Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бек Нұрмағанбет: «Әлем чемпионатына қатысамын»

27.09.2021, 11:10 661

HALYQLINE.KZ Әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, ересектер арасында Азия чемпионатының жеңімпазы Бек Нұрмағанбет 2020 жылы ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысты. Ол «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, бір жылдың ішінде WBA international чемпиондық титулын жеңіп алды. Қазір кәсіпқой бокста жүрген Б.Нұрмағанбет (5-0, 3 КО) алдағы әлем чемпионатына қатысу үшін Қазақстан құрамасынан шақырту түскенін айтты.

– Бек, сізді Ұлттық құрамаға кім шақырды? Алда Сербияның астанасы Белградта әлем біріншілігіне қай салмақта өнер көрсетесің?

– Қазақстан құрама командасына мені Бокс федерациясының бапкерлік мәселелері жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев арнайы соғып шақырды: «Әлем чемпионатына қатысасың ба? Ұлттық құрамаға кел», – деді. Бірақ «Suleimen Promotions» компаниясында болғаннан кейін әрі келісімшарта болғаннан кейін, өзіміз кесіп ештеңе айта алмаймыз. Компанияның басшысынан сұрап көріңіз, мен өзім ондай мәселені шеше алмаймын деп айтқан едім. Бақтияр ағамыз басшымызбен де сөйлесіп, рұқсат алыпты. Екі жақ та бір-бірімен келісіп, мені құрамаға жіберетін болды. Рұқсат берді. Алла қаласа, 86 кг салмақа шығып, чемпион атансам деймін.

– Әлем чемпионатына сізді кім жаттықтырады? Құраманың жігіттерімен бірге қайда дайындаласыз?

– Мені әлем біріншілігіне «Suleimen Promotions» компаниямыздың бапкері Қанат Орақбаев жаттықтырады. Өйткені өзіміздің жаттықтырушымыз мені дайындауға қойған екен. Құрамада жүргенде бас бапкер мен аға жаттықтырушылар дайындайды. Ал жеке бапкерім Қ.Орақбаев ағамыз болады.

– Бек, жақында Нұр-Сұлтанда кәсіби бокс кешінде қарсыласың Бруно Сандовалды (21-5-1, 14 КО) бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңдің. Құпия болмаса, сонда қанша гонорар алдың?

– 12 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында бесінші жекпе-жегімді өткізіп, жеңіске жеттім. Бірақ ол құпия, айтуымызға болмайды. Келісімшарта солай жазылған.

– Сізге әуесқойда жүрген жақсы ма әлде кәсіпқой қолайлы ма?

– Негізі, әуесқойда қолым жетпей қалған мақсаттарым болғандықтан, армандайтынмын – осы жарысқа қатысып, ұтсам екен деп. Жалпы әуесқойға қарағанда кәсіпқой бокста жекелей сында атақты болуға, атыңды шығаруға және материалдық жағдайыңды жақсартып алуға әлдеқайда мүмкіндік көп. Ал Ұлттық құрамада айлық көрсеткіші, гонорар аздау болады. Керісінше, кәсіпқой бокста көп. Сол жағынан әуесқой бокстың жекелей сынында боксшыны атақты етіп, жағдайын дұрыстауға пайдасы өте зор. Әлем чемпионатына не үшін қатысамын?! Әуесқойда жетпей қалған армандарым бар дедім ғой, сол мақсатпен әлем чемпионатына бармақпын. Шынын айтқанда, қазір маған кәсіпқой бокстың пайдасы көбірек тиюде.

Әңгімелескен Айбек МҰХАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: