Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі КВИ-ге қатысты онлайн брифинг өткізді

07.07.2020, 12:55 534

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн брифинг өткізді.

«COVID-19″ індетімен күресу жолында елімізде бірқатар шаралар қабылдануда. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облысымызда қатаң карантиндік режим енгізілді. Жағдайды қайта бағамдап, халық сұранысына сай қажетті шараларды күшейту үшін қаладағы бірқатар ауруханалар мен дәріханаларды аралап, туындаған мәселелерді жедел шешу жолын қарастырдық», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

 Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, коронавирус індетімен күресу мақсатында өңірде инфекциялық және провизорлық төсек-орындарын көбейтілуде. Өңірімізде инфекциялық стационарда – 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орындары болса, қазіргі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, жасанды өкпені желдету аппараты мен оттегінің жетіспеушілігі мәселесі де шешімін табуда. Облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді. Өңірдегі 76 жасанды өкпені желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппараты алынып, қосымша 63-іне тағы да өтінім берілді. Одан бөлек, осы аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіруде.

Бүгінгі күні өзекті болып тұрған дәрі-дәрмектің тапшылығы, бағасының тұрақтылығы да облыс басшыларының басты назарында. Аймақта 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетіп, қажетті ем алушыларға жетіспеушілік туындады. Дәріханалармен дәрілік заттарға күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс берілуде. Ал, облыстық медициналық стационарларға СК «Фармация» тарапынан 45 күнге жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мониторингтік топ құрылды. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдіктері және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар дәрі-дәрмек бағасы мен көлеміне қатаң бақылау жұмыстарын жүргізетін болады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 7 452 дәрілік заттың атауы тіркелген. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 6191 дәрілік заттың атауына шекті бөлшек сауда бағалары белгіленген. Жалпы дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағалары туралы толық ақпаратты «DARI.KZ» қосымшасынан көруге болады.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер саны артуда. Осы орайда, облыс бойынша 81 жедел жәрдем қызмет көрсету бригадасында 52 дәрігер мен 351 фельдшер жұмыс істейді. Тәулігіне 2 мыңға жуық шақырту орындалуда. Жүктеме 2 есеге өсіп, диспетчерлер мен қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған орай, медицина мамандығы бар жас мамандар мен еріктілерді жұмысқа тарту шаралары қабылдануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: