Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Футбол маусымы күтпеген жайттармен басталды

16.03.2021, 12:45 572

HALYQLINE.KZ Өткен аптаның демалыс күндері футболдан Қазақстан Премьер-лигасы басталды. Жанкүйерлерді асыға күттірген аладоп додасы басталысымен-ақ, тартысты кездесулер мен күтпеген жайттарға толы болды. Еліміздің үздік 14 командасы бақ сынайтын сайыста Сыр өңірінің намысын қорғайтын «Қайсар» командасы да алғашқы кездесуін өткізіп, жаңа ойыншыларын алаңда сынап көрді.

Жексенбінің кешінде Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионда өткен кездесуде жергілікті «Қайсар» жамбылдық «Тараз» командасын қабылдады. Ойынға шолу кезінде еліміздегі спорт мамандары мен сарапшылар «дала қасқырларын» фаворитке балап, қызылордалықтардың жеңісін болжаған. Бюджеттен де, инфрақұрылымнан да «Қайсар» футбол клубының деңгейі қарсыластарынан біршама жоғары екені ешкімге жасырын емес. Оның үстіне «Тараз» футбол клубы негізгі құрамға бір ғана легионерді қосып, қаракөз қазақтарға сенім артқан. Ал «қасқырлар» болса, оқу-жаттығу кезінде бапкерлердің сынағынан өткен бірнеше шетелдік ойыншыны негізгі құрамға қосып, жеңістен үмітті екенін байқатқан. Алайда ойын соңында таблодағы көрсеткіш мүлдем басқаша болды.

Ойын басталған сәттен-ақ қызылордалықтар ойынды өз қолдарына алып, шабуылды үдете бастады. Нәтижесінде, бар болғаны бесінші минутта черногориялық Стефан Денкович қарсыласын қателесуге мәжбүрлеп, қонақтардың қорғаушысы Елдос Ахметов өз қақпасына доп соғып алды. Ойын басынан-ақ есеп ашып үлгерген «қасқырлар» шабуылды тоқтатпады. Қонақтар да қысқа пастармен алаң иелерін састырып, бірнеше қауіпті шабуылдар жасап тұрды. Десе де ойынның 22-минутында алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Мақсат Байжанов есепті еселеп, «Қайсардың» екінші голын соқты. Екі голға да қанағаттанбаған қызылордалықтар шабуылды бір сәтке де баяулатпады. Голға әуестеніп кеткен алаң иелерін қысқа пастармен «адастырған» «Тараз» футболшылары «қасқырлардың» қақпасына жақын жерден айып добын соғу бағына ие болды. Айып добын ширата тепкен әріптесінің мүмкіндігін Таубай Амандосов сәтті пайдаланып, «Тараздың» бірінші голын салды. Кезекті сәтті пастардың арқасында қонақтар тағы да екі гол соғып, бірінші тайм бітпей жатып алдыға шығып үлгерді. Гол авторлары – Абылайхан Жұмабек пен Бауыржан Байтана.

Ойынның екінші бөлігі де тартысты өтті. Алаң иелері шабуылды үдете берді. Алайда қорғанысқа мығым тараздықтар «қасқырлардың» шабуылшыларын тұсап ұстап, алаң иелерінің адымын аштырмады. Осылайша екінші таймда мүлдем гол соғылмай есеп қонақтар пайдасына 2-3 есебімен аяқталды. «Қайсар» футбол клубының маусымашар ойыны күтпеген жерден сәтсіз басталып, турнирлік кестенің аяғына жайғасты. Ал жергілікті футболшыларға сенім артқан «Тараз» футбол клубы көпшіліктің көңілінен шығып, алғашқы үштікке жайғасты.

Бұдан бөлек, ел чемпионатының басқа матчтарында көпшіліктің жағасын ұстатқан оқиғалар көп болды. Мәселен, «Тұран» мен «Астана» арасында өткен матчтағы стадионның сапасы мамандарды таңғалдырды. 39 миллион долларға салынған Түркістанның жаңа стадионы толассыз жауған жауынға шыдас бермей, алаң ортасы шалшыққа айналды. Су үстінде доп қозғалмай, ойыншыларды біраз әбігерге салды. «Астана» футбол клубының бас бапкері Андрей Тихонов «сужаңа» стадионға қатысты пікірін білдіріп, бұл жағдайды масқараға бағалады. Сонымен қатар, елордалық құрамның қорғаушысы Антонио Рукавина да осы жағдайдан соң, өзінің қазақ футболының мүшесі екеніне өкінетінін айтты. Артынша, федерация болған оқиғаны растап, барша жанкүйерлерден кешірім сұрады.

Ал «Атырау» мен «Шахтер» арасындағы ойында мүлдем басқа жағдай болды. Ойынның бас төрешісі Арман Ісмұратов ойында қарағандылықтардың пайдасына түсініксіз шешімдер қабылдағанымен қоймай, ойын аяқталған соң, киім ауыстыратын бөлмеде мұнайшылардың ойыншысына жұдырық жұмсаған. Бұл жағдай бейнебақылауға түсіп қалған. «Тень отца Гурмана» телеграм арнасының мәліметінше, Ісмұратовтың федерациядағы «крышасы» мықты. Тіпті төрелік ететін матчтарды өзі таңдап алатын көрінеді. Не болса да төрешінің бұл қылығы жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Федерация кейіннен төрешінің жазаланатынын ескертіп, оқиғаны зерделеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: