Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сұлтан Әбілдаев: Команданы жергілікті жастардан жасақтаймыз

15.12.2020, 18:40 827

HALYQLINE.KZ

Сыр елінің намысын қорғайтын «Қайсар» футбол клубының бас бапкері болып Сұлтан Әбілдаев тағайындалды. Аяқдоптағы жорығын кәсіби футболшы ретінде бастаған ол – «Қайсар» футбол клубының түлегі. Мансабының басым бөлігін жергілікті командада өткізген. Сонымен қатар, «Қайсардың» тарихындағы ең көп матч өткізген футболшы. Сұлтан Әбілдаевтың бапкерлік тәжірибесі де аз емес. 2009 жылы «Қайсар» футбол клубын басқарып, 2010 жылы бас бапкердің көмекшісі қызметіне тағайындалды. 2016 жылы «Қайсар» футбол клубының бас бапкері қызметіне қайта келіп, команданы Бірінші лигадан Премьер-лигаға жеткізді. Айта кететін жайт, Әбілдаев сол жылы Бірінші лигадағы үздік бапкер атағына да ие болған еді.

– Маған сеніп, мүмкіндік берген басшылыққа алғысымды білдіремін. Сенімді ақтап, «қасқырлардың» бұрынғы бабына қайта оралуы үшін жұмыс істейтін боламын. Футболшылардан ең әуелі қайтпас қайсарлықты талап етемін. Алаңда барын салып, соңғы сәтке дейін ойнаулары керек. Сонымен қатар, команданы жергілікті жастардан жасақтаймыз. «Байқоңыр» сапында өнер көрсететін мықты, жас футболшылар жетерлік. Соларды негізгі құрамда ойнататын боламын. Одан бөлек, легионерлерді де аламыз. Олар жергілікті жас футболшылардың шеберлігін арттыруға көмектесетін болады. Тактика жағын әзірге айта алмаймын, селекция жұмыстарын жүйелеп алған соң, құрамдағы ойыншылардың бабына қарай жоспар құрамыз,- деді «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Сұлтан Тоқатайұлы.

Бас бапкерлікке Әбілдаевтан бөлек тағы екі үміткер болған еді. Оның біріншісі Қанат Шерімбетов болса, екіншісі – Ерлан Шойтымов. Клуб басшылығының шешімімен қос жаттықтырушы да бас бапкердің көмекшісі қызметін атқаратын болады. Айта кететін жайт, Сұлтан Әбілдаев – өңіріміздегі Премьер-лигаға жарамды деп танылатын «PRO» бапкерлік санаты бар жалғыз бапкер.

Естеріңізде болса, «Қайсар» футбол клубының биылғы бюджеті 1 млрд 600 млн теңгені құраған болатын. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда екі есе аз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: