Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық клубқа не жетіспейді?

20.07.2023, 18:05 499

«Қайсар» – 1968 жылы Қызылорда қаласында құрылған футбол клубы. Команда – төрт дүркін бірінші лига чемпионы, екі дүркін Қазақстан кубогының жеңімпазы. «Қайсар» футбол клубы «Ғани Мұратбаев» атындағы стадионда өнер көрсетеді. Қазіргі сәтте Қазақстан премьер-лигасында  19 ұпаймен,  турнир кестесінің 8-ші сатысында тұр.

Жалпы, «Қайсар» футбол клубы Қазақстан футболында ойын күші жағынан ортанқол құрамалар сапына жатады. Бұл клубтың құрамындағы ойыншылардың 16-сы – қазақстандық футболшы. Ал қалған 12 футболшы – шетелдік. Виктор Кумыков осы маусымнан бастап «Қайсардың» бас жаттықтырушысы болып тағайындалған еді. Ол айына шамамен 9,5 млн теңге алады екен. (Дереккөз: «СпортРадар.kz» telegram арнасы) Осыған қарамастан клубтың турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес.

 Бұл мәселені шешу үшін не істейміз? Менің ойымша, біріншіден клубта шетелдік ойыншыларды азайту дұрыс шешім болады. Олардың жалақысына қыруар қаржы жұмсалғанымен, айтарлықтай нәтиже жоқ. Оның орынына құрамаға еліміздің жас таланттарын алу керек. Екіншіден, клубты жекеменшікке ауыстырудың маңызы зор. Сол кезде ғана клубты сатып алған кәсіпкер, өз командасына зер салып қарап, кемшіліктерді түзейді деген ойдамын. Футболдың қайнаған ортасы болып отырған Европа командаларына қарасақ көбі дерлік жеке меншіктің қолында. Ол клубтардың қорына биліктен бір тиын да түспейді. Соған қарамастан ойын көрсеткіші жағынан бірінен-бірі асып түседі.

«Қайсар» елімізде әлеуметті желіні тұрақты қолданатын клубтар қатарына жатады. Толығырақ айтсақ, Instagram желісінде 17,2 мың жазылушы, YouTube арнасында 5,4 мың жазылушы бар. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Өйткені әлеуметтік желі жанкүйерлермен тікелей байланыста болу үшін ең  керекті платформа болып табылады. Және бұл команда жанкүйерлер белсенділігі жағынанда жақсы нәтижелер көрсетеді. Клубтың матчтарына тұрақты түрде шамамен 4000 жанкүйер келеді.

«Қайсардан» шыққан ең танымал ойыншылардың бірі – Асхат Тағыберген. Ол 2001-2008 жылдар аралығында «Қайсардың» жастар командасында өнер көрсетті. Ал кәсіби мансабын «Қайсар» сапында бастап, «Қайсар» клубында 2008-2012 жылдар аралығында өнер көрсетті. Асхат Тағыберген – Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларының брі. Ол жартылай қорғаныс шебінде команданың шабуылына жақсы демеу береді.

Клубтың ең қымбат ойыншылары – Горан Милойко (Черногория) және Дмитрий Бородин (Белоруссия). Екеуініңде трансферлік бағасы – 300 мың евро. Бұл екі ойыншы да «Қайсар» футбол клубымен жыл соңына дейін 1 жылдық келісімшартқа отырған. Горан Милойко клуб сапында 17 ойын өткізіп, 2 гол соғып және 1 ассист жасаған. Ал Дмитрий Бородин клуб сапында 13 ойын өткізіп, 4 гол соғып және 1 ассист жасаған. Осы көрсеткіштер клубтың ең қымбат ойыншылары үшін жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз.

«Қайсар» футбол клубының өзекті мәселелерінің бірі – клубтың жеке футбол академиясы болмауы. Бірақ, клуб директоры Садық Мұстафаевтың журналист Айбек Қабылшаға берген сұхбатында клубта академия соғу жоспарда бар екендігін айтқан еді. Егер клубтың академиясы ашылса, Қызылорда қаласынан көптеген талантты футболшы шығатыны айдан анық.

Клубтың тағы бір өзекті мәселесі – Ғани Мұратбаев атындағы стадионның дұрыс салынбауы. Стадионның трибунасындағы темір бағаналар көрермендерге футбол тамашалауға кедергі жасайды. Қазіргі заманда стадионға темір бағаналар қою өрескелі қателік болып табылады. Және стадионның сыйымдылығы небәрі 7000 адамды құрайды. Осындай кемшіліктері бар стадион УЕФА талаптарына сай келмейді. Бірақ болашақта клубқа жеке стадион салыну жоспарлануда. Бірақ жоспар бойынша ол стадионның да сыйымдылығы 7000 адамды құрайды екен. Бұған біраз футболсүйер қауым өз наразылығын білдірген еді. Осыған байланысты Садық Мұстафаев өз сұхбатында неге стадион 7000 адамға салынатыны туралы айтқан еді. Біріншіден – 10000-15000 адамға арналған стадион салу үшін қыруар қаржы керек. Екіншіден – клубтың матчтарын тамашалауға орташа есеппен 4000 жанкүйер келеді. Сол үшін көп адам сыйатын стадион салудың қажеттілігі жоқ. Егер клуб УЕФА лигасына жолдама алған жағдайда стадионның сыйымдылығын реконструкция арқылы  көбейтуге болатынын Садық Мұстафаев айтып кеткен еді. Бұл шын мәнінде өте тиімді шешім деп ойлаймын.

Абдулла ҚЫРЫҚБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: