Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас спортшыларға қолдау көрсетілді

30.11.2023, 8:50 90

HALYQLINE.KZ

«Жаны саудың – тәні сау» дегенді ұстанатын аралдықтардың сан аламанда қанжығасы бос қайтқан емес. Биылғы жыл да аудан спорты үшін толайым табысқа толы болды десек, жаңылмаймыз. Бұл да болса, аудан әкімі Серік Сермағанбетов бастаған азаматтардың спортқа, дене тәрбиесіне деген оң көзқарасы, қолдауының жемісі деуге толық негіз бар.

Осы ретте жуырда аудан басшысы бірқатар спортшыны қабылдады. Олардың ішінде Өзбекстан Республикасы, Хива қаласында гір спортынан және Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында әмбебап жекпе-жектен өткен Әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері мен Алматы қаласында шахматтан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы өткен жарыстың жеңімпаздары бар.

Кездесуде аудан басшысы әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, олжалы оралған спортшыларды жеңісімен құттықтап, игі тілегін арнады. Басқосу барысында аудан басшысы:

– Сіздерді биылғы жылы әлемдік спорт бәсекелерінде жеңімпаз, жүлдегер атанғандарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алпауыт мемлекеттердің спортшылары бақ сынасқан бәсекелерде аралдықтардың топ жаруы біз үшін қуанышты жаңалық болды. Спортшыларымыздың үздіксіз жалықпай жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық жұмысын дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында осындай зор жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Теңізді өлкенің мерейін асқақ еткен бұл жетістіктеріңіз ауданымыздың 95 жылдық мерейлі белесіне олжалы сый болды. Алдағы уақытта да табандылық пен жоғары спорттық шеберліктеріңізді паш етіп, елімізді халықаралық сайыста лайықты көрсете беріңіздер, – деген ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, гір спортынан өткен чемпионатта бес бірдей аралдық спортшы жеңіс тұғырынан көрінсе, әмбебап жекпе-жекте №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары 6 алтын, 1 күміс жүлдемен оралды. Сондай-ақ №62 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Ақылжан Мейірханұлы жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан Республикасы кубогының І орын иеленіп, Әлем чемпионатына жолдама алды.

Аудан әкімімен кездесу барысында байрақты бәсеке жеңімпаздары жарыс кезіндегі ерекше сәттерімен бөлісті. Қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыстарын білдіріп, ел мәртебесін одан әрі асыруға дайын екендіктерін де жеткізді.

Кездесу соңында аудан басшысы жүлдегерлерді Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый-сияпаттарды табыстады.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: