«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 432.23 (+1.72)

  • EUR: 506.79 (+1.07)

  • RUB: 5.45 (-0.06)

Қызылордада қызылшамен ауырғандар күрт азайды

02.09.2020, 14:00 98 0

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысында жыл басынан бері қызылша диагнозына күдікті 191 жағдай тіркеліп, оның 110-ы зертханалық жолмен нақтыланды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Ал сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін қызылша ауруының облыс бойынша бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда   3,7 есеге немесе 302 жағдайға төмен.

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің дерегінше, 2019 жылы қызылша ауруы бойынша облыста эпидемиологиялық ахуал күрделі болды (535 ауру тіркелді). Аурушаңдықтың ең көп таралуы ақпан, наурыз және сәуір айларына сәйкес келді.

Өткен жылы тіркелген 535 жағдайдың ішінде қызылшаға қарсы екпе алмағандар саны 336 болса, биылғы жылы 110 науқастың 69-ы белгілі себептерге байланысты егілмеген. Оның ішінде жоспарлы профилактикалық екпелерден бас тартқандар — 17, медициналық шегіністерге байланысты — 24 және егу жасына жетпеуіне байланысты 28 адам егілмеген, ал 14 адамның егу статусы белгісіз.

Бүгінгі күні коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында қабылданып жатқан шаралар, атап айтқанда, оқшаулану, шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу, вирусқа қарсы ем-шара қолдану, бетперде киюді міндеттеу, балабақшалар мен мектептерге қатысты шектеу шаралары қызылша ауруы бойынша эпид ахуалдың тұрақтануына оң әсерін тигізді. Себебі қызылша да COVID-19 вирусы секілді ауа тамшылары арқылы таралады.

Қызылша ауруы адамдар арасында өкпенің жедел қабынуы, құлақтың естімей қалуы, көздің  көрмей қалуы, мидың жедел қабынуы секілді асқынуларымен қауіпті.

Бұл аурудан  сақтанудың  ең тиімді жолы  –  қызылшаға қарсы профилактикалық екпе жасату. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылша ауруына қарсы екпе құрама вакцина арқылы, яғни қызылша, қызамық, эпидпаротитке қарсы бір екпе қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

Аталған департамент өкілдері азаматтарды  қызылша ауруына қарсы вакцина қабылдап, аурудан қорғануға шақырады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: