Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ боксшыларын он рет жеңген Хасанбай Досматов жайлы не білеміз?

27.10.2021, 16:00 384

HALYQLINE.KZ Кеше бокстан әлем чемпионатында қазақ жанкүйерлері керемет жеңістің куәсі болды: Сәкен Бибосынов 1/16 финалда Рио олимпиадасының чемпионы Хасанбай Досматовты (Өзбекстан) 5:0 есебімен жеңді! Қазақ баспасөзі ғана емес, әлемдік БАҚ та мұны сенсацияға балап жатыр.

Есrе сала кетейік, Х.Досматов 2019 жылдан бері бірінші рет әуесқойлар арасында сынға түсті. Сол жылы ол кәсіпқой боксқа ауысып, күні бүгінге дейін үш кездесу өткізді. Үшеуін де мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтады. Сондықтан Сәкеннің азулы қарсыласқа қаншалық тегеурін көрсете алатыны барша жанкүйер үшін жұмбақ еді. Нәтижеде Токио олимпиадасының қола жүлдегері ара қашықтықты әдемі ұстай жүріп, азулы қарсыласына көп мүмкіндік берген жоқ.

Хасанбай Досматов – қазақ боксшыларының ежелгі қарсыласы. Оның Біржан Жақыповпен бәсекесін Жұмаділов – Лунка, Ыбырайымов – Хуан Эрнандес, Ниязымбетов – Хулио ла Крус, Ділдәбеков – Саидов, Қоңқабаев – Жалолов текетірестері тұрғысынан қарастыруға болады. Түрлі деректерді ақтара келіп, Досматовтың қазақ боксшыларының үш буынымен қарсылас болғанына көз жеткіздік.

1. Мәжитовтен нокаут және Жақыповпен тең текетірес

Хасанбай Досматов бокс әлеміне 2010 жылдан кейін таныла бастады. Бұл кезге дейін аса жеңіл салмақ дәрежесінде Өзбекстан намысын Әлімжан Назаров, Рафикжан Сұлтанов, Әлішер Махмұдов қорғап жүрді. Хасанбай бой көрсеткен кезде, оның ұлттық құрамадағы қарсыластары Шахобиддин Зайыров, Нәдіржан Мырзахметов, Хасанбай Рустамов сияқты боксшылар болды. Кейін Зайыров 52 келі салмақ дәрежесіне ауысып, зор табыстарға жетті.

Досматовпен қазақ боксшылары алғаш рет 2012 жылдың сәуір айында Оралда өткен А.Құлыбаев мемориалында жұдырық түйістірді. Ширек финалда ол Азат Хамзинді 21:8 есебімен жеңіп, финалда Мейрамбек Мәжитовтен техникалық нокаутпен жеңілді. Хамзин мен Мәжитов бұдан кейін көп көзге түсе алған жоқ, ал Досматов өзінің даңқты жолын бастады.

Осыдан кейін Досматов – Жақыпов бәсекесі жанкүйер назарын ерекше аударды. Біржан Жақып 1984 жылы туған, яғни Досматовтан тоғыз жас үлкен. Досматовпен көп текетірескен алғашқы буын – осы Біржан. Қос боксшы түрлі сындарда төрт рет қолға түйістіріпті:

1). 14-17.02.2013 ж. Төрт ел турнирі (Астана, Қазақстан)

49 келі. Б.Жақыпов – Х.Досматов – ІІІ раундта Досматов айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл жекпе-жекті көзімізбен көрдік. Аса тартысты кездесуде Жақыпов Досматовтың оң қолына ұрынып қалып, құлап түсті. Төреші сегіз рет санамай-ақ әзір екенін білдіріп тұра қалғанмен, бапкер М.Айтжанов ортаға ақ орамал лақтырып, жекпе-жекті тоқтатуға ниет білдірді. 

2). 16-26.10.2013 ж. Әлем чемпионаты (Алматы, Қазақстан) 

1/8 финал. Б.Жақыпов – Х.Досматов – 3:0
Жақыпов Астанада кеткен есесін әлем чемпионатында қайтарды. Жекпе-жек тең жағдайда өткенмен, төрешілер Жақыповтың басымдығын нықтады. Хасанбай бұл шешіммен келіспейтінін білдіріп, дағдарған түр байқатты. Қазір You-Tube арнасында сақталған осы жекпе-жек бейнежазбасының астында да жанкүйерлер пікірі екіге жарылады. Бұдан кейін Жақыпов кубалық Йосвани Вейтианы, финалда Мұхаммед Флиссиді (Алжир) жеңіп, әлем чемпионы атанды.

3). 8-13.07.2014 ж. Президент кубогы (Алматы, Қазақстан)
Финал. Б.Жақыпов – Х.Досматов – 2:1

4).  6-14.08.2016 ж. Олимпиялық ойындар (Рио де Жанейро, Бразилия)
Ширек финал. Х.Досматов – Б.Жақыпов – 3:0

Қос боксшының соңғы кездесуінде Досматов Жақыповты олимпиада жүлдегері атануға берілген соңғы мүмкіндігінен айырды. Досматовтың өзі олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды, ең шебер боксшыға берілетін В.Баркер кубогын иеленді.

Сөйтіп, Жақыпов пен Досматов 49 келі салмақ дәрежесінде 4 рет кездесті: екі рет жеңіп, екі рет жеңілді. Екі рет халықаралық турнирде қолғап түйістірсе, екі рет аса ірі турнирлерде (әлем чемпионаты және олимпиада) жолығып, бір-бірінің жолын кесті.

2. Досматов – Жүсіпов текетіресі

Жақыповпен қатар, Хасанбай қазақстандық және бір жеңіл салмақты боксшы Теміртас Жүсіповпен де бәсеке жүргізді. Қос боксшының жолы төрт рет тоқайласты:

1). 26-30.03.2013 ж. Н.Мангер мемориалы (Херсон, Украина)
Жартылай финал. Х.Досматов – Т.Жүсіпов – 14:12. Досматов осы турнирдің жеңімпазы атанды.

2). 26.08-05.09.2015 ж. Азия чемпионаты (Тайланд, Бангкок)

1/8 финал. Х.Досматов – Т.Жүсіпов – 2:0

3). 27.02.2016 ж. Бүкіәлемдік бокс сериясы (WSB). Ташкент, Өзбекстан
«Өзбек Тайгерс» – «Астана Арланс» – 4:1
Х.Досматов – Т.Жүсіпов – 3:0

4). 04.01.2017 ж. WSB (Ташкет, Өзбекстан)
«Өзбек Тайгерс» – «Астана Арланс» – 4:1
Х.Досматов – Т.Жүсіпов – 3:0
Байқап отырғандарыңыздай, Т.Жүсіпов Досматовпен төрт рет кездесті, соның ешбірінде жеңе алмады.

3. Досматов – Жомарт текетіресі

1980 жылдардың төлдері Жақыпов пен Жүсіповтен кейін Досматовқа енді құрдасы Ержан Жомарт, бір жас үлкен Олжас Байниязов және Абай Қуандықов қарсылас болды. Бұл боксшылармен Хасанбай түрлі турнирлерде 5 кездесу өткізуге тиіс еді. «Тиіс еді» деп отырғанымыздың себебі бар. Өйткені ол Байниязовпен екі рет турнир жолында түйісіп тұрып, екі ретте де шаршы алаңға шықпады. Яғни, Байниязов қағаз жүзінде Досматовтан толық басымдық танытқан боксшы болып саналады.

Досматов Жомартты екі рет жеңді:

1). 08-13.07.2014 ж. Президент кубогы (Алматы, Қазақстан)
Жартылай финал. Е.Жомарт – Х.Досматов – 1:2

Бұл турнирдің финалында Досматов Жақыповтан жеңілді.

2). 30.04-07.05.2017 жыл. Азия чемпионаты (Ташкент, Өзбекстан)
Ширек финал. Е.Жомарт – Х.Досматов – 0:5
О.Байниязовпен өтпей қалған екі кездесу:

1). 12-16.09.2013 ж. С.Джексон мемориалы (Ташкент, Өзбекстан)
Жартылай финал. О.Байниязов – Х.Досматов (ортаға шықпады) .

2). 27.03-01.04.2019 ж. Х Жібек жолы халықаралық турнирі (Баку, Әзербайжан)
52 келі. Ширек финал. А.Қуандықов – Х.Досматов – ІІ раундтың 1:59 минутында Досматов айқын басымдықпен жеңді.

Жартылай финал. О.Байниязов – Х.Досматов (ортаға шықпады).

4. Бибосынов – Досматов текетіресі

2019 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, екі жылдан астам уақыт әуесқойлар арасында жарысқа қосылмаған Досматов биылғы әлем чемпионатында 51 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Алғашқы кездесуде оның жолын С.Бибосынов бөгеді.

26.10.2021 ж. Әлем чемпионаты (Белград, Сербия)

Іріктеу кезеңі. С.Бибосынов – Х.Досматов – 5:0 (29:28, 30:27, 29:28, 30:27, 29:28)
Осылайша, он жыл ішінде Х.Досматов қазақ боксшыларына қарсы 16 кездесу өткізді. Оның  ішінде 10 кездесуде жеңіп, 4 рет жеңілді, 2 рет кездесуден бас тартты. Өзбек боксшысы қазақстандықтарды Азия чемпионаты (екі рет), олимпиада, Бүкіләлемдік бокс сериясы (екі рет) сияқты ресми турнирлерде бес рет жеңсе, өзі әлем чемпионаттарында екі рет (Жақыпов пен Бибосыновқа) есе жіберді. Ол екі рет қазақ боксшыларын (Жақыпов пен Қуандықовты) айқын басымдықпен тұқыртса, өзі бір рет (Мәжитовтен) айқын ұтылды.

Дегенмен Досматов пен қазақ боксшылары арасындағы бәсеке осымен тоқтайтын сияқты. Өйткені, енді Хасанбайдың әуесқой боксқа оралуы екіталай.

Есей Жеңісұлы,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: