп, жібектей  бұйра шашы дауыл көтерген шөмеледей қобырап кетіпті. Талай жігітті тағатынан айырған мөп-мөлдір жанары сеспен қадалады. Тастай түйілген қабағы әлдебір жамандықтың хабаршысындай сұп-суық. Өзі ес-түссіз ғашық болған әсем арудың қас-қағымда зәр шашқан улы жыланның кейпіне енгендей өзгергенін көргенде Нұркеннің денесі мұздады. Жанар ерсі үнмен шаңқ етті.

– Кім, таң атпай қоңыраулатқан?! Тағы да әлгі сайқалың ба?!

Нұркен бойын кернеген ызаны зорға тежеп, сабырлы жауап қайтаруға тырысты.

– Лағыл ғой. Апам қатты сырқаттанып қалыпты. Барғанымыз жөн шығар.

Жанардың басы шыбындаған байталша кегжең ете қалды. Сөзі де кесірлі естілді.

– О, албасты! Лағылдың құрқылтайдың ұясындай моласына сүмірейіп барып, аяғына бас ұратын есалаңың мен емес… «Апам сырқаттанып қалыпты» дейді ғой… Оның да оңып тұрғаны шамалы. Қырсық кемпірің ұлын іздесе осы кезге дейін қайда жүр?! Бармайсың! Осыдан солай қарай аяғыңды басшы, тентіретіп жібермесем бе….

Нұркен шамырқана ширықты. Әсіресе, әйелінің мұның қасиетті қарашаңырағына тіл тигізгеніне қатты шамданды.

«Ойбай-ау, мына оңбағанның моласы несі?! Бұл сол үйде дүниеге келді, ержетті, үйленді, алтын асықтай егіз ұл сүйді… Пайымдаса бар бақытты шағы марқұм әкесі өз қолымен салған сол шағын шаңырақта өтіпті. О, найсап, не оттағаны?!» деген алапат ашу жетегінде шапалағының Жанардың жағына шарт ете түскенін өзі де аңғармай қалды.

Сол-ақ екен, аузына ақ ит кіріп, қара ит шыққан Жанардың дауысы тұнық ауаны қанжардай тілгілей берді. Сәл кідірсе қатынын жазым қылатынын білген Нұркен қаланың бір шетіндегі анасының үйіне қарай қымбат бағалы көлігімен құйындата жөнелді…

Нұркеннің әкесі өмірден жастай өтті. Үйдің бар тауқыметін кітапханашы болып жұмыс істейтін анасы Рахия көтерді. Қандай қиындыққа да қабақ шытпай, сабырмен қарайтын, үлкен-кішіге сыйлы Рахияны әсіресе, кішкентай балалар «ақ әже» деп айрықша жақсы көретін. Анасының бойындағы байсалды қылық ұлының да бойынан табылатын. Мектепті үздік бағамен бітірген Нұркен жоғары оқу орнын да ойдағыдай аяқтады. Ел қатарлы кәсіп жасап, жеке фирма ашты. Жаман болған жоқ. Шаруасы шалқып, тасы өрге домалады. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған». Өзімен бір сыныпта оқыған Лағылға бас қосып шаңырақ көтерді. Анасының қуанышында шек болмады. Тәңірден қос құлынының амандығын тіледі. Жарық дүниеге немерелері, егіз ұл келгенде Рахия өмірінде тұңғыш рет босады. Көзінің жасы моншақтап тұрып, Аллаға шексіз ризашылығын жаудырды. Тәрбиелі жердің қызы Лағыл енесін туған анасындай аялады. Бірақ… Алда өздерін тағдыр сынағы тосып тұрғанын бұлар қайдан білсін?!

Бәрі күтпеген жерден өрбіді. Бір жақсы танысы Нұркенге балдызын жұмысқа алуды өтінді. Қолдан келгенше көмек сұраған адамның меселін қайтармайтын ақкөңіл Нұркен сөзге келген жоқ. Өзіне хатшы емес, үндемей шағар сұр жылан алғанын бұл мүлде топшыламаған еді. Алғашқыда бәрі дұрыс сияқты болатын. Келе-келе Нұркен өзін сиқыршыдай арбаған сұлудың қармағына қалай іліккенін сезбей де қалды. Ақыл-есін Жанар жаулап алғандай сәл уақыт кездеспесе аңсайтын халге жетті. Сананы желік буған соң оңсын ба?! Нұркен де мықтап шырмалды. Үйіне кешігіп келуді жиілетті. Лағыл мәнісін сұраса түрлі сылтау айтып, ақталуға көшеді. Ақыры іс насырға шапты. Жанар өзінің аяғы ауыр екенін, үйленбесе сотқа жүгінетінін айтқанда, Нұркен өкініштен бармағын шайнады. Алайда бәрі кеш еді. Жағымсыз хабарды естігенде Лағыл көз жасын көлдетіп, үнсіз егілді. Ал анасы… Ғұмырында жан пенденің бетіне қарсы келіп көрмеген апасы бұл жолы қаттыға кетті. Ұлының бетіне қадала қарап тұрып, отағасынан қалған қарашаңырақта келіні, немерелерімен өзі қалатынын, ғұмыры жеткенше оларға қамқор болатынын нық үнмен жеткізді. Нұркенге осынау ауыр шешімді апасының сабырлы кейіпте айтқаны қатты батқан-ды. Десе де, анасының сол сәттегі жанын жегідей жеген күйзелісін есін білгеннен сырмінез болған Нұркен анық түсініп тұр еді…

Қаланың орталығынан ойып тұрып жер алып, зәулім үй-жай салған Нұркен анасын өздерімен бірге тұруға қанша жалынса да көндіре алмады. Талай мәрте апасына ақша беріп те жіберді. Алмады. Сол қалпында мұның жүргізушісінен қайтарып беріп жібереді.

Соңғы жолы «Мені анам деп санаса, мазаламасын! Аллаға шүкір, зейнетақым отбасымды, Лағылым мен боталарымды асырауға толық жетеді» деп сәлем айтыпты. Мұны естігенде Нұркен көзінің жасына ие бола алмады.

Көп ұзамай үйі мен фирмасын Жанардың атына аударды. Сол күннен бастап тірлігінен   береке қашты. Әні-міне деп жүріп некеге де тіркелмеді. Айтпақшы, Жанардан көрген шақалағы әйелдер босанатын ауруханада шетінеп кеткен болатын. Сонан бері нәресте сүйе алмай жүр. Бүгін мына хабар…

Нұркен рулді сығымдай қысып, жылдамдықты арттырды. Келесі көшеде өзінің қасиетті қарашаңырағы, аяулы анасы, балалары мен жастай қосылған жары Лағылы бар. Бірақ… сол шаңырағы өзін жат санамаса екен… Ең бастысы, апасы өзін кешіре ме?! Сіз, қалай ойлайсыз?!

Жұмабек Табынбаев.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: