Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың ақшасы ресейлік дарынсыз функционердің қалтасында кетпеуі керек

25.08.2023, 12:00 213

HALYQLINE.KZ

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловқа Үндеу!

Құрметті Әділет Назарбайұлы!

Футболдан ұлттық құрамамыздың жетістігіне қуаныштымыз! Халықаралық аренадағы жарқыраған жеңістер еліміздегі барша футбол сүйер қауымға үміт ұялатты. Біз сізге және сіздің командаңызға біздің ұлттық құраманы жеңіске жетелеген дұрыс кадрлық шешімдеріңіз үшін алғыс айтамыз!

Дегенмен отандық спорттағы ресейлік функционерлерге қатысты соңғы келеңсіздіктер бізді қынжылтуда. Футбол жанашырлары мен футболшылардың өздері де Ресейден футбол функционерлерінің келуіне қарсы! Бұл туралы бірнеше рет жазғанбыз, өкінішке орай, сізден жауап ала алмадық. Бұл жолы футбол жанкүйерлері атынан өтінішімізді назардан тыс қалдырмай, қажетті шара қолданасыз деп сенеміз.

Азаматтық қоғамның назарын Рохус Шох есімді футбол функционеріне аударғым келеді. Отандық футболда мұндай тұлғаның болуы бізді ашуландырады. Бізге белгілі болғандай, оның аты өзінің Ресейінде де жақсы аталмайды. «Ростов», «Ротор» және «Урал» футбол клубтарының басшылығында жүрген Рохус Шохтың есімі бірқатар жемқорлық дауларында аталды. Бұл адам 90-жылдары еурокубоктарда ойнаған «Ротор» футбол клубының «қабірін қазушы» ретінде кең танымал. Рохус Шохтың «қызметінің» арқасында «Ротор» әуесқойлар лигасына түсіп, банкроттықтың аз-ақ алдында қалды. 2015 жылы қоғамның қысымымен клуб басшысы қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Қазақстанда Рохус Шох ПФЛК президенті қызметін атқарды. Осы қызметте жүргенде ол Қазақ футболына жаңа ресейлік букмекерлік кеңсені кіргізбекші болды. Сөйтіп Премьер-лиганың 14 клубын «қораға» кіргізе жаздады. Осы себепті ол ПФЛК басшылығынан босатылды, бірақ соған қарамастан Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті лауазымы берілді.

Позициясынан айырылғанына қарамастан, Рохус біздің футболдағы ықпалын сақтап қалды және қазір олигарх Тимур Турловтың ақшасына Freedom QJ League жобасын ашты. Жоба жақсы PR-ға ие. Бірақ, бұл футбол орталықтарының жасөспірімдер арасындағы чемпионатының көшірмесі секілді жалған жоба екені белгілі болды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Рохус Шохты Қазақстан футбол федерациясындағы барлық лауазымынан айыруды және оның ПФЛК президенті болған кездегі қаржылық тазалығын тексеруді талап етеміз. Күмәнді істерде аты шыққан ресейлік функционерлердің бізге не қажеті бар? Әсіресе Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған санкциялар салынып жатқан кезде.

Салық төлеушілер мен Қазақстан азаматтарының ақшасы ресейлік функционерлердің қалтасына кеткенін қаламаймыз. Біз Қазақстанның жанашыр жанкүйерлері, патриоттары ретінде еліміздің футболдағы жеңістері Ресейден келген біліксіз функционерлердің кесірінен үзілмесін деп тілейміз.

Құрметпен, Қазақстан футболының патриоттары атынан Оңғар Қабден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: