Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшылықтар заманауи спорт кешеніне барады

17.05.2023, 11:55 269

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Жосалы кентінің тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Спорт кешені тұрғындар бұқаралық спортпен айналысу үшін жиналатын тәрбие ошағы болуына тілектестік білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет» деген болатын. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның бірін бүгін пайдалануға берудеміз.

Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Жанашыр жерлестеріміздің, демеуші азаматтарымыздың арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларымыз бар. Жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен атқарылуда. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер 1,6 млрд. теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарымызға тарту етті», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты іс-шарада Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков те жерлестерін құттықтап, ақ батасын берді.

Жалпы аумағы 1500 шаршы метрден асатын спорт кешенінде тренажер, фитнес және әмбебап залдар бар. Мердігер мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативі құрылысты 2021 жылдың қазан айында бастап, жуырда аяқтады.

Айта кетейік, биыл Қармақшы ауданында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның 2-еуі Қармақшы ауданынан салынады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Осы жоба бойынша Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынбақ. Ал, ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешенінің құрылысы басталады.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауданда жалпы құны 580 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 17,5 шақырымдық 21 көше орташа жөндеуден өтіп, 225,4 млн теңгеге 24 көше жарықтандырылады. Облыстық бюджет есебінен Самара-Шымкент жолынан Ақжар, Тұрмағанбет, Көмекбаев ауылдарына дейінгі жолдың 27 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға 503,4 млн. теңге қаралды. Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта жаңғыртуға 774,3 млн. теңге бөлінген. Ақай ауылы мен Төретам кентіне 654,5 млн теңгеге газ тарту жұмыстары жүруде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: