Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаламды ұстап алып жүре алатын адам бар, алып жүре алмайтын адам бар

26.06.2025, 12:00 216

Нұрбек  ӘМИША,  журналист, 

«Болашақ»  бағдарламасының  түлегі,

«Qyzylorda»  телеарнасының  директоры:

Журналистика – терең салалы, сан тараулы мамандық. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір саналған төртінші билік өкілдері – осылар. Өзгенің портретін сөзбен сомдай білетін суреткер. Бірде құрылыс басында болса, енді бірде малшы ауылда көресің. Тағы бірде қалам, қағазын алып, егін даласында диқаншымен сырласып отырғанын байқайсың. Қайда, қашан көрсең де, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды оқырманға бүкпесіз баяндауда тыным таппай жүрген –  сол тілшілік тіршілік жауынгерлері.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналист,   «Болашақ»  бағдарламасының  түлегі, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмишамен тақырып төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік. Айта кетейік, кеше ғана ол мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Сұхбат барысында журналистиканың бүгінгі биігі, қоғам алдындағы беделі және өзге сауалдар төңірегінде тереңінен ой өрбіттік. 

КӨП  ДҮНИЕНІ  ХАЛЫҚТЫҢ  ПІКІРІ  АРҚЫЛЫ  АНЫҚТАЙМЫЗ

– Нұрбек Шынтемірұлы, алдымен ел прези­дентінің қолынан алған мемлекеттік марапатыңыз құтты болсын! Сіздің аймақ телеарнасын тізгіндегеніңізге екі жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында нендей өзгерістер болды? Қазіргі телеарна­ның тынысы қандай? Әңгіме  әлқиссасын  осыдан  бастасақ.

– Иә, аймақ телеарнасына жетекшілік жасағалы бір жыл, сегіз ай уақыт болып қалды. Қандай өзгеріс бар екендігін көзі қарақты көрермен айтқаны дұрыс шығар. Басшылық қызметке келген бойда ұжымдағы әріптестермен бірігіп, алдағы уақытта «не жасаймыз, не қоямыз?» деп ақылдасып, кеңестік. Сөйтіп, жаңа  бағдарламалар мен жобалар жасадық.

Алдыңғы бағдарламаларды сараптап қарап  шықтық. Экран бетіне QR код жасап, сол арқылы  халық  арасында  сауалнама  жүргіздік. Экран бетінде бір айдай тұрды. Арал мен Жаңақорған аралықтағы көрермендерден пікірлер алдық. Сонда халық не көреді? Не көргісі келмейді? Жалпы, он-он бес компоненттен тұратын сауалнама жасаған болатынбыз. Нәтижесінде өзімізге зерттеу жасадық. Соған сай қай  бағдарламаны қай уақытта көретінін білдік. Бүгінде кешкі жаңалықтардан кейін экранға шығатын «Parallel» бағдарламасының орны ерекше деп айтар едім. Жалпы, еліміз бойынша озық ойлы зиялы азаматтардың әңгі­мелерін жазып алайық деп шештік. Өйткені, уақыт шектеулі болғандықтан арнайы оператор, камера, тілші жібере алмаймыз. «Parallel»  бағдарламасында  әркім монолог стилінде ойын айтады. Мұның өзіндік көрермені қалып­тасты деп толық айта аламын. «Қызық орда» бағдарламасының да өзіндік көрер­мені қалыптасты. Айтыс ақтаңгері Мұхтар Ниязов жүргізетін бұл жобаның да көрерменге берері мол. Бағдарлама барысында айтылған небір сүбелі ой, қуатты қалжыңдарды теле­арна тари­хына таспалап жатырмыз. Жүрсін Ерман, Берік Жүсіпов секілді Алаштың айтулы сөз шеберлері  шақырылып,  қонақ болды. Бұл да – рейтинг көтеретін, елдің аузында жүрген, қазақстанның барлық өңірі және әлеуметтік желі арқылы шетелдегі ағайындар да көретін бағдарламаның  бірі.

Журналист жаңалықпен шектеліп қалмай, аптасына қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын болды. «Құдайы қонақ» бағдарламасы атына сай ауылдағы ағайынды аралап, ешкімге ескертусіз ауылдың қазақы адамдарын таспалауды мақсат етті. Жаңақорғаннан бастап, Аралдың шеткі ауылдарына дейін сапарлады. Өткен жылы «Ең үздік әлеуметтік жоба» бағыты бойынша осы «Құдайы қонақ» бағдарламасы «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауын жеңіп алды. Бұл – әріптестеріміздің  үлкен  жетістігі.

Біздегі тағы бір жетістік, эфирдегі анонс­тарды көбейтіп, дизайндарды жаңарттық. Дәстүрлі медианы әлеуметтік желімен байланыстырмасақ, жұмыс көрінбейді. Сондықтан әлеуметтік желі жұмысын жандандырдық. Нәтижесі жаман емес, аймақтардың ішінде алдыңғы қатардамыз. Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл толуына орай «Орда ғасыр тарихы» бағдарламасын аштық. Сондай-ақ, «Зияткер» интеллектуалды бағдарламасы да жақсы көрсетілім болуда. Бұл жастарды кітап оқуға үндейтін тағылымды дүниенің бірі болғанын айта кету керек. Сонымен қатар, демеушілер көмегімен базамызды күшейтіп, жылжымалы жарық алдық. Жалпы, жылжымалы жарық телевидениенің өзегі саналады. Өткен жылы  жаңа экспедициялық жоба жасап, облыстық музей мен Ясауи университетінің археолог мамандарымен бірлесіп Сыр өңіріндегі тарихи орындарға түсірілім жасадық. Бұл телеарна үшін таптырмас дүниенің бірі болғаны жасырын емес. Бүгінге дейін нақты көрініс, жанды  жұмыс  істелді  деген  ойдамын.

– Бағдарламалар тізбегін қалай әзірлейсіздер? Халық нені көргісі келеді? Көрермен көңілінен шығуда қандай бағдарламаға басымдық беріледі?

– Әр жыл сайын қорытынды жасап отырамыз. Қандай бағдарламалар өтті? Қайсы  бағдарлама сұранысқа ие болмайды? Оларды  жоғарыда  атап  өткенімдей, зерттеу жұмыс­тары және желі арқылы сараптап білеміз. Көп дүниені халықтың пікірі арқылы анықтаймыз. Соған сай өтпей жатқан бағдарлама болса, жаңалап шығарамыз немесе жабуға тура келе­ді. Ең бастысы, халық не көргісі келеді, соны зерттеп, көпшілік  назарына  ұсынамыз.

МАҒАН  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ЖОЛДА  ЖҰМЫС  ІСТЕГЕН  ҰНАЙДЫ

– Енді шығармашылық жолыңызға ойыссақ. «Болашақ» бағдарламасымен  шет  мемлекетте білім алдыңыз. Ғылыми  жолға  бет  бұруыңызға не  неме­се  кім  себепкер  болды?

– Жалпы, мен оқу бітіргеннен кейін Қызыл­ордада жұмыс істедім. Сол уақытта «Айқын», «Халық», «Сыр бойы» газеттерінде еңбек еткенімді айта кетейін. Сол жылдары шетелде оқысам деген мақсатым болды. Өйткені, біздің заманымыз тоқырау кезеңге тап келді де, ауыл мектебінде шетел тілі пәні болған жоқ. Сонда ең болмаса ағылшын тілін үйренсем деген ниет болған-тұғын. Тіл үйреніп, әрі қарай шет мемлекетте білім алсам деген ықылас болды. Сөйтіп «Хабар» телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезімде 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен журналистерді де академиялық бағдарламасына қосты. Содан әріптестеріммен бірге құжат тапсыруға дайындықты бастап кеттік. Сол жылы, яғни 2015 жылы магистратура оқуға Ұлыбританияға  аттандық.

Бірінші – ағылшын тілін үйренуге, білім алуға деген себеп. Ал негізгі себепкер болған – әкем Шынтемір. Ол кісі бала кезімізден оқуға, білімге тәрбиеледі. Білім мен тәрбие дәнін бойымызға сіңіріп өсірді. Бұл сол отбасында берілген тәрбиенің жемісі деп есептеймін.

– Ұлыбританияда Лидс университетінде «Сая­си қатынастар» мамандығында оқыдыңыз. Болашақта саяси қызметте  басшылықтан  көруіміз  мүмкін  бе?

– Иә, негізі «Саяси қатынастар» мамандығы бойынша оқыдық. Білім тәжірибе арқылы толысады. Азаматтың кемеліне келуі үлкен өмір мектебінен өткенде барып, жететін белес деп танимын. Алдағы жоспарды келер күннің еншісіне қалдырдық. Әр адамның өз қалауы, ойға алған мүдде-мақсаты бірінші орында тұрады. Дегенмен, өз ойымша маған шығармашылық жолда жұмыс істеген ұнайды.

– Шетелдік БАҚ пен еліміздегі БАҚ-та айыр­машылық бар ма? Не жетіспейді,  нендей  артықшылық  бар?

– Шетелдік БАҚ деген үлкен ұғым ғой. Ұлыбритания  немесе  АҚШ-пен салыстыратын болсақ, әрине, айырмашылық үлкен. Қай елдің болсын, қандай саласы болсын өзгешеліктер болуы – заңдылық. Қоғамдық орта, заманауи келбет, бәрі-бәрі саланың серпінді алға жылжуына өз әсерін тигізеді. Ол тек ортамен ғана емес, білімді, тәжірибелі мамандарына  да  байланысты.

– Министрдің баспасөз хатшысы қызметінде де болдыңыз. Аймақтық мерзімді басылымдардың жұмысын қалай  бағалайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігін­де  баспасөз  хатшысы қызме­тінде бол­дық. Сол уақытта министрлермен бірге еліміздің әр өңірінде сапарладық. Аймақтардағы басылымдардың редак­ция­ларын көретінбіз. Әрине, оның әр қыры бар. Біреуі жеке болуы мүмкін, енді біреуі мемлекеттік деңгейде болуы ықтимал. Әрқайсысы әртүрлі  деңгей­де дамып жатқан секілді. Бірақ, екеуінде де бір жоспар – мемлекет­тік саясатпен  және тапсырыспен жұмыс істейді. Бірақ әлде де заманауи технология­ларды қолдана отырып даму керек деп ойлаймын. Журналистер шығармашылық ізденістерін толықтырып, сөз еркіндігі артса, даму  деңгейі  көбірек болады.

АҚПАРАТТЫ  ОҚИҒА  ОРНЫНАН   БЕРУ  ЖАҒЫНАН   РЕПОРТАЖ  АДАМДЫ  ШЫҢДАЙДЫ

– Ғылым мен мәдениетте, әдебиет пен өнерде қандай тұстарымыз жетіспей  жатады?

– Енді ауылдағы аудандық мәдениет үйлерінің әлде де сапасы жоқ. Кеңес өкіметінен қалған ескі клубтар бары жасырын емес. Мәселен, мәдениет, өнердің осы жағын көтерген дұрыс. Қай саланың артықшылық, кемшілігі бұған дейін де болған және бола да бермек. Нақты жұмыс нәтижесі болу үшін сол саланың адамы жетекшілік жасап, жанашырлық қылуы керек. Сонда ғана істе ілгерілеу болады. Ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер – халықтың құндылығы, терең қазынасы. Ал қазына байлықты өз дәрежесінде сақтап, келешек ұрпақ­қа аманаттау – бүгінгі толқынның парызы. Ұлтқа қызмет ету дегеннің түп төркінінде осы қағида  жатыр.

– Теледидарды  жиі  көретін  шығарсыз, газетті  қаншалықты  оқисыз?

– Жалпы, теледидарды  жиі  көремін  деп айта алмаймын. Дегенмен, «Qyzylorda» теле­арнасын көремін. Сосын мүмкіндігінше әлемдік телеарналарды қараймын. Бір жағынан көңіл көкжиегін кеңейтуге, екінші­ден, ақпарат алмасуға тартымды дүниелер көріп тұрамын. Ал, газеттерде жергілікті мерзімді басылымдарды аламын. Республика­лық газеттерді жиі оқып, ой сараптап тұрамын деп айта аламын. Облыстық газеттерді  де  оқып  тұратыным  бар.

– Телеарнаның құнын арттырып отыратын бірден-бір құндылық «Алтын қор» екені белгілі. Бүгінгі «Алтын қор» қандай құнды дүниелермен толықтырылып  жатыр?

– «Алтын қорға» Жағыпар Қарабала ағамыз­дың кезінен жалғасқан үлкен-үлкен жобалар бар. Соларды жалғастырып жатырмыз. Мысалы, жыршыларға арналған фестивальдар, одан бөлек «Ботақан» балалар телебайқауының фестивалі бар. Бұлардың барлығы – біздің арнаның ғана емес, республикалық «Балапан», «Абай» ТВ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берілетін құнды дүниелер. Оларға беріп те жатырмыз және өзіміздің «Алтын қорға» хатталып та жатыр. Әрине, құнды-құнды дүние­лерімізді «Алтын қорға» сақтап келе  жатқан  жайымыз  бар.

– Газетте де, телеарнада да жұмыс істеп көрдіңіз. Журналистік жанрлар жайлы не айта­сыз? Эссе, очерк, фельетон, репортаж тағы басқа да қандай салалар журналист қырын  ашады?

– Бұл жанрлардың қай-қайсысы да – біздің қалам  ұстай  аламын  деген  азаматтарға  сын болатындай дүниелер. Қаламды ұстап алып жүре алатын адам бар, алып жүре алмайтын адам бар. Жеделдік жағынан, уақыт жағынан қарайтын болсақ, әрине репортаж журна­листердің  жылдамдығын тежей алатынын көрсетеді. Ақпаратты оқиға орнынан беру жағынан репортаж адамды шыңдайды. Ал, эссе, очерк журналистің жазу шеберлігіне жақсы әсер етеді. Адамның портретін ашуға, қоғамдық публицистикалық мәселелерді жазу­ға  осы  екі  жанр  жақсы.

ЖУРНАЛИСТІҢ  ҰСТАНЫМЫ – ЕРКІНДІК

– Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желіге жүгінетіндер қатары көбеймесе, азаяр емес. Жалпы, блогер мен журналистің  келешегін  қалай  бағамдайсыз?

– Әлеуметтік желіде айтарлықтай белсенді емеспін. Көбіне жұмыс жар бермей жатады. Деген­мен, мүмкіндігінше өзіміздің өнімдерімізді белгілі бір аудиториямызға қосамыз. Эфирде ғана беріп қоймай, жоғарыда айтып өткенімдей желіде де жариялап тұрамыз. Көпшілік назарына ұсынып, арнайы әлеуметтік желіге де жариялап тұрған артықтық етпейді деп ойлаймын. Енді екеуінің де болашағы төмен емес, көлеңкелі тұсы да бола қоймас. Жалпы, блогерді, журналисті екі фронтқа бөлуге қарсымын. Өйткені, екеуі де сыртқы факторлар, яғни басқа елдердің технологияларын пайдалану арқылы дамып жатыр.  Ал,  журналистер  өзінің  кәсіби  маман ретінде  дамып  келеді.  Екеуінің  де  мақсаты – қоғамға ақпарат беру, қоғамда мәселе көтеру, ықпал жасау деген ұқсастықтар бар. Сондықтан қазіргі жасан­ды интеллектінің заманында, жылдам өзгерістер кезеңінде трансформация­лардың тез бейімделуінде бір-бірін толық­тыратын  маман­дық  деп  ойлаймын.

– Міржақып Дулатұлының: «Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты» деген сөзі бар. Сіз үшін ХХI ғасыр журна­лисі қандай қасиеттерге  ие  болуы  керек?

– Журналистің ең үлкен қасиеті – ұстаным­ға адалдық. Соған адал көзқараспен қара­сақ, журналистика жанры дами түспек. Жалпы, аймақ, республикалық, әлемдік деп бөлінбеу керек. Барлығы шынайы таза пейілде еңбек етсе, нағыз журналистика сол болады. Және халыққа шынайы дұрыс ақпарат беру жолында  жұмыс  істеу  ләзім.

– Гаджет барда, ТВ мен газеттің болашағы бар ма? Яғни, интернет заманында бұл екеуінің көрілімі мен оқылымын қалай дамытуға болады? Тың  ұсыныс  ұсына  аласыз  ба?

– Әрине, бар. Гаджет болғанымен, ТВ мен газеттің  болашағы  бұлыңғыр  болмайды. Олардың оқырманы мен көзі қарақты көрермені – ол қарапайым халық. Сондықтан сеніммен алға жылжи беруге болады. Журналистің ұстанымы – еркіндік. Еркіндік болған жерде барлығының өрлеу жолы табылады. Кино шыққанымен театр жабылып қалған жоқ, сол сияқты басқа балама жанрлар шықса да, ТВ да, газет те өз биігінен түспек емес. Оған әлемдік дамыған елдердің баспасөзі дәлел. Мәселен, оларда таңғы, кешкі газет, сайттарында тікелей эфирлер жасалып жатады. Яғни мұның барлығы заман­ға бейімделу деген мәселеден келіп шығады. Шынайы саяси жүйелер дамыған елдер­де  журналистикасы  да  дами  береді.

– Кәсіби мереке қарсаңында журналистік  лебізіңіз!

Барлық  әріптесіме жақсылық, амандық, үлкен  жетістіктер  тілеймін.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: