Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жастары ақпаратқа анализ жасауды үйреніп келеді

30.01.2020, 17:39 720 0

Жетесби  СҰЛТАНЖАНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универси­теті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері:

– Жетесби, қазіргі жастардың дені мемлекеттік қызметке немесе­ жеке кәсіппен айналысуға құмар. Ал сізді археология ғылымы­ несімен қызықтырды?

– Кім қандай қызмет істейді, ол – әркімнің өз таңдауы. Расымен, замандастарымның біразы кәсіппен айналысса, кейбірі мемлекеттік қызметте жүр. Ал мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түскеннен кейін археология ғылымына ынтам артты десем, қателеспеймін. Тәртіп бойынша тарих және археология мамандығының студенттері 1-курстан кейін археологиялық тәжірбиеден өту үшін далалық қазба жұмыста­рына қатысады. 2013 жылы біз тобымызбен сақтардың рухани  орталығы саналған Шірік-Рабат және Оғыздардың әкімшілік  орталығы  болған  Жанкент  қалашықтарында өткізілген экс­педицияларға  қатысқан едік. Сол экспедиция өзіме қатты әсер қалдырд­ы.  Археология  ғылымына  қызығушылығым пайда  болды.

Экспедицияның бастапқы күндері жетекшіміз Әзілхан ағай Тәжекеев ескерткіштерге экскурсия жүргізіп, олардың тарихы туралы­ мол  мағлұмат  берді. Сыр бойындағы ежелгі қала мәдение­тінің іздерін, ескерткіштердің құрылысын, ортағасырлық сулан­дыр­у  жүйелерін көзімізбен көрдік. Өңірдің археологиялық ескерт­кіштері ерекше әсер сыйлады.

Әрі қарай экспедиция құрамына қабылданып, жаңа достар таптық, жаңа ұжымға ендік. Ж.Құрманқұлов, С.Б.Болелов, И.А.Аржанцева, Г.Харке сынды археолог-ғалымдармен танысу бұйырды. Сол ғалымдардың қасында жүріп, біраз мағлұматқа қанық болдық. Көп нәрсені үйрендік. Бастысы, аптап ыстықта жұмыла жұмыс істеуге машықтандық. Ауа райы, далалық өмір қиыншылық тудырғаны рас. Дегенмен, қыркүйек айы келіп, сабақ бастал­ғанда экспедицияны қайта сағына бастайтынбыз. Бұл туралы­ экспедициядағы ұстаздарымыз «Қызылқұмды бір көрген адам, қайта келеді» дейтін. Шынында, 2013 жылдан бері мен үзіліссіз археологиялық қазба жұмыстарына қатысып келе жатырмын­. Археология  ғылымына  осылай  келдік…

– Жоғарыда орыс ұлтының бірнеше ғалымының аты аталды. Ал археологиялық жұмыстарға қазақ жастары бейім бе? Бұл бағытт­а  нендей  жұмыстар  атқарылып  жатыр?

– Бүгінде еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарында (арнайы мамандандырылған ЖОО есепке алмағанда) тарих саласымен қатар, археология саласы бойынша кәсіби мамандар дайындалатыны белгілі. Егерде осы ЖОО-да жыл өткен сайын археология мамандығ­ы  бойынша  бірнеше оқу топтарының білім алатынын ескерсек, бұл мамандықтың қазіргі қазақ қоғамында өзекті екенін байқауға болады, яғни жастардың археология мамандығына қызығушы­лығы  жоғары  деңгейде.

қазіргі уақытта Қазақстан бойынша аймақтық немесе республикалық деңгейде тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, сақтау, пайдалану жұмыстарын жүргізетін 50-ден аса мемлекеттік ұйым бар. Олардың қатарына ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, мұражайлар, ескерткіштерді қорғау мекемелері және т.б. кіреді. Айтып өтетін жайт, бұл – «жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді» есепке алмағандағы тізім. Осы ғылыми ұйымдардың барлығында қазақстандық жастар қызмет атқарады.

Мысалы, мен қызмет жасайтын Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этногра­фия» ғылыми зерттеу орталығын алайық. Орталық 2011 жылы құрылған. Дегенмен, орталықтың қызметкерлері 2005 жылдан бастап өңірімізде үздіксіз археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта орталықтың 5 қызметкері докторантурада білім алуда. Сонымен қатар, университетімізде археология саласының бакалавры бойынша 20-ға жуық студент жас  дайындалып жатыр. Олар – «Халықаралық Жанкент археология­лық экспедициясының» тұрақты мүшелері. Болашақта осы жастар біздің орталықтың қатарын толтырады деген сеніміміз бар.

Осындай жастар жоғарыда аталған ғылыми ұйымдарда да бар және олардың саны көп. Әрине, бұл қазақ жастарының археология саласына бейімділігін көрсетеді.

– Қайбір жылы археологиялық қазба жұмыстарын көзбен көріп қайтқанбыз. Байқағанымыз, бұл жұмыс шыдамдылықты талап ететін сияқты. Қазба жұмыстары қанша уақытқа созылады? Айтыңы­зшы, иен далада қызықты жайттар болатын шығар…

– Әрине, қазба жұмыстарын жүргізу қиын. Дегенмен, бұл ұжымдық жұмыс болған соң, оның қызықтары да өте көп.

Жалпы, қазба жұмыстарын жүргізу мерзіміне келетін болсақ, бір ескерткіште қазба жұмыстары 40 күннен 90 күнге дейін созылады­. Мысалы, 2019 жылы біз тек Жанкент қалашығының өзінде 85 күн өткіздік.

Шірік-Рабат қалашығы Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа­ қарай 250 шақырым жерде Қызылқұм аймағында орналасқан. Далалық зерттеу жұмыстары Шірік-Рабат ескерткішінің жанынан археологиялық лагерь тігуден басталады. Лагерьдің материалдық базасында екі көлік, асхана ретінде пайдаланылатын бір үлкен киіз үй, қойма ретінде қолданылатын бір үлкен палатка,­ қолдан жасалған ас дайындайтын орын, жуынатын орын, демалатын жеке палаткалар, т.б. болады. Түнде қатты жауын болып,­ жатын орындарымызды, асханамызды су алып кеткені бар. Түнде жауын жиілеткеннен кейін үлкен киіз үйге бару үшін далағ­а шықсақ, асханамыз суда жүзіп жүр. Себебі далалық тақырда жаңбыр­дың суы тез сіңбей, айлап жатады. Бір қызығы, ертеңгі аптап ыстық барлық заттарды кешке шейін кептіріп қояды. Кешкілік жұмыстан кейін лагерьдің орнын ауыстырған едік. Сол оқиға әлі есімнен кетпейді.

Экспедицияның ең қызықты сәтіне алғашқы жәдігерді тапқан­ уақытты айтуға болады. Көбіне жақсы жәдігерді тапқан студент қызығушылықпен тез суырып қолына алады. Әдістеме бойынша оны асықпай ғылыми құжаттамасын дайындаған соң алу қажет. Асыққан студент осындай жағдайларда қазба жетекшісінен ескерту­  алып  жатады.

– Жастар өз тарихын тануға қаншалықты құштар? Мемлекет  тарапынан  қолдау  қандай?

– Қазіргі уақытта замандастарымның тарихқа, соның ішінде, археология ғылымына ынтасы зор. Мысал ретінде айта кетейін, Ресейде археологиялық жәдігерлерді жинақтау Петр І патшаның билік еткен уақытында басталды. Ол кезде әрбір табылған затқа төлемақы берілген. Алғашында, әрине, адамдар пайда табу жолын­да көп ескерткіштерді тарихи тұрғыда жойып жіберген. Дегенмен, уақыт өте келе адамдар жәдігерлердің құндылығын түсінген. Ол түсінік елдегі білім деңгейін көтерумен қатар келді. Біздің елде де тәуелсіздік алғаннан кейін археологиялық зерттеу жұмыстары республ­икалық, облыстық деңгейде қаржыландырылып жатыр. Нәтижесінде еліміздің барлық облыстарында отандық ғалымдар және шетелдік мамандар өз зерттеулерін жүргізуде. Бұл ғалымдардың ғылыми еңбектері монография түрінде, мақала түрінде жарияла­нуда. Және ғылыми конференциялар мен кездесулерде айтылуда. Ал бұл сол кездесулердің жас қатысушыларына өз әсерін тигізері сөзсіз.

Егер бұрын бұл жұмыстардан хабарсыз болған адамдар археология ғылымын, соның ішінде археолог мамандардың жұмысын түсінбесе, қазір археологиялық жұмыстардың нәтижесі туралы мол ақпарат беріліп жатыр. Бұл жайттар, әрине, замандастарымыздың өз тарихына деген құштарлығын арттырады.

Бүгінде қазақ қоғамы берілген ақпаратты анализдеуді үйреніп келеді. Кез келген ізденуші, ақпараттың дәлелін сұрайды. Бұл қуантарлық жағдай! Қазір біз археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде айтылған тұжырымдарымызды жаратылыстану ғылымы (химия, геоморфология, топырақтану және т.б.) әдістерін пайдалану арқылы дәлелдеуге тырысамыз. Мысалы, ескерткіштің мерзімін анықтау үшін, ол жерден табылған ағаш немесе қыш ыдыстарға химиялық сараптамалар жасалады. Осылайша, ескерткіш­тің өмір сүру уақыты археологиялық мәліметтер мен сараптам­а қорытындысының негізінде айтылады.

– Жетесби, ашық әңгімеңе рақмет!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: