Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімдік қас қақпаса, клубқа қанат бітпейді

01.07.2021, 12:00 504

Ел чемпионатында есеңгіреген жанкүйерлер ернінің емеурінін табу қазір «қасқырлар» үшін өте маңызды. Расымен, жанкүйерлердің клубқа қояр сұрағы көп. Ағымдағы маусымда турнирлік кестенің соңында жүр. Оған қоса клуб айналасында түрлі өсек-аяң қаптап кетті. Маусым басында команда «Премьер-лиганың бел ортасынан түспейміз» деп ант-су ішіп, Қазақстан кубогін жеңіп алуды мақсат еткені көпке аян. Десе де, чемпионаттың бірінші айналымында команданың қауқары қайтып, соңғы орыннан арыға аса алмады. Бірінші айналым қорытындысы бойынша жерлестеріміз 1 ғана жеңіске жетіп, 9 мәрте жеңілген еді. Премьер-лига уыстан шығып бара жатты. Нәтижесінде елдің элиталық дивизионындағы орнын сақтап қалу үшін «Қайсар» екінші айналым басында бірнеше кадрлық өзгерістер жасады. Одан бөлек, жергілікті клубтың жанкүйерлерге айтары көп. Осы тұрғыда, көпті мазалаған сұрақтарға жауап іздеп, клуб базасына арнайы барып, команда дайындығын бағамдап  қайттық.

ҚАЙРАУ  ЖЕТКЕН  «ҚАСҚЫРЛАР»

Жергілікті командамен танысуды клуб базасынан бастадық. Қала орталығында қызыл түске оранған клуб базасын көрген боларсыздар. Ғимарат өңірдің басты футбол клубының базасы екенін еске түсіріп, алыстан менмұндалап тұрады. Түнгі уақыттағы жанып-өшкен жарықтар көздің жауын алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғимараттың айна­ласы қарапайым қоршаудан ғана тұрған еді. Оны әсемдеп, қоршауға жан кіргізу клуб директоры Серік Досманбетовтың бастамасымен  болған  көрінеді.

– 2010 жылы Түркияға барған кезде атақты стадион «Вадафон Парк» аренасын көргіміз келді. Аренаның қасына келсек, жергілікті клубтың аты үлкен әріппен әдемі жазылып тұрғанын көрдім. Ол кезде футболшы едік, біздің ашық-шашық болып жатқан базаның айналасына қарап «неге әдемілеп сәндемеске?» деп ойлайтынмын. Одан бө­лек, Англияға барған кезде жергілікті стадиондардан гриффиндор мүсінін көріп, «бізге неге қасқырды қоймасқа?» деген ой келді. Осылайша, ырымдап көңілімізден шыққан дүниелерді  қайталап жүрдік. Клуб базасына Қырымбек Елеуұлы келген кезде ғимарат алдын­да тұрған қос қасқырдың  мүсінін  көріп, «Екі жақта екі  арлан тұр екен. Олай болса осы арландар клубымыздың бойтұмарына айналсын. Футболшылар матч алдында осы жерден өткен сайын сәттілікке балап, мұрнын сипалап өтсін» деді. Содан бері сол ойыншылардың дәстүріне айналды, – деді «Қайсар» клубының  директоры  Серік  Құттыбайұлы.

Иә, расымен ғимарат ішіне кірген кездегі тігілген төрт ту мен қос қасқырдың мүсіні футбол аурасына еріксіз бөлейді. Төрт ту демекші, оны да ырымдап, Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА-ның ресми штаб-кеңесінен қарап қойған. Ондағы ой – клуб Еуропа лигасында доп тепсін дегені. Өткен жылы бұл армандары орындалып, клуб тарихын­да алғашқы рет Еуропа лигасын­да  өнер  көрсеткені есімізде.

Клуб базасында орналасқан бас­ты ғимарат ішіне көз салсаң, қабыр­ғаны бойлаған стадиондағы жан­күйерлер суретін көресің. Қайбір жылы әкімдік тарапынан салып береміз деп уәде еткен стадионның ішкі көрінісі болады деген оймен салынған. Бірақ, әзірге бұл бос уәде ретінде қалған сияқты. Бұл туралы кейінірек. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында қызметкерлердің жұмыс кабинеттері орналасса, екінші қабатта – ойыншылардың жатын бөлмелері. Матч болатын күні құрамдағы барлық ойыншы базада түнеп шығуы міндетті. Себе­бі, клуб оқыс оқиғаны кешірмейді. Олардың  жайлы  өмір сүруіне барлық  жағдай  жасалған. Асхана да база  ішінде  орна­ласқан.

Ғимараттың ортасында клуб тарихында жеңіп алған кубоктар қойылған. Сондай-ақ, әр жылда еңбек еткен бапкерлердің суреті жапсырыл­ған. Одан бөлек, жаттығу орындары мен теориялық сабақтар өтетін бөлме бар. Бір қызығы, клубтың жаңа бапкері Владимир Никитенко – еліміздегі теориялық сабақтарға аса қатты мән беретін жалғыз бапкер. Мәселен, бұ­рынғы бапкер Сұлтан Әбілдаев бұл сабақ­тарды аптасына бір рет өткізсе, Никитенко күнде  өткізіп  отыр.

НИКИТЕНКО  НЕ  ДЕЙДІ?

Қазіргі таңда ойыншылар күніне бір мезгіл жаттығу өткізіп жүр. Себебі, чемпионаттағы матч арасы алыс. Маусымның бел ортасында команда бас бапкерін ауыстыруға мәжбүр болғанын білесіздер. Өткен жылы бас бапкерлікке келген Сұлтан Әбілдаев қойылған тапсырманы орындай алмады деуге де болады. Сол себепті бұл орынға тәжірибелі Владимир Никитенконы шақырды. Футбол мамандарының аузында «кризистік бапкер» атанған маман бірнеше мәрте ел чемпионатын да жеңіп үлгерген. Өзінің қаталдығы мен һәм талапшылдығымен танымал. Осыған дейін де «қасқырларды» екі рет баптаған. Қиын-қыстау кезең­ді бастан өткеріп жатқан командаларды  демеп жіберетін бапкерлердің  бірі.

– Қазіргі таңда командамен танысып жатырмын. Ойыншылардың бабын жеке-дара көрсетіп айта алмай­мын. Қай позицияға жаңадан ойын­шылар керек екені де уақыт өте белгілі болады. Ал қазір қолда бар ойын­шылармен жұмыс істеудеміз. Ал кубокке келетін болсақ, біздің бас­ты мақсатымыз – премьер-лигада­ғы орнымызды сақтап қалу. Егер де турнирлік кестедегі жағдайымызды жақсартып алсақ, кубок жайын да ойланатын боламыз. Десе де, келісімге келер кезде клуб басшылығы кубокті жеңіп алуға мүдделі екенін айтты. Қазіргі таңда клубқа трансферлік бан қойылған. Егер де осы мәселе шешілсе және қосымша қаржыландыру болса, жаңа ойыншылармен толығар едік. Сол кезде жетістіктерге деген сенім одан әрі ұлғаяды. Не де болса, ойын сапа­сын  жақсарту үшін тыңғылықты жұмыс істейтін боламыз, – деді бас бапкер  Владимир  Никитенко.

Жалпы, жаттығу барысындағы ұжымдық атмосфера өте жақсы. Футболшылар бір-бірімен жақсы түсінісіп, жаттығуда барын салып жүр. Ең бас­тысы, өзіміздің жергілікті түлектерге мүмкіндік берілуде. Ол мүмкіндіктерді қаракөздеріміз сәтті пайда­лануда.

– Иә, Сұлтан Әбілдаев баптаған уақытта алаңға жиі шығып жүрдім. Қазір бапкер ауысты. Тактикалық тұрғыдан да өзгерістер болатыны түсінікті. Теориялық әдістер көп болуда. Әр бапкердің ұстанымы әртүрлі болады. Десе де, тынбай жаттығып, Владимир Никитенкоға жақсы қырымнан көрінуге тырысамын. Алдағы уақытта ұлттық құрамаға барып, жергілікті клубтың атағын асқақ­татуға барымды саламын. Думан Нәрзілдаев, Мақсат Байжанов ағаларымызбен бір алаңда жаттығып жүргеніме қуанамын. Олардан үйренеріміз көп. Маған жалақы көлемі маңызды емес, тек алаңға жиі шығуға мүмкіндік туса болғаны, – деді клубтың жас ойын­шысы  Бекзат  Құрманбекұлы.

«ҚАЙСАР»,  ҚАЙДА  БАРАСЫҢ?

Ел чемпионатындағы командалар құйрық тістесіп, бірінің соңынан бірі қалмай келеді. Көш соңында келе жатқан төрт команданың да мақсаты – Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу. Оның үстіне жақын арада Қазақстан кубогі басталады. Осы орайда, жергілікті клуб ең алды­мен чемпионаттағы жағдайын түзеуге тырысады. Алдымызда әлі 8 тур бар. Жаңа бапкермен «Қайсар» ортаңқол командалардың барлығын жеңуге мүмкіндігі бар. Оның үстіне 12-орында тұрған «Тұран» командасынан  6  ұпай  ғана  қалып  келеді.

Ал Қазақстан кубогіне келетін болсақ, жеребе бойынша команда «С» тобына түсті. Шыны керек, «қасқырларға» жеребе жолдас болмады деп айтуға толық негіз бар. Себебі, бұл топта «Астана», «Ақ­төбе» және «Ақжайық» командалары бар. Келесі кезеңге тек екі команда өтеді. Бұл топтың фавориті – сөзсіз «Астана» командасы. Десе де, ел­ордалықтар келесі айдың аяғынан бастап УЕФА Конференция Лигасындағы жорығын бастайды. Тихонов шәкірттері еуро аренада жоғарғы жетістіктерге жетуге мүдделі. Сол себепті, Қазақстан кубогін ысырып, аса қатты мән бермеуі мүмкін. Тіпті, негізгі ойыншыларын алаңға шығармай, жастарға мүмкіндік беруі ғажап емес. Шыны керек, кубокті жеңіп алу елордалықтардың жоспарына кірмейді. Десе де, азулы құрамадан барлығын күтуге болады. Бұл команда екінші құрамымен де фаворит болып табылады. Ал қалған екі команданы жеңуге болады. Бірақ, бұл бап пен  бақтың  еншісінде  болмақ.

Өздеріңіз байқағандай, қазақ футболының қазаны енді ғана қайнады. Алда көптеген қызықты матчтар күтіп тұр. Мұндай кездесу­лердің кезінде алаңдағы көшбасшы футболшыларға артар сенім мол. Соңғы уақытта құрамдағы дәл осы лидерлік позиция көп сынға ұшырап жүр. Коман­да капитаны һәм көшбас­шысы – сөзсіз Думан Нәр­зілдаев. Дегенмен, Думанның  қызу­қанды  мінезі кей кезде командаға кері әсерін тигізетінін байқап жүрміз. Бірақ, «қасқырлар» сапында көлеңкелі көшбасшылар да кездеседі. Құрамға кеше ғана қосылған футболшыға көшбасшы деп баға беру әбестік болмас. Себебі, әзірге жанкүйерлердің  көңілінен шығып  жүрген  бірден-бір футболшы болып тұр. Маусым басында ресейлік «СКА-Хабаровск» командасынан келген Арман Кеңесовты бапкерлер әр позицияда пайда­ланып жүр. Естеріңізде болса, осы ойыншы туралы газетіміздің бұрынғы сандарында «Кеңесовтың кереметі» тақырыпшасымен мақала жарияланған еді. Одан кейін де Арман өзінің жеке жанкүйерлерінің қатарын толтырып үлгерді. Сол үшін жанкүйерлердің көзайымына айналған ойыншымен де әңгімелесуді жөн  көрдік.

– Командамен үйренісу қатты қиынға соқпады. Бірден тіл табысып кеттік. Әдепкіде Қызылорданың ыстығына  төзу  қиын болатын. Әсіресе, бұрын «Қайсарға» қарсы ойнап жүргенде бұл ыстыққа мүлдем шыдай  алмайтынмын. Ал қазір үйреніп кеттім. Сондықтан бәрі жақсы десем де болады. Қазір мені бапкер қорғанысқа қойып жүр. Негізгі позициям – жартылай қорғаушы. Яғни, алаңның ортасында жүруім  керек. Десе де, қазір қорғанысқа үйреніп қалдым. Алаңның қай жерінде болса да ойнауға дайын­мын. Бірақ, дәл осы қорғанысты ойнасам, командаға көп пайдамды тигізе алатын сияқтымын. Бізді алда маңызды матчтар күтіп тұр. Жанкүйерлерді қуанту үшін барымызды саламыз, – деді футболшы Арман  Кеңесов.

АЛПАУЫТ  АРЕНА  КЕРЕК-АҚ…

Жоғарыда айтқандай, Қырымбек Көшербаев уақытында қаланың сол жағалауынан  жаңа стадион мен футбол манежін салып беруді жоспарға енгізген еді. Содан бері көңілі күпті болған клуб әкімдіктен жақсы жаңалық күтіп жүр. Қазіргі таңда Орталық стадионның жағдайы жаман емес. Көрермендерге кедергі трубаларды  санамағанда  алаң ҚПЛ ойындарын өткізуге жарайды. Десе де, алдына үлкен белестерді бағындыруға талпынған клубқа жоғарғы деңгейдегі ареналар керек-ақ. Одан бөлек, қысқы уақытта футболшыларға дайын­далатын орын жетпей қалады. Клуб базасында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер мектептің спорт залдарын жағалап кетуден басқа амалдары жоқ. Ал футбол манежі салынса, мұндай олқылық болмас еді.

Десе де, жоспарға еніп, бекітіліп қойған алаңның қашан салынатыны әлі белгісіз. Шыны керек, жаңа стадион салынса, жанкүйерлерге де қолайлы болушы еді. Қазіргі стадион «дала қасқырларын» дүрбімен күзеткен жанкүйерлердің көзін көк темірмен бүркеп қойғандай кейіп таныт­ады. «Қайсар» футбол клубының базасын аралап, клуб ішіндегі ұжымдық атмосфера жақсы екеніне көз жеткіздік. Кеткен олқылықтың орнын  толтырып, жанкүйерлер се­ні­мін  қайтарып алуға әлі уақыт жетеді. Не де болса, жеңісті күнде жолы­ғайық…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: