Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Танымал нейрохирург Қызылордада күрделі ота жасады

22.04.2024, 11:15 69

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың көбі «алтын сағат» деген маңызды ережені білмейді.

Мыңжылқы Бердіқожаев – бұған дейін 7 мыңға жуық отаға жетекшілік еткен маман.

Ми тамырларына жасалатын ота құны көршілес мемлекеттерде шамамен 6,5 миллион теңгеден асады. Ал елімізде одан арзан.

ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев Қызылорда қаласында шеберлік сабағын өткізді. Нейрохирург жергілікті дәрігерлерге білгенін үйретіп, ми тамырларына күрделі оталар жасады.

Рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің операциялық үстелінде бұрын инсульт алған науқас болды. Бір айдан кейін ми тамырларының аневризмасы бар 54 жастағы ер адам көпсалалы облыстық ауруханаға қайта түскен. Аневризманың қабырғасы жарылып, миға қан төгілу қаупі болған.

«Алтын сағат» деген ереже бар. 8-10 сағат ішінде науқастың өмірін сақтап қалуға, ми бөліктерінің зақымдануының алдын алуға мүмкіндік болады. Бірақ, өкінішке қарай, пациенттер көп жағдайда бір күннен кейін келеді. Ал алғашқы белгілер кезінде КТ, МРТ, ангиографияға тексеруден өту керек. Олар МӘМС аясында сақтандырылған пациенттерге тегін, – дейді Қызылорда көпсалалы облыстық ауруханасының нейрохирург-дәрігері Қанат Нәбдинов.

Ота барысында науқас ояу болып, ісінген тамырдың, аневризманың қуысына микроспираль орнатылған. Жалпы, дәрігерлер бас миының әртүрлі патологиясы, оның ішінде ісіктері бар 8 науқасқа ота жасады.

– Мұндай оталарды шұғыл жағдайларда да, жоспарлы түрде де тегін жүргіземіз. Ми тамырларына оталардың құны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатынан шамамен 6 миллион теңгені құрайды. Бұған стенттердің құны, хирургтардың, жабдықтардың жұмысы кіреді. Мысалы, көрші елдерде мұндай ота 15 мың доллар тұрады, – дейді жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев.

2024 жылы Қызылорда облысында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша жоспар құрылған. Яғни, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 668 миллион теңге бөлініп, 98 ота жасау жоспарланып отыр.

Фото: А.Аханова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: