Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Анна Данилина теннистен алғаш рет чемпион атанды

10.09.2023, 12:26 139

HALYQLINE.KZ

Қазақстандық Анна Данилина микстен алғаш рет US Open турнирінің чемпионы атанды.

Анна Данилина теннистің аралас жұптық сын финалында финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге жарыстың бірінші ракеткасы, америкалықтар Джессика Пегула – Остин Крайчек жұбымен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық-финляндиялық жұп сол басымдықты сақтап қалды – 6:3. Олар екінші сетті де брейкпен бастағанымен, америкалықтар таразы басын теңестірді. Есеп – 2:2. Мұнан соң Анна мен Харри тағы бір брейк жасап, ойынды жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында олар 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Осылайша, Анна Данилина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет микстен турнир жеңімпазы атанды.

Марапаттау рәсімінде Анна Данилина қарсыластарын жақсы ойынмен құттықтап, серіктесіне ризашылығын білдіріп, жанкүйерлерге, турнирді ұйымдастырушыларға және өз командасына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Мен бүгін осында тұрған Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа және бүкіл федерацияға Қазақстандағы теннисті қолдағаны және дамытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл керемет мүмкіндік және мен тарихта бірінші рет осы атаққа ие болғанымызға қуаныштымын!,- деді ол.

Болат Өтемұратов Анна Данилина еліміздің жұптағы ең үздік ойыншы екенін атады.

– Бұл Аннаның «Үлкен Дулыға» турниріндегі алғашқы жеңісі және қазақстандық теннистің кезекті жетістігі! Ол өткен жылы Australian Open финалында ойнап, өкінішке орай қарсыласынан жеңіліп қалған еді. Ал бүгінгі жарыста тәжірибесі, табандылығы мен ойындағы жоғары деңгейі оған финдік теннисші Харри Хелиеваарамен бірге миксте үздік болуға мүмкіндік берді. Аннаның шеберлігі артып келе жатқанын көруге болады. Оның әлі де көптеген жеңіс шыңын бағындыратынына сенемін!, – деді Болат Өтемұратов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: