Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ордабасы» сатылады, құны – 224 миллион теңге

20.05.2026, 10:50 31

HALYQLINE.KZ

2023 жылы Қазақстан чемпионы атанған «Ордабасы» футбол клубы аукцион арқылы сатылымға шығарылды, деп жазады penalty.kz.

АУКЦИОНҒА  ШЫҒАРЫЛДЫ

Sauda сауда алаңындағы мәліметке сәйкес, «Ордабасы» футбол клубының толық акция пакеті саудаға қойылған. Аукцион шарты бойынша клубты жалғыз қатысушыға да сатуға мүмкіндік бар. Сауда бағаны көтеру әдісімен өтеді.

Клубты сатып алуға ниеттілерден өтінімдер 28 мамырға дейін қабылданады. Дәл осы күні аукцион ұйымдастырылады. Қатысушылар кепілдік жарна ретінде 33,6 миллион теңге төлеуі тиіс.

САТУШЫ  –  ШЫМКЕНТ  ҚАЛАСЫНЫҢ  ҚАРЖЫ  БАСҚАРМАСЫ

«Ордабасы» акцияларының 100 пайызын сатушы тарап ретінде Шымкент қаласының қаржы басқармасы көрсетілген. Аукцион талаптарына сәйкес, жаңа иегер клубтың негізгі қызмет бағытын сақтауға міндетті. Яғни «Ордабасы» әрі қарай да спорттық команда ретінде жұмысын жалғастыруы керек.

Сонымен қатар сатып алушы алдағы 10 жыл ішінде клуб қызметкерлерінің кемінде үштен екі бөлігін сақтап қалуы тиіс.

ЖАҢА  ҚОЖАЙЫНҒА  ҚАНДАЙ  ТАЛАПТАР  ҚОЙЫЛАДЫ?

Клубты сатып алған инвесторға бірнеше міндет жүктеледі. Атап айтқанда, шетелдік футболшылар мен мамандарды өз қаражаты есебінен тартуы керек. Сондай-ақ жаңа меншік иесіне клуб акцияларын кепілге қоюға тыйым салынады. Егер болашақ иесі команданың атауын немесе логотипін өзгерткісі келсе, бұл мәселені жергілікті билікпен келісуі қажет.

Бұдан бөлек, клуб Шымкент қаласының атынан Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстарға қатысуын жалғастыруы тиіс. Жаңа иегердің міндетіне балалар және әйелдер футболын дамыту да кіреді.

Алихан  КУБЕЕВ

Фото: vesti.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: