Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім «Қайсарды» «қанатының» астына алады

09.11.2022, 12:00 237

Сыр елінің бас клубы саналатын «Қайсардың» биыл бірінші лигада бақ сынағаны белгілі. Яғни, өткен жыл «қасқырлар» үшін өкінішті болып, премьер-лигадан түсіп қалған-ды. Әлеуеті бар ұжымның бұған дейін екі мәрте ҚР кубогының жеңімпазы саналғанын футбол жанкүйерлері жақсы біледі. Иә, қызылордалық ұжым небір қиындықтарға тап болды. Десе де, спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Команданың биылғы белесі жаман емес. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Достық» үйінде өткен салтанатты жиында «Қайсар» футбол клубының биылғы маусымдағы күміс жүлдесі мен жоғарғы лигаға жеңіп алған жолдамасымен құттықтап, ыстық ілтипатын білдірді.

Іс-шарада аяқдопшылардың алаңдағы гол соғып қуанған ерекше сәттеріне арналған бейнешолу ұсынылып, жанкүйерлерге керемет көңіл күй мен жарқын жеңістер сыйлаған «Қайсар» футбол клубының ойыншыларына қошемет көрсетілді. Команда жейдесін киген жастар би билеп, допты ұршықша иіріп, көпшілікті таң-тамаша етті.

Клуб құрамын айтулы жетістіктерімен құттықтай келген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев кәсіби футболшыларға қарап, бой түзеген жастардың саны артқанын алға тартып, келер жылы уәде еткен қалада жаңа стадионның құрылысы басталатынын жеткізді.

– Биыл облыстың бас командасы «Қайсар» футбол клубы маусым басында алға қойған міндеттерін орындап, премьер-лигаға жолдама алды. Осы мақсатта аянбай тер төккен футболшылар мен бапкерлерге алғысымды айтамын.

Әрине, жоғары жетістік оңай келмейтіні анық. Мұндай мерейлі мүдде жолында Сыр мақтанышы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың мол тәжірибесі мен жаттықтырушылардың біліктілігін бағалауымыз тиіс.

Мен өткенде «Қайсар»«Жетісу» кездесуінен кейін жанкүйерлерге «Қайсар» командасының заманауи стадионын салуға уәде берген болатынмын. Ресейдің Краснодар қаласында былтырғы жылы 12 миллион долларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынған екен. Келесі жылы, біз де демеушілер көмегімен сондай еңселі жаңа стадион салуға ниеттіміз.

Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынтасын білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы биылғы маусымда «қасқырлар» сапында ерекше көзге түскен, команданың сұрмергені Мамаду Диалланың да ойын өрнегіне ризашылығын білдіріп, жетістіктеріне арнайы тоқталды.

Іс-шарада клубтың жеңісіне тілектес болып, тарихи сәттеріне куә болған фанаттарына арнайы «Құрметті жанкүйер» бейджі табысталып, «Қайсар» футбол клубының ұжымы марапатталды. Сондай-ақ, клуб ұжымы да «Қайсардың» №1 жанкүйері, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа команданың жейдесін табыстады. Аймақ басшысы өз сөзінде облыс кәсіпкерлері «Қайсарды» қолдайтынын, сенім білдіретінін айтты.

Айта кетейік, аймақ басшысы бұған дейін «Қайсардың» өз алаңындағы соңғы ойынына арнайы барып, Сыр мақтанышы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың мансабын аяқтау рәсімінде спортшыға арнайы алғысын білдіріп, су жаңа көлік кілтін табыстаған болатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: