Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар» көш басына шықты

05.08.2021, 9:30 271

Қызылордалық «Қайсардың» жүрісі түзеліп келеді. Маусым басында ел чемпионатында сүрінген жергілікті клуб ойынын жүйелеп алды. Тәжірибелі бапкер Владимир Никитенко келгелі «қасқырлар» тұрақты командалық ойын көрсетіп жүр. Атап айтсақ, аяқдопшыларымыз соңғы 6 ойын бойы жеңілмеген. Одан бөлек, Қазақстан кубогында «С» тобында көш бастап тұр. Қазіргі таңда ел чемпионатында үзіліс жарияланды. Себебі, Қазақстан кубогының топтық кезеңі өтіп жатыр. Өткен аптаның жексенбісінде ел кубогы аясында «қасқырлар» өз алаңында «Ақтөбе» футбол клубын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

«Ақтөбемен» болатын матч алғашқыда көрермендерсіз өтеді деп күтілген. Қызылордалықтар стадиондағы футбол атмосферасын сағынды. Бұны көрермендерсіз өткен соңғы матчтардан анық байқауға болады. Жанкүйерлер ойынды темір тормен қоршалған стадионның сыртынан бақылады. Жергілікті жанкүйерлердің жалғыз арманы – дәл осы кубокты жеңіп алып, Сыр өңірінде еурокубок ойындарын көру. Клубтың да маусым басындағы басты мақсаты осы болатын. Бұл жауапкершілікті барлығы сезінеді.

Әдепкіде матч көрермендерсіз өтеді дегенмен, соңғы күні қаулы қайта өзгеріп, стадионға 20 пайыз көрерменді кіргізуге рұқсат берілді. Мұндай маңызды матчтарда көрермендердің қолдауы керек-ақ. Бұл – Қазақстан кубогы аясында өткізілгелі отырған төртінші матч. Бұған дейінгі кездесулерде жеңіліп көрмеген қызылордалық клуб «ә» дегеннен шабуылға иек артты. «Ақтөбе» ойыншылары жақсы қорғанып, кері шабуылдарды жиі жасап отырды. Алайда доп негізінен «Қайсар» ойыншыларының иелігінде болды. Алғашқы таймда гол соғылмады. Топтағы жағдайын жақсартып алу үшін жеңіс ауадай қажет еді. Сол үшін екінші тайм басталысымен, «қасқырлар» шабуылға шықты. Нәтижесінде, 46-минутта литвалық легионер Каролис Лаукжемис есеп ашып, команданы алға шығарды. Жергілікті клуб шабуылды одан әрі үдете берді. Десе де, есеп өзгермей, алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті.

«С» тобындағы келесі матч «Ақжайық» пен «Астана» клубтарының арасында өтті. Бұған дейін елордалық клубтың кубоктық ойындарға қосалқы құрамын шығаруы мүмкін екенін жазған болатынбыз. Болжамымыз дәл келіп, Тихонов негізгі құрамды еурокубоктық ойындарға сақтап қалды. Ал «Ақжайықпен» өткен ойынға жас жеткіншектерді жіберді. Тиісінше, «Ақжайық» елордалық клубтың жастарын тас-талқан етіп ұтты. Есеп – 3:0. Осылайша, Қазақстан кубогының 4-туры аяқталды. Төрт турдың нәтижесі бойынша «Қайсар» футбол клубы 8 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Қызылордалық клубтың соңынан 7 ұпаймен «Ақжайық» және «Астана» командалары еріп келе жатыр. Ал соңғы орынға 0  ұпаймен «Ақтөбе» жайғасты. Плей-офф кезеңіне өтуге жақсы мүмкіндік туып тұр. Матчтан тыс факторлар да қызылордалықтарға ыңғайлы болып тұр.

Белді клубтар Қазақстан кубогынан бас тарты десек те болады. Қуанышқа орай, еурокубоктың үшінші кезеңіне еліміздің 4 клубы да өтті. Тиісінше, олар барлық күшін еурокубоктағы матчтарға сақтап қалады. Бұл – өз кезегінде «Қайсар» секілді ортаңқол клубтарға таптырмас мүмкіндік. Кубок аясындағы келесі ойын сенбі-жексенбі күндері өтетін болады. «Ақжайық» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. 4 ойын бойы жеңілістен көз ашпаған ақтөбелік команда бұл жолы жанкүйерлерін қуанту үшін барын салары анық. Өз кезегінде оралдық клуб та келесі кезеңге өту үшін жеңуге тырысады. Ал қызылордалық клуб Астанаға қонаққа барады. Елордалық клуб 5 тамыз күні өз алаңында финлияндиялық «КуПС» клубын қабылдайды. Екі клуб арасындағы қарымта ойын 12 тамыз күні Финляндияда өтеді. «Астана» келесі кезеңге өту үшін барын салары анық. Сол үшін «Қайсарға» қарсы тағы да жастарын шығаруы мүмкін. Шынында маңызды матч алдында негізгі құрамның ойыншыларын шаршатып алу ақымақтық болар еді. Оның үстіне «Астананың» бас бапкері Андрей Тихонов айтқандай, клубтың қосалқы құрамында таңдау аз. Ойыншыларды шертіп таңдауға мүмкіндік жоқ. Десе де, әліптің артын бағамыз. Ресейлік бапкер жаңа тактиканы бағамдап көру үшін негізгі құрамды да ойнатуы мүмкін. Сол үшін «КуПС»-пен болатын матчтың қорытындысын күтуден басқа амалымыз жоқ.

Топтық кезеңнен сәтті шықсақ, «D» тобындағы командалармен кездесеміз. Бұл топта «Каспий», «Тұран», «Жетісу», «Қайрат» командалары бар. «D» тобында да жағдай – осы. «Қайрат» негізгі құрамын Еуропа лигасындағы матчтарға сақтап қалып отыр. Тиісінше, ол өз тобында соңғы орында тұр. Ал қалған үш клубтан келетін қауіп қатты емес.

Кубоктық ойындар аяқталған соң, Премьер-лига ойындары басталады. Дәл қазір қызылордалық клуб 15 ұпаймен 13-орында тұр. Чемпионаттағы жағдайын түземесе, «қасқырларда» Бірінші лигаға түсіп қалу қаупі бар. Алайда ойыншылар соңғы матчтарда көрсеткен жүйелі ойынын қайталай білсе, турнирлік кестедегі жағдайын жақсарта алады деп сенеміз. «Қайсар» командасының қазіргі ел футболындағы жағдайы – осы. Маусым басында жеңілістен көз ашпай, жанкүйерлерін ренжіткен қызылордалық клуб маусым соңына қарай аяқ алысын түзеп келеді. Алда тек маңызды матчтар күтіп тұр. Мұндай сындарлы кезеңде сүрінуге болмайды. Оның үстіне «Қайсар» Қазақстан кубогының соңғы жеңімпазы екенін ұмытпау қажет. Премьер-лигадағы орнын сақтап қалып, Қазақстан кубогы арқылы Сыр өңіріне еурокубок ойындарын сыйласа, жергілікті жанкүйерлердің арманы орындалар еді…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: